Авторы: Ксения Рогожникова 

Қазақ тіліне аударған: Бердібай Ақбала 

Қанқыз

-Қара!- Залина жұдырығын созып, саусақтарын ашып көрсетті. Алақанынындағы  қанқыздар  жан-жаққа бытырай жөнелді. Құрбым алақанын қайтадан жұмып алды. 

-Қандай көп! Бұларды қайдан таптың?- деп, таңқалдым.

-Жүр, көрсетейін.

Залинаның апарған алаңы құрғақ күзгі жапырақтарға толы. Біраздан соң менің алақанымда да қызыл, қара дақтары бар қанқыздар жылжи бастады.

 Дала салқын және жәндіктер қысқы ұйқыға дайындалып жатыр. Біз оларды тастардың астынан, күзгі шөптің арасынан тауып алатынбыз. Қолымызға алсақ, тез жылынып, терімізді қытықтап қозғалатын. 

Бір кезде Залинаны анасы дауыстап шақырды.

—Анашым, қазір! Алдымен қанқыздарды ұйықтатайық! — деді. 

Біз жәндіктерді тауып алған орындарына қайта қоя бастадық. Бірін тас астына, бірін қураған шөп түбіне, енді бірін ағаш діңіне өрмелетіп жібердік. Күздің суық ауасында олар ақырын қимылдап, тыныш жер тапқан соң қимылсыз қалды.

Қыс та келді. Бір күні Залина екеуіміз сыртта кездесіп қалдық.

— Қарашы! — деді де, қар басқан үлкен тастың бетін сілкіп қарын түсірді де, оны жайлап көтерді. Мұздай жердің үстінде қызыл екі қанқыз көрінді.

— Орнын жаттап алғанмын! Қазір оларды жылытамын, — деп, қолғабын шешті.

— Тұра тұр! Олар оянып кетсе, қайта мұздап қалмай ма?

Залина дір ете қалды.

— Иә, дұрыс айтасың. Ұйықтай берсін. Көктем келгенде оятамыз! — деп,  тасты орнына қайта қойды.

— Жүр, одан да шанамен сырғанайық!

Екеуіміз зырылдап сырғанап бара жатқанда, мен қанқыздар жайлы ойлап үлгердім: «Көктемде ояна ма екен? Тоңып қалмай ма?» Бірақ ішімнен олардың міндетті түрде оянатынын сездім.

Шанамыз ой-шұқырға соғылған сайын мәз болып күлдік, ал мен алда отырған құрбымды құшақтай бердім.

 Ұлулар

Бұл оқиға менің жаңа үй жануарым пайда болған кезде басталды. Маған екі ұлу сатып алып берді. Үлкенін – Клык, кішісін – Драко деп атадым. Негізі, мен ит сұраған едім, сол үшін де олардың атын иттің атына ұқсатып қойдым. Бірақ анам күшік алуға келіспеді.

Бұл ұлулар бұрын Оңтүстік Африканың жунглиінде өмір сүрген екен. Олардың үйі ылғал болуы үшін жарты сағат сайын қабырғаларына су бүркіп тұрдым. Тамаққа қияр бердім, кейде жұмыртқа қабығын қостым.

Бір күні анам олардың қабық жеп отырғанын көріп:

— Ойбай, бұлар адамды да тірідей жеп қояды ғой! — деп таңғалды.

Ұлулар туған жерін сағынбасын деп, біз оларға Африкадан әкелінген арнайы топырақ пен мүк сатып алдық. Мен тіпті олар өздерін үйінде жүргендей сезінсін деп, журналдан жунгли бейнеленген суретті қиып алып, террариумның артына жабыстыратынмын.

Бір күні мектептен келсем, анам кереуетте көзі жұмулы күйде жатыр. Ал  Клык пен Драко оның бетінде жорғалап жүр!

«Олар оны жеп қойғысы келген шығар! Бірақ неге бұлай болды? Мен оларға қияр беріп жүрмін ғой. Ал үйшіктерінен қалай шығып кеткен?» — деп түсінбей қалдым. 

Бірден жүгіріп барып, ұлуларды анамның бетінен алып тастадым.

— Сафия, не істеп жатырсың? — деп анам көзін сығырайта ашты.

— Ауырмады ма? Олар сені жеп қоймады ма?

— Жоқ! — деп күліп жіберді анам. — Сенің ұлуларың майжақпаның орнына жүр.

Сөйтсем, ұлудың теріге пайдалы шырышы бар екен. Енді көп ұзамай анамның құрбылары косметология сеансын алу үшін бізге келе бастайтын шығар. Бірақ мен ешқашан бетіме ұлу қоймаймын! Жо-о-о-о-қ, олар аузыма кіріп кетсе ше?

Атжалман

Ұлулар – өте жақсы жануар, тіпті пайдасы да бар екен. Бірақ екі ай өткен соң, мен анамнан тағы да ит сұрай бастадым. Сөйтіп, ата-анам маған атжалман сатып алып берді. Мен оны Рекс деп атадым.

Рекс мамықтай жұмсақ, жүні ашық түсті, қысқа аяғында кішкентай тырнақтары  бар, қара жылтыр көзді және кішкентай қимылдағыш қызғылт тұмсықты сүйкімді атжалман еді. Оны қолыма алып, сипағанды жақсы көретінмін. Ата-анам да оны қолына ұстап тұрып:

– Нағыз күйзеліске ем болатын жануар ғой! – деп тамсанатын.

Рекс үшін біз кең үйшік сатып алдық, түбіне үгінді төсеп қойдық. Бірақ оның ең сүйікті ермегі – дөңгелекте жүгіру еді. Әкем интернеттен түнде атжалман алты шақырымға дейін жүгіре алатынын оқыды. Бұл менің мектебіме дейінгі қашықтықтан да көп!

Атжалман қатты жүгіре бастағанда, дөңгелек біркелкі тарсылдайтын. Сол себепті түнде ол бізді оятпасын деп, торын балконға шығарып қоятынмын.

Тордың жанына атжалманға жеуге болатын және болмайтын азықтардың тізімін жазып, қағаз іліп қойдым.

– Ой, мынау нағыз ашқарақ қой! – деді досым Залина тізімді оқып жатып.

– Ендеше, нағыз тойымсыздың көкесін көретейік! – дедім.

Біз Рекске күнбағыс дәнін, алма, сәбіз, мейіз бен жержаңғақ бердік. Ол бәрін аузына тығып, бұрышқа барып жасыра бастады.

– Мынау іші толған дорба сияқты ғой! – деп Залина күлді.

– Тезірек қара, қазір керісінше болады! – дедім.

Рекс бар қорегін жеп болғанда, оның бетіндегі томпиған қалташалары жоғалып, қарны дөңгеленіп шыға келді.

Бір күні мен екі күнге әжеме қонаққа кеттім де, Рекске тамақ беруді ұмытып кетіппін. Оның үстіне, әдеттегідей балконға шығарып қойған едім.

Үйге оралғанда, Рекстің тордың бұрышында қимылсыз жатқанын көрдім. Қолыма алып, кеудеме қыстым:

– Анашым! Рекс өліп қалған сияқты! Неге оны тамақтандырмадыңдар?

Анам оның орнына қарады.

– Қане, қане! – деді де, Рексті қолына алды. – Сафия, біздің үйде атжалманды кім қоректендіріп, бағып жүреді?

Мен жылап жібердім.

– Оның жейтін  тамағы болмаған, оның үстіне балкон түнде суық қой…

Кенет, маған Рекс кішкентай аяғын қимылдатқандай көрінді.

– Анашым, қарашы, ол тірі ғой!

–  Әрине, тірі! Ол қысқы ұйқыға кеткен. Өзің айтшы, аюлар қыста не істейді?

– Үңгірде ұйықтайды.

– Дұрыс. Біздің атжалман да қыстың келгенін түсініп, ұйқыға кеткен.

– Бірақ Рекс аю емес қой!

– Дәл солай. Бірақ атжалмандар да суықта және тамақ болмаған кезде сілейіп, қозғалыссыз жата береді.

Осы кезде Рекс аударылып, бауырымен жатты.

– Енді, оған тезірек жылу мен тамақ беру керек! – деп анам бұйырды.

Біз торды жылытқыштың қасына қойып, оған тамақты толтырып салып қойдық. Алдымен ол жалқау болып, баяу қимылдап жүрді. Ал бірнеше минуттан кейін құмары қанғанша дәнді аузына тығып жей бастады.

Сол кеште мен оны қолымнан тастамадым. Кейін торын мұқият жуып, дөңгелегі мен тамақ-су құятын ыдыстарын тазаладым. Түнде торды ас үйге қойдық. Рекс дөңгелегінде жүгіріп жүріп, көктем келгеніне сенімді еді!

Авторы: Ксения Рогожникова  «У меня есть звери»

https://daktilmag.kz/58/children/kseniya-rogozhnikova/iz-cikla-rasskazov-u-menya-est-zveri/1081

Орыс  тілінен қазақ тіліне аударған: Бердібай Ақбала,

SDU университеті Гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті

106
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *