Шотландияға сапарым: 6-күн

Бүгін — жұмыс күні, яғни тағлымдамамның басталатын күні. Алдында кеңсенің қайда орналасқанын шамамен қарап кеткен болатынмын, бүгін адаспай тез табамын деп үміттенемін.

Бұған дейін телефоныма СИМ карта сатып алатын дүкен іздедім, кейбір дүкендер ерте ашылмайды екен. Бір жерден сұрасам олар «телефоныңыз locked or unlocked» деп сұрайды, мен бұның не екенін түсінбеймін деймін. Сонан сатушылар маған үлкен телефон сататын дүкендерге баруға кеңес берді. Ал осында оқып жатқан жас жігіттер мен қыздар кез-келген дүкеннен сим карта сатып алуға болады деген болатын (әрине, олар осында біраз уақыт оқып жатқан соң, оларға үйреншікті, бәрі оңай, түсінікті сияқты көрінеді). Енді бұл менің өзімнің қателігім, алдын ала нақтылап бәрін сұрап алмадым. Не болса да, «водофонға» барып симкарта сатып алдым, өздері телефонымды тексеріп берді, сөйтсе бәрі дұрыс екен, симкартаны қиындықсыз салып берді. Ол енді бір сағаттың ішінде қосылатынын айтты, мен шыдамсызданып, интернетке тезірек қосылғанын қалап едім, бірақ шынымен бір сағаттай уақыт күтуге тура келді, әртүрлі хабарламалар келіп, енді бір ай бойы 150 UK минут, шексіз хабарлама, 500 МВ интернет қолдануыма болады екен. Осының барлығы 10 £ тұрады, арзан ба, қымбат па, тіпті білмеймін.

водафон

Бірақ телефоныңда интернеттің ылғи болғаны өте ыңғайлы екен, Алматыда жүргенде телефонмен көп интернет қолданбайтынмын, қажеті жоқ болатын, ал бұл жақта ең бірінші гуглкарта үшін қажет. Баратын жеріңді тез тауып аласың. Негізі гуглкартаны (www.google.co.uk/maps) жасағандарға алғысым шексіз, Қазақстанның да гугл картасы жақсы деңгейде деп үміттенемін, өйткені қаланы білмейтін адамдар үшін үлкен көмек, жаяу жолыңды да, автобус, метро, қанша уақытта жетуге болады, бәрін көрсетіп береді.

Сонымен «Twig World» кеңсесіне бардым. Әдемі, ыңғайлы, төрт қабатты ғимараттың екі қабатында орналасқан, BETT көрмесінің бірнеше рет жеңімпазы атанған, білім саласына өзіндік ерекше үлесін қосып жүрген компания. Олар туралы сайттарынан толығырақ оқысаңыздар болады.

Бұрын тек қана хат арқылы байланысып жүрген адамдардың жүзін көріп, сөйлесіп, пікір алмасып, тағлымдамамның жоспарын, алда істелетін жұмыстарды біраз талқылап, кеңсені аралап, әр департаменттің адамдарымен танысып қайттым.

Сонан кейін кешкі сағат беске таман, Глазго университетіне магистратураға келген Жанармен кездесіп, пәтер іздедік. Ол да алдын ала пәтер тауып қоймапты, осындағы таныстарына тоқтап, сонан кейін пәтер табамын ғой деп келген екен.

Пәтер деген қай жерде де оңай табыла қоятын нәрсе емес қой, сайттан да іздедік, көшедегі біраз агенттіктерге кіріп сөйлестік, әзірге өзімізге ыңғайлысын таппадық.

Глазгода пәтер іздеу жүйесі өте жақсы жолға қойылған, алдында агенттіктердің бір-екі минут болмай бірден жауап бергендерін айтқан болатынмын, қазір де олар барынша көмектесуге тырысып, ешнәрсе ұсына алмағандары үшін кешірім сұрап, жұмыстарын сапалы атқаруға жандарын салуда.

Глазгода, қай жерде болса да, қызмет көрсету саласы өте жақсы жолға қойылған, оны әсіресе телефоныма симкарта сатып алғанда барынша қатты байқадым. Сатушы сатып алушымен жай әңгіме-дүкен құрып тұрғандай, асықпай, аптықпай, ашуланбай сұхбаттасып, әзілдесіп, кеңесін айтып тұр. Уақытымды алдыңыз, басқалар да күтіп тұр, тез, тез, бол болдың астына алмайды екен. Кезекте күтіп тұрғандар да шыдамдылық танытып, күңкілдемей, ұрыспай әп-әдемі болып, өз ойларына шомып тұр.

Қаланың кейбір бөліктерінің лас екенін айттым ғой, әсіресе Глазго университетінің айналасы, қазір студенттер келіп жатыр, олардың танысу аптасы, сондықтан көшеде көптеген волонтерлер тұрып оларға әртүрлі жарнама қағаздар таратады, кездесулерге, ойындарға т.с.с. жерлерге шақырады. Кейбір студенттер қолына берген қағаздарды алады да, біраз жүрген соң лақтырып кете береді екен. Сонымен бірге бұл жерде қытай, корей студенттері де өте көп екен.

Бүгін жоспарлаған бір нәрсені істей алмай қалдым — ол Глазго университетіне барып, қосымша қысқа мерзімді кредит беретін курстарға тіркелу. Өзіме қызық деп төртеуін таңдап қойдым, бірақ төртеуіне де барсам ба, жоқ тек екеуін таңдайын ба, деп біраз ойланып отырмын. Ертең осы мәселені шешемін. Мынау Glasgow University суреттері (арнайы университет туралы жазғанда басқа да суреттерді салармын):

IMG_1832 IMG_1840

Сонымен бірге Глазго университетінің студенттерінің International Students UK Tours деген топтары бар екен. Солар сенбі, жексенбі күндеріне Isle of Skye-ға саяхат ұйымдастырып жатыр. Соған да қосылсам ба екен? Әлде кейінірек барамын ба?

Глазго, Шотландия

дүйсенбі, 22.09.2014

550
Share

От bilimpaz

Один комментарий к “Шотландияға сапарым: 6-күн”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *