Ахмет Байтұрсынұлы: Асыл тіл

Бұл күндері адамдардың сөйлесетін тілдерінің түбі мұнарланған сағымдай алысқа барып жоғалады. Қанша қадалып қарасақ та, көзіміз оған жетпейді. Қай тілдің де болса қайдан шығып, қалай ғұмыр шеккенін ешкім анық білмейді. Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзын ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып, өзгерілмеген тіл жоқ: я азып өзгерілген, я асып өзгерілген, ел бұтақтап ескен сайын, тіл де бұтақтаған. Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақтап, өскенде, тіл де бұтақтаған. Түбірі бір болса да, түрі басқаланып түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен. Сондықтан бұл күнде неше бұтақ түрік тұқымынан ел болса, сонша тарау тілінде басқалық бар. Тілдің басқалануына себеп болған — әр түрлі бөтен жұрттармен сыбайлас болып араласқандықтан. Түріктің балалары өсіп, алды-алдына тарап әр түрлі халықпен сыбайлас болған, араласқан түрлі жұрттың түрлі тілінің түрік тіліне жат сөздер, жат дыбыстар кірісіп, тіл арасының бірте-бірте жігі ұлғайған, мақсұт — сол жікті бітеп жалғау болса, оған түзуді қисық деп, дұрысты қате деп қыңыр жолмен кірмей, тура жолмен келу керек. Шөнки дұрыс пен қатені, қисық пен түзуді айыруға жаратқан көкіректе көз бар. Қате қайда, дұрыс қайда — қаралық. Дұрыс емле менен қате емлені айыруға менің ойымша бұлай қарау керек шығар дейім: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле — жазу үшін шығарған нәрсе, жазу — тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек. Тілдің табиғатына қарамай зорлап, емлеге таңып байласақ, қытай қатындарының аяғы болып шығады. Түрік тілінің бәріне хомуми емле болу керек десек, түріктің қай баласында азбаған тұнық тіл, түзу емле болса, соны аларға керек. Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан — қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген — қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы — қазақ.

…Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған — қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, жазу шалығы тимесе, кәсібі, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі біреу-ақ…

…Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-сыншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас.

919
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *