Шығармашылық туралы 5 басты аңыз

Шығармашылық туралы жазбаған адам жоқ болар, 5 басты аңыз бен сенімдер, дамыту жолдары т.с.с. толып жатқан кеңестерден өзіңізге қажеттісін тауып аларсыз.

Кристиан Джарретт – психолог және журналист, Wired авторы және Британ психологиялық қоғамының зерттеу блогының редакторы. Бұл жазба оның «Ми туралы ұлы мифтер» (Great Myths of Brain) атты жаңа кітабынан бейімделіп алынған.

Нақты деректерден бастайық: барлық адам, яғни біз бәріміз, жаңа және пайдалы ойларды ойлап табуға қабілеттіміз. Алайда, бұған қол жеткізу мүмкіндігі қоғамда қалыптасқан теріс көзқарастар мен мифтер, аңыздардың әсерінен шектеледі.

Бұл көзқарастар креативтілікті таңғажайып жұмбақ, элитаға ғана тән құбылыс етіп көрсетіп, инновациялар мен қиял тек кейбір «шығармашыл адамдарға» сирек дарындарға ғана қол жетімді деген ойды қолдайды. Бұл мақалада біз неврология мен психологияның тұжырымдарына сәйкес келмейтін креативтілік туралы бес тұрақты аңызды талдайық.

1-аңыз: Шығармашылықпен айналысатын адамның оң жақ миы жақсы жұмыс істейді.

Адамдардың кейбіреуінде логикалық және аналитикалық ойлау қабілеті жақсырақ, ал оның себебі миының сол жақ жартышары басым, ал басқаларының оң жақ жарты шары басым болғандықтан шығармашылық пен қиялы дамыған деп есептеледі.

Бұл зиянды және қате ой, өйткені сіздің миыңыздың түрі “дұрыс” топқа жатпаса, сіз ешқашан ешқандай жаңалық ойлап таба алмайсыз деген сөз. Адам миының екі жарты шары әртүрлі қызмет атқарса да, олар көптеген жүйке талшықтарымен байланған және ми функцияларының көпшілігі екі жарты шардың бірге жұмыс істеуіне негізделген. Шынында, оң жарты шардың мәселені шешуде маңызды екенін көрсететін зерттеулер бар, бірақ сол жақ та әңгіме құрастыру (сторителлинг) үшін маңызды екендігі туралы дәлелдер де бар.

Кейбір адамдар “оң”, ал басқалары “сол жарты шарлы” деп ойлау негізінен қате. 2013 жылы зерттеушілер мыңнан астам адамның миын зерттеп, адамдарды осылай жіктеуге болатынына дәлел таппады. Қысқасы, нағыз нейроғалымдар “егер сіз адам болсаңыз және сіздің миыңыз бар болса, онда сіздің шығармашылыққа деген қабілетіңіз бар” дейді.

2-аңыз: Басыңызға ой сап ете түсетін сәтті күту керек

Майкл Джексон бірде оның аса танымал өлеңі  Billie Jean  әуені  қалай пайда болғаны туралы айтқан екен: бұл аспаннан сап ете түскен құдайдың  сыйы сияқты болған. Бұл Ньютонның басына алма құлаған кезде жердің тартылыс заңын ойлап тапқаны сияқты хикаялардың заманауи үлгісі.

Кенеттен пайда болатын шығармашылық идеялар туралы аңыз тартымды көрінеді, өйткені керемет ойлар  көбінесе даналық сәті жарқ еткенде пайда болатын сияқты.

Шын мәнінде, мұндай сәттер қажырлы еңбек пен табандылыққа негізделген, олар өзінен өзі жай пайда болмайды. Джексон музыка индустриясындағы ең еңбекқор және перфекционист адамдардың бірі болғаны белгілі. Ньютон, алма оқиғасынан көп бұрын тартылыс күші туралы ойлап өз жұмысымен жан қиярлықпен айналысқан.

Бұл аңыз тудыратын мәселе мынада: адамдар шығармашылық күш талап етпейтін үрдіс деп қарастыра бастайды: жай ғана жаңа ойдың келуін күту және жарқын серпіліске үміттену керек деп ойлайды. Иә, негізінде, ойлап табудың соңғы сәті жиі күтпеген жерден, аяқ астынан болғандай көрінеді. Бірақ мұндай сәтке жету үшін сіздің бейсанаңызға негіз болатын түрлі ақпарат қажет. Қажетті ойларды қарастырып, қайта сараптау, жаңадан байланыстыру үшін, сіз өз салаңызды жақсы меңгеріп және әртүрлі мүмкіндіктерді зерттеуге күш салуыңыз керек.

3-аңыз: Шығармашыл адамдар -жалғызбасты кемеңгер эксцентриктер.

Осы жылы жарияланған зерттеу автордың эксцентрик екені айтылса, адамдар шығармашылық жұмыстарды жоғары бағалайтынын көрсетті. Бұл жаңашылдыққа апаратын жол әріптестерден және ынтымақтастықтан алыстау екенін көрсететін стереотип.

Шындығында, Дэвид Буркус «Myths of Creativity» кітабында: шығармашылық – бұл командалық спорт. Америкалық өнертапқыш Томас Эдисонды дербес данышпан ретінде бейнелеу жиі кездеседі, ал шын мәнінде ол инженерлер мен ғалымдар тобына сүйенгені шындық. Сикстин капелласын салуда Микеланджело жалғыз болған жоқ, оған талантты суретшілер тобы көмектесті. Немесе патенттердің ең көп саны шығармашыл мамандар мол шоғырланған қалаларда тіркелгенін атап айтайық. Инновация өнімді ақыл-ойдың қақтығыстарынан туады.

Шығармашыл адамдар сирек ақыл-ой иесі, данышпандар деген ұғым да бар. Бірақ классикалық зерттеу мұны толығымен жоққа шығарады. 1920 жылы психолог Льюис Терман Калифорниядағы өте ақылды балалар тобын қадағалай бастайды. Олардың қалай өскенін, мансаптарының қалай қалыптасқанын бақылап отырады. Олардың ешқайсысы кереметшығармашылық танытқан жоқ. Жоғары IQ шығармашылықтың баламасы емес.

4-аңыз: Шығармашылықпен айналысу үшін сізге сыртқы ынталандыру қажет.

Көптеген салаларда адамдар біреуге неғұрлым көп сыйлық ұсынсаңыз, соғұрлым ол жұмысты жақсы орындайды деп ойлайды. Шығармашылық жұмыста бұл әрдайым бола бермейді. Ал кейде тіпті керісінше болады. Зерттеулер көрсеткендей, ішкі амбиция мен қуаныштан туындаған жұмыс, ақша немесе атақ сияқты сыртқы пайдаға бағытталған жұмыстан гөрі ерекше және әсерлі нәтижелерге әкеледі.

Гарвард бизнес мектебінің қызметкері Тереза ​​Амабил суретшілер мен мүсіншілерден өз рахаты үшін және ақша үшін жасалған жұмыстардың мысалдарын келтіруді сұрады. Содан кейін бұл жұмыстардың барлығын жұмыстың кімге тиесілі екенін, не ақшаға жасалғанын білмейтін сарапшылар тобы бағалады. Таңғажайып нәтиже болды: өз ләззаты үшін жасалған жұмыстар қазылар алқасының  жоғары бағасын алды.

Тағы бір зерттеуінде Амабил студенттерден қағаздан коллаж жасауды сұрады. Олардың жартысына жұмысының сапасына баға берілетінін айтса, басқалары зерттеу мақсатының жұмыс сапасына еш қатысы жоқ деп есептеді. Әйелдер ешқандай жағдайда бағаланбаймын деп ойлаған кезде жақсырақ коллаждар жасағаны белгілі болды.

5-аңыз: Миға шабуыл — команда құрудың ең жақсы жолы.

Ең пайдалы және инновациялық идеялар әдетте бірге жұмыс істейтін адамдардан келеді. Бірақ, өкінішке орай, мынадай тұрақты аңыз бар: идеяларды бірге шығарудың ең жақсы жолы — ми шабуылын ұйымдастыру. Әдетте, мұндай жағдайда топ алдына мәселе қойылып, адамдар оны үстел басына отырып, бір-біріне өз ойларын айту арқылы шешуге тырысады.

Бұл процесс, әсіресе корпорацияларда өте танымал, бірақ зерттеулер адамдар көбірек идеяны миға шабуыл жасаған кезде емес, бастапқыда жалғыз жұмыс істегенде ойлап табатынын және олар сапалы болатынын көрсетеді.

Бұл дербес данышпан туралы мифті жоққа шығаруға қайшы келетін сияқты. Бірақ негізгі идея мынада, адамдарға бірінші кезекте жалғыз жұмыс істеуге уақыт керек, содан кейін ғана бірлескен процесс басталуы мүмкін.

Топтық миға шабуыл — бұл идеялармен бөлісудің және әртүрлі адамдардың шешімдерін біріктірудің тиімді әдісі, бірақ идеяларды құру қажет болғанда бұл дұрыс тәсіл емес және бұл  шығармашылық процестің соңы болмауы керек. Осындай ой бөлісуден кейін адамдарға басқа адамдардың идеяларын түсіну және оларды өз идеяларымен біріктіру үшін қайтадан жалғыз қалуға уақыт қажет.

Белгілі бір жолмен миға шабуыл жасау да маңызды. Басқа адамдардың идеяларын сынайтын адамдардан сақ болу керек және пассив адамдарды айыптаудан немесе мазақ етуден қорықпай ой бөлісе алатындай етіп арнайы ұйымдастыру керек.

***

Барлығымыздың да нәтижелі шығармашылық жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Бірақ ол қосымша күш жұмсамай, өздігінен пайда болмайды. Біз жалғыз жұмыс істеу мен басқалармен бірігіп жасауды да ескеруіміз керек. Біз басқаларды зерттеп, тыңдап, олармен қарым-қатынас жасай отырып, миға жаңа идеяларды туындатуымыз керек. Топырақ жақсы болса,  идеялар да өсе бастайды.

Түпнұсқасы: 99u.com/articles/35045/5-creativity-myths-you-probably-believe

886
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *