Ұйқыңыз қанбағанда қажет 7 лайфхак

Ұйқыңыз қанбай қалды ма? Жұмысқа келіп мүлгіп отырсыз ба? онда мына кеңестерге құлақ асыңыз:

1. Спортпен айналысыңыз

Ұйқысыз түннен кейін жүгіруге немесе спортзалға барғыңыз келмейтіні сөзсіз. Бірақ дәл осылай істеу керек. Дене қимылы жүрек соғу жиілігін арттырады. Осыдан кейін жақсы көңіл-күйді қамтамасыз ететін серотонин бөлінеді. Сіз өзіңізді сергек сезінесіз және жұмысыңыз жеңілдейді.

Егер таңғы жаттығуға уақыт болмаса, күні бойы көбірек қозғалуыңыз керек. Телефонға таймер қойыңыз және әр сағат сайын 20 секіру жаттығуын немесе отырып тұрып жаттығу жасаңыз. Осындай қысқа жаттығулардан кейін де сіз өзіңізді әлдеқайда жігерлі сезінесіз.

2. Ұйқының қанбай қалғанына мән бермеңіз

Ұйқысыз өткізген түн туралы ойлай берсеңіз, ол сізді онан сайын шаршатады. Жұмысыңызбен айналыса беріңіз және аз ұйықтағаныңыз туралы ойламаңыз. Әйтпесе, күні бойы көңіл-күйіңіз нашар болады. Оған қоса бұл өнімділікті айтарлықтай төмендетеді.

Сіз ұйқысыздықты немесе ұйқыңыздың қанбағанын әріптесіңізбен талқылай бастаған кезде, өзіңізді тоқтаңыз. Терең тыныс алып, назарыңызды басқа маңыздырақ нәрсеге аударыңыз.

3. Күніне үш қана міндет

Ұйқыңыз қанбаған кезде жұмыстың бәрін жоғары сапада жасауыңыз екіталай. Кейінге қалдыруға болмайтын үш маңызды жұмысты таңдаңыз. Оларды түске дейін жасауға тырысыңыз, өйткені таңғы кофе не жаттығудан алған күшіңіздің әсері әлі де бар. Яғни, оянғаннан кейінгі алғашқы екі сағат, әдетте, ең өнімді болады.

Маңызды істерді түстен кейінгі уақытқа қалдырмаңыз. Түстен кейін энергияңыздың төмендеуі оларды жақсы орындауға кедергі жасайды.

4. Пайдалы таңғы ас ішіңіз

Ұйқыңыз қанбаған кезде сіз тәтті нәрсе жеуге тырысасыз. Тәтті сіздің көңіліңізді көтеріп, қуаттайтын сияқты көрінеді. Иә, шоколад немесе пончик сіздің көңіліңізді көтерер. Бірақ біраз уақыттан кейін қандағы қант деңгейі төмендеп, күшіңіздің азайғанын сезесіз. Ұйқы қанбағандықтан сіз онсыз да бар күшіңізбен жұмыс істемейсіз. Сондықтан өнімділікті одан әрі төмендетпеңіз.

Таңғы асқа ақуыздар мен көмірсулардың қосындысы қажет. Мысалы, жұмыртқа мен ысытылған нанды  жеңіз. Ұйқының қанбауы гипогликемияға ұқсас (қандағы глюкозаның төмендеуі). Бұл жағдайда сіз қант деңгейін үнемі бірқалыпты ұстап тұруыңыз керек. Ол үшін пайдалы тағамдарды жеңіз.

5. Суық су ішіңіз

Жалпы су ішу өте пайдалы, ал суық су сергуге көмектеседі. Бұл денеңізге шағын соққы сияқты. Жаттығулар мен суық су сізге күш-қуат береді. Эндорфиндер бөлінеді, өзіңізді сергек сезінесіз.

6. Далада жұмыс жасауға тырысыңыз

Джетлаг (елдерде уақыттың әртүрлі болуына байланысты ұйқының бұзылуы) болған кезде таза ауада жүру пайдалы екенін естіген шығарсыз. Бұл ереже шаршау немесе ұйқының қанбауы кезінде де әсер береді. Сондықтан жиі далаға шығыңыз.

Күн сәулесінің әсерінен ағзада D дәрумені қалыптасады, ал егер ол жеткіліксіз болса, ұйқының бұзылуы мүмкін. Ұйқысыздықтан кейін ішкі сағатты қайта қосу керек, ал D дәрумені бұған көмектеседі.

7. Кофеинді тым көп қолданбаңыз

Жалғыз энергия көзі ретінде кофеинді таңдап алмаңыз. Сіз тым көп кофе немесе шай ішетін болсаңыз, керісінше, концентрацияңыз нашарлайды. Сіздің жүйкеңіз сыр беріп, ойыңызды бір жерге шоғырландыра алмайсыз. Сондықтан мөлшерін біліңіз, тым көп кофеин ішпеңіз.

Дайындаған Бақытгүл Салыхова

522
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *