Авторы: Кристина Эмих

Қазақ тіліне аударған: Сандуғаш Тайырова 

Джиппина

Коля ойыншықтарын қорапқа лақтырып жатып, күңкілдеді:

— Түкке тұрғысыз, жалқаулар! Еденге шашылыпсыңдар. Сендер үшін осында жүрмін. Әйтпесе дәл қазір Никитамен футбол ойнап жүрер едім.

— Коля, бізді өзің шашып тастадың ғой, — деп ақталды ойыншықтар. — Сондай көңілді ойнап, керемет уақыт өткізген едік.

Бірақ Коля оларды естімеді. Ол өсіп, ойыншықтарының тілін ұмыта бастаған еді.

— Сәтті қону болсын, — деп күңкілдеді Робот, мойнына үш аяқты ит жайғасқанда.

— Ав, — деп қуана үрді ит, құйрығын бұлғаңдатып.

— Менің итке аллергиям бар, — деп наразы болды солдат ойыншық, өйткені иттің құйрығы оның бетіне тиіп жатты.

Джиппина есімді ойыншық мәшине пластмасса ілмегімен Коляның шалбарына жармасты. Ол бір кездері баланың ең сүйікті ойыншығы еді.

— Сен де қалғандарымен бірге кет, — деді Коля қатқыл үнмен.

Мәшине бірнеше рет аударылып түсіп, сары «КамАЗ»-дың үстіне түсті.

— Әй, ханым, бұл жерде тек сіз ғана емессіз, — деп наразылығын білдірді жүк көлігі.

Джиппина кешірім сұрап, шетке сырғыды. Ол көптен бері Коляға қызықсыз болып қалғанын сезетін. Бұған себеп те жоқ емес еді: қыркүйекте Коля бірінші сыныпқа барды. Енді оның басқа да маңызды міндеттері бар: сабақ оқу, үй тапсырмасын жазу, ауыстыратын аяқ киімін ұмытпау. Мұның бәрі Коляны маңызды адамға айналдырды.

Бұрын Джиппина әрдайым ойынның ішінде жүретін. Ал қазір тек секунд тілін бақылайтын болды. Сөйткен соң уақыт одан сайын баяу жылжитын сияқты көрінді. Коля мектептен келгенде, бөлменің арғы бұрышынан бері қарай жүгіретін. Бірақ бала оған мән бермеді. Сөмкесін лақтырып тастап, бірден аулаға жүгіретін.

Коля жаңа достарымен ойнап жүргенде, Джиппина айна алдында өзіне қарап, ойланып тұратын: «Менің бірдеңем дұрыс емес пе? Жүк салатын жерінің бояуы кетіп қалған, бір шамы жанбайды, артқы оң жақ дөңгелегі мүлде жоқ. Бірақ бірге ойнауға бұл ешқашан кедергі келтірмейтін еді ғой. Әлде мен бірдеңені дұрыс істемедім бе? Егер сол кезде жылдамырақ жүйткісем немесе тез тежелмесем… Қойшы, бәрі жақсы болады. Коля мектепке үйреніп алған соң, мені қайта есіне түсірер».

Алайда қыркүйек те, қазан да өтті, жаңбырлы қараша да соңына таяды. Күз аяқталды, ал Коля болса, сүйікті мәшинесін әлі де есіне алмады.

Желтоқсан айының басында ойыншықтар қораптан шығып, қатарға тізілді.

— Бүгін ерекше күн! — деп жариялады қызыл Робот, оның бір қолы жоқ еді. — Бүгін Коляның туған күні! Біздің мүмкіндігіміз бар, оны жібермеуіміз керек. Коля бізсіз өмір сүре алмайтынын түсінуі тиіс.

Ойыншықтар дуылдасып кетті.

— Бәрің орындарыңа тұрыңдар! Піл, бірінші болып тұр. Коля бөлмеге кіргенде, сен дабыл қағасың. Желаяқ! — Робот спорт киімдегі зырылдаққа қарады, — сен шамды үрлеуге көмектесесің. Ара батыр! Әрбір шардың жарылып кетпеуін бақыла. Бүгін біз өте маңызды міндетті орындаймыз. Біз Коляның сүйіспеншілігін қайтарып алуымыз керек!

Жиектен тысқары тұрған Джиппина үнсіз еді. «Сүйіспеншілікті қайтарып алу»… Сүйіспеншілікті қайтарып алуға бола ма?

— Дайынсыңдар ма?! — деп дауыстады Робот.

Бірақ ойыншықтар «Дайынбыз!» деп айқайлап үлгермеді, өйткені бөлмеге Коля кіріп келді. Қолында үлкен қорабы бар. Қасында өзімен жасты бір бала тұр.

Ойыншықтар аң-таң болып  қалды.

— Шегінбеңдер! Орындарыңды тұрыңдар! Күшімізді жинайық! — деп Робот берілмеді.

Коля қорапты тез ашты.

— Оһо! Трансформер! Никита, қарашы! Қандай күшті, ә?

— Керемет! Маған ойнауға бере тұрасың ба?

— Одан шаршағанда беремін. Ал сен басқа ойыншықтарды ала бер.

Никита бөлмені шолып шықты.

— О, сенде джип бар екен ғой. Менің әкемде тура осындай джип бар. Бірақ үлкен.

Ол Джиппинаға қарай қолын созды.

— Ала ғой.

Мәшине кенет жүрегі, яғни моторы тоқтап қалғандай сезінді. «Ала ғой?» Солай оп-оңай бере сала ма?

— Шын ба? Ал анаң не дейді?

— Ол ойнамайтын ойыншықтарымды басқа біреуге беруімді айтты. Әйтпесе, олар ешкімге де керек болмай қалады.

— Менің де анам солай айтады. Сен шынымен бересің бе?

Коля иығын қиқаң еткізді.

— Менің енді Трансформерім бар. Ол бәрінен де мықты.

Осы сөздерден кейін Робот есінен танып қалды. Піл жүгіріп келіп, бетіне су бүркіп жіберді. Ойыншықтар қайтадан қорапқа кіріп, тынышталып қалды.

Коля Трансформермен ойнап отырып, ертең оны мектепке апаратынын көз алдына елестетті. Бүкіл сынып оны қоршап алады, бәрі таңғалып, тіпті Дима да қызғана қарайды. Ал Дима болса үнемі мектепке ең керемет ойыншықтарын әкелетін.

Никитаға мұндай ойыншықтар сатып алып бермейтін. Бірақ оның әкесі көлік жөндеуші еді әрі қолынан бәрі келетін шебер болатын. Әжесі де үнемі: «Менің күйеу баламның қолынан бәрі келеді!» – деп мақтанатын. Сол себепті Никитаға біреу әкесі жайлы сұраса, ең бірінші осыны айтатын. Тәрбиешілер мен мұғалімдердің жылы жымиысына қарап, ол мұның мақтауға лайық екенін түсінетін.

Коляның туған күнінен кейін Никита Джиппинаны үйіне алып кетті. Әкесі бірден сұрақтың астына алды:
— Қайдан алдың? Коляға керек емес екені анық па? Е, егер сыйлаған болса, жарайды.

Одан кейін әкесі ойыншықты жөндеуді ұсынды. Жүк салатын бөлігін қайта бояп, сымын жалғады – фары қайтадан жарқырай бастады. Содан кейін басқа бір ескі джиптен артқы дөңгелегін алды. Никита: «Бір дөңгелегі ғана бар мәшине бәрібір жүре алмайтыны анық», – деп шешті.

Дүйсенбі күні Коля мектепке Трансформерін алып келді. Балалар оны қоршап алды.

— Маған да ұстап көруге бола ма?
— Тиіспе, сындырып аларсың.
— Ал маған ойнауға бере аласың ба?
— Жоқ, қолың лас.

Соңына қарай балалардың қызығушылығы басыла бастады. «Бергің келмесе, қойшы, бізге керегі де жоқ». Ал Никита болса Джиппинамен ойнап жүр, қатты қызығып кеткені сонша – сыныптастарының да назары соған ауды. Мәшине төртінші дөңгелегін орнатқаннан кейін баяғыдай жүйрік әрі жылдам болып шыға келді.

Коля олардың әңгімесін байқап қалып, ашуланып кетті:
— Ол ондай керемет емес! Ол жай ғана қарапайым джип. Мен оны Никитаға бердім!

Сол күні Коля үйіне ашуланып келді.

— Не болды, балам? – деп сұрады анасы.
— Мен Джиппинаны Никитаға беріп қойдым.
— Оны сағынып жүрсің бе?
— Сағынған жоқпын. Бірақ сыныптағылар сонымен ойнағысы келеді, ал Трансформерге назар аудармайды. Бірақ Трансформер ең керемет ойыншық қой!
— Солай ма?
— Олар ақымақ, иә, анашым?

Анасы Коляның қасына отырып, жылы жымиып:
— Мүмкін, Никита оны сонша жақсы көріп, қызыға ойнап жүрген соң, басқаларға да сондай қызық болып көрінген шығар?
— Бірақ Трансформер әлдеқайда күшті ғой!
— Біз үшін ең кереметі – шын жүрекпен жақсы көретін нәрсеміз.

Бір апта өтті. Никита үзілістерде үнемі Джиппинамен ойнай берді. Ақыры Коля шыдай алмай, досына:
— Қайтар оны! – деді.
— Бірақ… Сен оны маған сыйладың ғой?
— Жоқ. Мен тек біраз уақытқа бердім. Қайтар оны!
— Бірақ менің әкем оны жөндеп берді.
— Одан не өзгерді? Ол үш дөңгелекпен де жүре беретін!

Джиппина қуанды. Ол қайтадан Коляға керек болып қалды! Демек, енді бәрі бұрынғыдай болады, олар қайтадан бірге ойнайды.

— Онда былай істейік, – деді Никита. Ол ойыншығын жақсы көріп, бергісі келмей тұр. – Дима оны жіберсін, қай жаққа барса, соныкі болады.

Дима машинаны жылжытып жіберді. Бастапқыда Джиппина Коляға қарай жүйткігісі келді. Бірақ сол сәтте Коляның айқайлаған дауысын естіді:
— Жылдам жүр! Қалай тасбақадай жүресің? Бұл сенің ең жоғары жылдамдығың ба? Трансформер сені он орап озар еді! Үш дөңгелек болсын, төрт дөңгелек болсын – бәрібір баяусың!

Ойыншықтың жүрегі езілді. Ол өксіп жіберді де, тоқтап қалды. Бірақ сол кезде Никитаның жұмсақ әрі қолдау көрсеткен дауысы естілді:


— Жүре ғой. Жарайсың. Міне, аз қалды.

Джиппина соңғы күшін жинап, Никитаға қарай жүйтки жөнелді.

Арада жылдар өтті. Джиппина әлі де Никитада. Ол есейіп кетті, енді мәшинемен оның кішкентай ұлы ойнайды.

Ал Трансформер ше? Коля одан да тез жалықты. Ақыры оны да басқа ойыншықтар сияқты қорапқа саберді.

«Өйткені бұлай болғаны дұрыс емес – өзіңе де, өзгеге де жоқ.»

Авторы: Кристина Эмих  “Джиппина” 

Әңгіменің түпнұсқасы: https://daktilmag.kz/35/children/kristina-emikh/dzhippina-/456 

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Тайырова Сандуғаш, SDU университеті, Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті.

117
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *