Тіл үйренушіге кеңестер мен әдіс-тәсілдердің көптігінде сөз жоқ. Қазіргі заманда интернеттен қалаған тіліңізде осы тақырыпқа сәйкес келетін ақпаратты таба аласыздар. Соның бірі кәсіби аудармашы Като Ломбтың кеңестерін ұсынып отырмын.  Бұл материал интернет кеңістігінен алынып, орыс тілінен еркін аударма түрінде жасалғанын ескертіп қояйын.

Като Ломбтың кеңестері

Като Ломб — көп тіл білген кәсіби аудармашы. Өзі білетін тілдердің біразын тек оқулықтар мен әдеби кітаптарды оқу арқылы өз бетінше меңгерген екен. Өзінің тілдерді меңгеру әдісі туралы «Мен тілдерді қалай үйренемін» атты  кітабында жазып кеткен.

Оның тіл үйренушілерге арнаған кеңестеріне құлақ асыңыздар:

1. Күнделікті тіл үйренуге көңіл бөл. Егер тіпті уақытың болмаса, ең болмағанда күнде 10 минут уақытыңды бөл, әсіресе таңертеңгі уақыт қолайлы.

2. Егер тіл үйренуге деген құлшынысың әлсірей бастаса, асықпа, бірақ сабақты да тастама. Басқа бір жолын ойлап тап: кітабыңды қоя тұрып, радио тыңда; жаттығудан ішің пысса, сөздікті алып сөздерді оқы т.с.с.

3. Ешқашан жаттама, ешнәрсені контекстен бөлек еске сақтаудың қажеті жоқ.

4. Мүмкіндігінше көп жағдайларда, күнделікті өмірде қолдануға болатын «дайын фразаларды» жазып алып, еске сақта.

5. Мүмкіндігінше барлық нәрсені ойша аударуға тырыс: жарнаманы, афишадағы жазуды, естіп қалған әңгіменің үзіндісін т.с.с.

6. Мұғалім тексеріп берген нәрсені ғана еске сақтау керек. Қате жазылған жаттығуларыңды қайталап оқыма, сол қатесімен жаттап алу қаупі бар. Егер өз бетіңше тіл үйренетін болсаң, алдын ала дұрыс берілген, тексерілген нәрселерді оқып, қайтала.

7. Дайын фразаларды, тұрақты тіркестерді жазып алып бірінші жақта жекеше түрде қолдан. Мысалы: «I am only pulling your leg» (Мен тек сені мазақтап тұрмын).

8. Шет тілі қамал сияқты, оны бір сәтте жанжақтан шабуыл жасау арқылы ғана ала аласың: газет оқу, радио тыңдау, көркем фильм көру, шет тілінде дәрістер тыңдау, оқулықпен жұмыс істеу, хат алмасу, тіл білетін адамдармен кездесу, әңгімелесу.

9. Үйреніп жатқан тілде сөйлеуге қорықпа, қате жіберемін деп қорықпа, тіл білетіндер болса, қатеңді жөндеуге көмек сұра. Ең бастысы басқа адамдар қатеңді жөндегенде уайымдама, ренжіме және ашуланба.

10. Қандай жағдай болса да мақсатыңа жететініңе сенімді бол. Оған сенде жеткілікті күш-жігер де, қайрат та, қабілет те бар!

Като Ломбтың ұсынған тілді меңгерудің нәтижесін анықтайтын формуласы:

жұмсалған уақыт + қызығушылық = нәтиже

Бұл формуланы аздап нақтылап былай да беріп жүр:

(жұмсалған уақыт + қызығушылық) / ұялу (қате жіберіп қоямын деген қорқыныш) = нәтиже

 

531
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *