Такимика, 90 жастағы фитнес инструктор
Оның толық аты-жөні – Такисима Мика. Ол фитнес инструкторы. Туған жылы – 1931 жыл 15 қаңтар. Спортзалға 65 жасында бара бастаған, ал 79 жасынан бастап жаттықтырушының басшылығымен айналысқан, 87 жасында өзі фитнес инструкторы болып жұмыс істей бастады.
Оның фитнеске қалай келгені сізге қызық па? Онда айтып берейін. Ол 65 жаста болғанда күйеуі оған дене бітімі туралы ескерту жасайды.
«Ол кезде мен толық дегеннен де үлкен болатынмын, шалбарымның өлшемі қазіргіден екі есе үлкен, сонда да мен артық салмағым бар екенін еш мойындағым келмеген. Бірақ күйеуім салмағым туралы бірнәрсе айтты да, мен спортзалға барамын деп шешім қабылдадым», – дейді Такисима.
Үй шаруасындағы әйел «Такимика» бұрын ешқашан спортпен айналыспаған еді, бірақ фитнеспен әуестеніп бес жыл ішінде 15 килограм салмақ тастайды.
87 жастағы дебют
Такисима арықтаймын деген мақсатына жетті, сонда да қоймай жаттығу залына бара берді, оған қоса 79 жасында жеке жаттықтырушы алып, денесін одан да жақсы қалыпқа келтіруге бел буды. Сол кезде ол, сегіз жыл өткен соң, жаттықтырушысы оған бас тарта алмайтын ұсыныс жасайды деп ойлаған емес.
Аяқ астынан Такисиманың жаттықтырушысы және Power Aging жаттығу залының иесі мен басқарушы директоры Накасава Томохару, Такисиманы инструктор қылып тағайындайды: «Бүгінгі сабақты сіз жүргізесіз» дейді.
Накасава былай еске алады: «Такисима бар ынтасымен, махаббатымен жаттығады. Оған қоса ол жайдары сөйлейді. Онымен жұмыс істеген сайын мен оның жай оқушы сияқты келіп жүргеніне қынжылатынмын, сондықтан оған инструктор болуды міндеттедім десе де болады. Басында ол қарсы болған, бірақ кейін күткенімізден де керемет болды». Такисиманың пікірінше «адамның жасы тек қана сан». «Ешкім жаңа нәрсені бастау үшін ешқашан тым қарт емес», яғни жаңаны бастау үшін ешқашан кеш емес.
Пандемияның кесірінен қазіргі кезде Такисима 60 минуттық бір онлайн сабақ өткізеді. Оған қырықтан жетпіске дейінгі 20 адам қатысады, ішінде әйелдер де, ер адамдар да бар.
Күнде таңертең – жаяу жүру мен жүгіру
Такисиманың күні қарбалас, бәрі жоспарға сай. Ол үш-төрт сағат ұйықтайды, түнгі 23:00 ұйқыға жатады, ал таңертең 3:00тен кейін оянады. Ерте тұрып ол жүгіруге шығады.
«Таңғы төртке таман үйден шығамын, төрт километр жаяу жүремін, сонан соң үш километр жүгіремін. Жаңбыр жаумаса, күнде осылай істеймін. Бұл шамамен екі сағат уақытымды алады және осы уақыт жылдам өте шығады».
Жақсылап жаттығып адып, 7:00де таңғы асын ішеді. Содан соң үй шаруасымен айналысады, жаттығулар жасайды. Не жасаса да денесін тік ұстап, ішін тартып, тіпті аяғының ұшымен жүреді. Яғни өмірінің әр сәті жаттығумен байланысты. Ол өзін күштемейді, жаттығу жасау оның екінші келбетіне айналғандай.
Дайындаған Бақытгүл Салыхова