Автор: Полина Ким
Қазақ тіліне аударған: Дильназ Төлеген
Менің керемет төменгі жақ сүйегім
Әлемде менің тісімдей жолы болмаған нәрсе жоқ шығар. Бала кезімнен әлсіз, қисық, әрі дұрыс жабылмайтын — төменгі жақ сүйегім жоғарғысын жауып тұратын. Үшінші сыныпта ортодонт тісімді түзету үшін пластина тағамыз деді. «Қорықпа, — деді ол сенімді түрде, — дәл таңдайың сияқты. Бірақ, — аздап ойланып, — пластмассадан жасалған, бұрандалар мен темір сымдары бар», — деп қосты. Ал анама матадан бетперде тігіңіз деп тапсырды.
Пластинаны бірден жек көріп кеттім. Ауызымда жайсыз, ауыр пластмасса — оны түкіріп тастағым келетін. Бірнеше күннен кейін бетперде де дайын болды — анам оны өзі тіккен еді. Дәрігердің айтуынша, ол менің алып, тым қатты дамыған төменгі жақ сүйегімнің өсуін тоқтатуға көмектесетін таңғыш. Ұйықтар алдында анам оны тағып, қатты жіптерін бетіме сәйкес келетіндей дұрыс орналастырып, төбеме байлайтын. Ол мұңайып: «Байғұс балам, нағыз Ганнибал Лектерге ұқсап қалдың!» — дейтін.
Мектепте де оңай болмады. Дикциям өзгеріп кеткендіктен, сыныптастарым күліп, мұғалім сұрағын бірнеше рет қайталап, жауабымды түсінбеген соң, қабағын түйіп, орныма отырғызатын. Бұл менің көңіліме тиетін, себебі барымды салып жауап беруге тырысатынмын, ал мұғалімге түсініксіз бірнәрсе естілетін.
Бірде үздік оқушы Костя приставкамда қандай ойын бар екенін сұрады. Толқып кетіп, тізбектей бастадым: «Чип пен Дейл, Русалочка, Шахмат. Соңғысы саған ұнайды!» Ол көзін қыбырлатпай қарап тұр, басын аздап қисайтып, бірдеңені есіне түсіргендей болды. Сол кезде бәрін түсіндім: ол менің айтқандарымның бір сөзін де түсінбеген!
Дереу саусағымды аузыма тығып, таңдайымдағы «кедергі келтіріп тұрған нәрсені» суырып алдым. Бірақ, Костяның көзімен қарасақ, қолымда біртүрлі жиіркенішті, сілекейң аққан нәрсе, әжемнің тіс протезіне ұқсас, бірақ тісі жоқ зат тұр. Жүрегім көтеріліп, ішімде жиіркеніш сезімі пайда болды. Костя қашып кетті.
«Жақсы болды, ол пластинаның жылы әрі дымқыл болатынын білмеді», — деп ойладым.
Осыдан кейін мен ешкіммен сөйлескім келмеді. Бір күні пластина ауызымды толығымен жауып, мені қорқынышты қуыршаққа айналдырады деп елестеттім. Барби емес, темір бөлшектер мен бұрандалар жабыстырылған қорқынышты қуыршақ. Сол кезде мен түнде сыныптастарымды, мұғалімдерді, тіпті сол ортодонтты да шошытатынымды елестеттім.
Бір жылдан кейін пластинаның көмектеспейтіні белгілі болды. Емді тоқтатты. Төменгі жақ сүйегім одан әрі өсіп, алға қарай шығып кетті. Мен қайтадан сөйлей бастадым және бақытты болдым. Жоғары сыныпқа өткенде, анам мені тағы да дәрігерге апарды. Кабинеттегі дипломда «Радиант Альбертович» деп жазылған. Сәлден соң дәрігердің өзі кірді. Жас, ұзын бойлы, шашы қара, әрі есімі сияқты жанары да жарқырап тұр.
Бірақ оның тісі өте нашар еді — қисық қана емес, менікіндей дұрыс жабылмайтын: төменгі жағы жоғарғысын жауып тұр. Ол жымиып қарады, ал мен алғаш рет қолында стоматология құралы бар адамға жылы қарап, сенім білдірдім.
Көп ұзамай, мен сол кезде жаңадан келіп жатқан брекет тағуға кірістім. Аузым тағы да сыздап, ауыра бастады. Бірақ бұл жолы дикциям бұзылмағанына және Радиант Альбертовичті көруге мүмкіндігім барына қуандым.
Бір күні дәлізде отырған сұлу әйелді көрдім. Ол нәзік, сүйкімді, ерекше бір тартымды жан еді. Бәрі оған қарап отырды. Мен де. Ол кішкентай баласымен әңгімелесіп, күліп отыр. Кейде маған қарап қойып, жымияды. Керемет ақ, түзу тістері жарқ етеді…
Ал мен күлімсіреп, брекет темірін көрсетпеу үшін аузымды дереу жаптым. «Құдай-ау, ол мұнда, ортодонт кабинетінің алдында не істеп отыр?» — деп ойладым.
Сол кезде Радиант Альбертович келіп, маған: «Сәлем, кіре бер!» — деді. Ал әйелді көргенде, көзі жарқ ете түсті. Оның қасына жүгіріп барып, қуана қарсы алды. Сөйтсем, бұл оның әйелі мен ұлы екен!
Әйелі мен ұлы!
Оның!
Менің Радиант Альбертовичімнің!
Мен стоматология креслосында отырғанда, олар дәлізде мәз-мейрам боп әңгімелесіп жатты. Ал мен өзімді сол әйелден күшті екенімді сезінуге тырыстым: «Ол оны соңына дейін түсінбейді! Қалай түсінсін, оның жақ сүйегі мінсіз ғой?!»
Бір жылдан кейін брекеттердің де көмектеспейтіні анықталды. Соңғы қабылдауда Радиант Альбертович тістеуікпен брекетті жұлып алып, «Come on, Barbie, let’s go party ah ah ah yeah» деп ыңылдап, тіс эмалін тазалады.
Бетпердені шешіп, әдеттегідей жымиды. Оның үш қатар болып үйіліп тұрған қисық тістері көрінді.
— Менің де жақ сүйегім дұрыс жабылмайды ғой, — деді ол.
— Шын ба? — деп өтірік таңдандым.
— Иә, маған да ештеңе көмектеспеді.
— Шын ба? — бұл жолы шынайы таңғалдым.
— Жақ сүйегіңді кішірейту үшін бірнеше тісіңді алып тастауға болады, — деп түсіндірді ол. — Бірақ сөзімді тыңдашы: бұл сұлулыққа татымайды.
Мен басымды изедім. Иә, кімге керек ол сұлулық?
Кеткелі жатқанда ол:
— Саған бұрын «кемшіліктеріміз бізді ерекше етеді» деп айтып па еді? — деп сұрады.
Мен басымды изедім.
— Бос сөз! — деп айқайлап жіберді ол. — Ондай ойдан арыл! Ешқандай да ерекше емессің! Табиғатта ерекше ешкім жоқ. Бәріміз БІРДЕЙМІЗ! Біз бәріміз бақыт пен сүйіспеншілікке лайықпыз, түсіндің бе? Ал енді бара бер!
Мен басымды изеп, орындықтан секіріп түсіп, сөмкемді алдым да, жүгіріп кеттім. Сол күні шешім қабылдадым. Мен енді күреспеймін. Жақ сүйегіммен де, өмірдегі мәселелермен де.
Мен аяғымды нық бастым. Күліп, ұшып бара жатқан құстарға қолымды бұлғадым. Бірақ оларға менің бар-жоғым бәрібір еді.
Авторы: Полина Ким «Моя прекрасная челюсть»
https://daktilmag.kz/34/children/polina-kim/moya-prekrasnaya-nizhnyaya-chelyust/427
Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Төлеген Дильназ, SDU университеті Гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті