Пікірталаста қалай жеңуге болады?

Пікірталаста қалай жеңуге болады және қашан шегінетін уақыт келгенін қалай түсінуге болады?

Кейде пікірталас сұхбаттасып отырған адамдарды өзара байытады, ал кейде оған уақытты бостан-бос жоғалтпаған дұрыс. Мұндай жағдайларды тануды үйренуге Грэм пирамидасы көмектеседі.

Әркім өз өмірінде бір рет болса да пікірталасқа қатысады. Кейбіреулері мұны әдептілікпен, сұхбаттасына құрмет көрсетіп пікірталасса, басқалары өз ойын бүгіп, кісі намысына тиіп кетеді. Бұл екі әдіс те пайдалы пікірталас өткізуге көмектесетін жүйенің бөліктері. Бұл жүйе Грэм пирамидасы деп аталады.

Пол Грэм — американдық кәсіпкер және іскер “періште”, ол мазұны батыл эсселер сериясын жариялағаннан кейін кең жұртшылыққа танымал болды. Пол Грэмдің ең атақты шығармаларының бірі — 2005 жылы жазылған «Қалай келіспеу керек» (How to Disagree) эссесі. Бұл эсседе автор пікірталасты жалғастыру керек не керек еместігін, осы таласта жеңіске жете алатыныңызды түсінуге әкелетін дәлелдер иерархиясын ұсынады.

Сіздерді Грэм пирамидасының негізгі қадамдарымен таныстырып, олардың кез келген пікірталастан пайда табуға қалай көмектесетінін қарастырайық.

1. Тікелей қорлау

• Мысалы: «Сен барып тұрған ақымақсың!»

• Қолдану мақсаты: сезімдерді қоздыру.

Егер адам өз көзқарасын жақтаудың орнына сізді қорлайтын болса, оның мақсаты — сіздің сезімдіріңізді ояту екенін білдіреді. Көрсетілген мәселе бойынша өз ойының дұрыстығына ешқандай дәлелі жоқ болған соң, ол енді сізді де осы түсінбеушіліктің тұңғиығына сүйреп апаруға тырысады.

Бұл жағдайда мінез-құлық стратегияларын талқылаудың қажеті жоқ. Тек мұндай дауға түспеу үшін бар күшіңізді салыңыз.

2. Жеке тұлғаларға көшу

• Мысалы: «Мұндай дәлелдерді сен сияқты ауылдан келген білімсіздер ғана келтіреді».

• Қолдану мақсаты: тақырыпты өзгерту.

Пирамиданың екінші сатысындағы адамдар дау-дамайда олармен дауласатын адамның жеке ерекшеліктеріне жүгінеді: оның әлеуметтік жағдайы, жынысы, сыртқы түрі және т.б. Өкінішке орай, сұхбаттасушы туралы ақпаратты оңай табуға және оны талқылау объектісіне айналдыруға болатын әлеуметтік желілердің пайда болуымен диалогты жүргізудің бұл әдісі, әсіресе, қауіпті болды.

Тұлғаларға көшу себебі алдыңғы бапта көрсетілгенге  ұқсас. Қарсыласыңыздың басқа дәлелдері жоқ және ол сіздің ерекшеліктеріңізді кемшілік ретінде көрсете отырып, тақырыпты басқа жазықтыққа көшіруге тырысады. Тәжірибелі спикерлер өздерінің жеке басының жетілмегендігін мойындап, шатастырмай диалогты жалғастырады.

Дегенмен, жаңадан бастаған пікірсайысшы әңгімені дереу тоқтатып, қарсыласын өз сөзімен жалғыз қалдырғаны абзал.

3. Әңгіме реңіне шағым

• Мысалы: «Маған дауысыңды көтерме! Менімен қалай сөйлесіп тұрсың!»

• Қолдану мақсаты: жеңіліп қалмау үшін дауды тоқтату әрекеті.

Дауыс үніне, реңіне шағым дегеніміз сіздің қалай сөйлейтініңізге немесе жазғаныңызға, терминологияңызға және сөз тіркесіңізге мұқият қарауды білдіреді. Және бұл қабылдау субъективті болғандықтан, мұндай адаммен диалогты жалғастыру қиын болады деген сөз. Қарсыласыңыздың мақсаты нақ осында.

Бұл әдіс адамның бұрышқа тірелгенін  көрсетеді, бірақ ол өзінің қателескенін мойындағысы келмейді. Алдыңғы екі сатыдан айырмашылығы, бұл кезеңде сізде дауды жеңу немесе кем дегенде оны ымыраға келтіру мүмкіндігі бар. Ол үшін субъективті шағымдарды қабылдап, дәлелдеріңізді дәйекті түрде айтыңыз.

Нақты деректер алдында қарсыластың қашатын жері қалмайды.

4. Дау-дамай

• Мысалы: «Қандай сандырақ! Сіз мүлде ештеңе түсінбедіңіз! Әрі қарай не дегіңіз келіп тұр?»

• Қолдану мақсаты: дауды тең аяқтау әрекеті.

Дау-дамай стратегиясын өздерінің шайқасы әлдеқашан жеңіліске ұшырағанын түсінетіндер қолданады, бірақ олар қарсыласын шатастыра алса, онда тең нәтиже ұсынуға болады.

Ол үшін әңгіме тақырыбына мүлдем сәйкес келмейтін бос аргументтерді пайдаланады. Олар сіздің дәлелдеріңізді елемейді. Мұндай жағдайды «саңырау мен мылқау арасындағы әңгіме» деген белгілі сөзтіркесі керемет сипаттайды.

Егер сіз дау-дамай кезеңінде пікірталаста жеңгіңіз келсе, талқылау тақырыбына қайта оралыңыз да, қарсыласыңызды өз қорытындыларына дәлел келтіруге көндіріңіз.

5. Қарсы аргумент

• Мысалы: «Бірақ менің анам (бастығым, досым, атақты әртіс) мүлдем басқа нәрсе айтады! Мен бәрін сіз айтқандай емес, басқаша жасадым да, жетістікке жеттім!»

• Қолдану мақсаты: сындарлы диалог әрекеті.

Қарсы аргументтерді қолдану басқа адамның келіссөз жүргізгісі келетінінің бірінші белгісі. Мәселе мынада, адамдар көбінесе басқа адамның көзқарастары мен тәжірибесін ескермейді.

Адам белгілі бір жағдайда оң нәтижеге қол жеткізсе, ол осы  жағдайды эталон ретінде қабылдайды. Алайда нақты осы  пікірталаста оның тәжірибесі маңызды болмауы мүмкін.

Қарсы дауға қатысты негізгі ереже — адамға сөйлесуге мүмкіндік беру. Біріншіден, оның сөзінде ақиқат көзі болуы мүмкін. Екіншіден, осылайша сіз онымен байланыс орнатып, өз ойыңызды жеткізе аласыз.

6. Мәні бойынша теріске шығару

• Мысалы: «Сіз мынаны “х”, мынаны “у” деп айтасыз. Мұның себептері…”

• Қолдану мақсаты: шындықты іздеу, білім және тәжірибе алмасу.

Қарсы аргументтердің стратегиясынан басты айырмашылығы — бұл жерде сіз қарсыласыңызбен бірдей толқындасыз. Екеуіңіздің келтірген дәлелдеріңіз бір тақырыпқа байланысты, солар арқылы бір-біріңіздің білімдеріңізді байытасыздар.

Егер сіз мәні бойынша теріске шығаруды қолдансаңыз, басқа адамның кейбір дәлелдерімен келісетініңізді мойындаудан қорықпаңыз. Салауатты талқылаудың барлық белгілері болса, ол да міндетті түрде солай жасайды. Осындай диалогтың нәтижесінде сіз де өз пікіріңізде қалуыңыз мүмкін. Бұл жағдайда сіз екеуіңіз бір-біріңізді тыңдап, талқылау тақырыбы туралы жаңа деректерді біле аласыз.

7. Толық теріске шығару

• Мысалы: «Міне, жағдайдың басқаша екендігін дәлелдейтін нақты деректер».

• Қолдану мақсаты: объективті дәлелдемелер.

Тек дәлел келтіру қарсыластың бетіне нақты деректерді лақтыру екен деп ойламаңыз. Грэм пирамидасының соңғы сатысының стратегиясын қолданатындар дәлел ретінде деректерді келтіріп қана қоймайды. Бұл диалогтың үш ерекшелігі бар:

• Біріншіден, әңгімелесушілер бір-біріне құрметпен қарайды, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік береді.

• Екіншіден, ақымақтыққа айыптау болып көрінбеуі үшін әркім өз дәлелдерін бетпе-бет емес, дәйекті түрде алға тартады.

• Үшіншіден, олар объективті шындықты іздеуге шын ықыласпен қарайды, сондықтан олар өз ойлары қате болып шықса да, қарым-қатынас үшін алғыс білдіреді.

Мұндай пікірталастарға ұмтылу керек, ол үшін пікірталаспен де, қарым-қатынас мәдениетін көтерумен де жұмыс істеу керек.

Дауда жеңу қарсыласыңды жеңу немесе қорлау дегенді білдірмейді. Жеңіске жету — басқа адамның көзқарасын түсіну арқылы өзіңізді байыту дегенді білдіреді. Кез келген мәселені талқылағанда, оны талқылап жатқан адам туралы емес, мәселе туралы айтуға тырысыңыз. Бұл қарапайым ереже талқылау сапасын жақсарту үшін жеткілікті. Содан кейін  осы мақаладағы кеңестерді пайдаланыңыз да Грэм пирамидасы бойымен тек жоғары қарай көтеріліңіз.

Дайындаған Бақытжан Салихов

617
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *