Елена Андрияш жазған «Үндемес бала» әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Үндемес бала

Көршінің ұлы сөйлемейтін. Оны балабақшаға да бермеді. Шөбересіне үлкен әжесі қарайтын. Сол сөйлемеген күйі сөйлемей қалды. Екі жас, төрт жас, алты жасқа келді. Бұл отбасының саяжайы болмады. Әжелері аулаға кішкентай үстел мен орындықтарын шығарып, күн ұзаққа сонда отыратын. Бала қасында ойнап жүретін. Сөйлемеді. Бірақ кітап оқитын. Әлдене жазатын. Балалар медбикесі келіп тексеретін. Ұрсып кететін.

— Дені сау емес, арнаулы балабақшаға, ес-ақылы кем балалардың балабақшасына беру керек, — дейтін.

— Ес-ақылы кем емес, — деп ұрсатын әжесі, — қарашы кітапты қалай оқитынын, әріп таниды, сан біледі. Мылжыңдар онсыз да көп емес пе?

— Кеміс баламен әлі талай қиналарсыңдар, — дейтін медбике.

Менің жасым 11-де еді. Сол жазда медбике көршілердің отбасына жиі келгіштеп кетті. Бірде мен тасбақамды, қара мысығымды серуенге алып шыққанмын. Сол бала келді де, мысығымды сипады.

— Оның аты Барсик, — дедім мен, — ал мен Лесямын.

Басымның ішінде бір дауыс анық «Тёма» деп айтты. Біз осылай таныстық. Біздің әңгімелесуіміз сырттай қарағанға қызық еді. Көбіне мен сөйлейтінмін. Ол үндемейді. Кейде екеуміз де үндемейтінбіз. Сырттай. Бірде біздің үндемей отырғанымызды көрген анам қасымызға кеп:

— Не істеп отырсыңдар? — деді.

— Сөйлесіп отырмыз, — дедім мен.

— Жарайды, сөйлесе беріңдер, — деді де анам, өз шаруасына айналып кетті.

Тёма кез келген хайуанның тілін табатын. Иттердің, мысықтардың, тіпті менің тасбақамның да. Ол Барсикқа амандасу кезінде алдыңғы қолын созуды үйретті. Бірақ өзі бір ауыз сөз айтпады. Оның әжесі біздің үндемес әңгімемізге таң қалып қарады.

— Сен оның не дегенін түсінесің бе? — деп сұрады менен.

— Иә, әрине, — дедім мен, — мен оны басымның ішінде анық естимін.

Әжесі сұқ саусағымен самай тұсын айналдырды. Маған бәрібір еді. Бірде мас еркек ауланың маңынан итін қарғыбаумен сүйреп келе жатты. Иті мысыққа қарап, кері тартты. Анау кісі бұтақ сындырып алды да итін сабады. Тёма ішінен: «Жоқ, ұрмаңыз, керек емес!» деп айқайлады. Мен «Доғарыңыз» деп айғай салдым. Ер кісі бәрібір итін сабай берді. Үйден анам атып шықты. Анау ағай итті қарғыбаудан босатып жіберді де кетіп қалды. Ит оның артынан жүгірмеді. Анам жылап-сықтаған бізге қарады да, Тёмаға:

— Олар сені естімейді. Ішіңнен емес, сыртыңнан дауыстап сөйлеп үйрен, — деді.

— Қалай естімейді? — деді оның дауысы менің басымның ішінде.

— Естімейді. Олар сенің дауысыңды ести алмайды. Қолдарынан келмейді. Дауыстап сөйлеу керек. Сен мына итті алғың келе ме? Әке-шешеңе бар да, «Мен мына итті алғым келеді» деп дауыстап айт.

Алты жасар Тёма таяқ жеген итті көтеріп алды да, кіреберіске кетті. Бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен әкесі басын қылтитты.

«Әке, — деді Тёма, — мына итті тастап кетті, оны өзімізге алайықшы». Әкесі қолындағы шыныаяғын түсіріп алды. Далаға атып шықты.

«Әке, — деп қайталады Тёма, — итті өзімізге алайықшы». Әкесі жылады.

Олар итті алуға рұқсат етті. Алғашқы үш апта Тёма аузы жабылмай сөйледі. Сосын аздан сөйлей бастады…

Көп жыл өткен соң кішкене ұлыммен қыдырып жүріп, басымның ішінде «Анашым, қара, мысық» деген дауысты естігенде мен таң қалмадым. Тұрқы ірі жирен мысыққа қарап, «кис, кис, кис» дедім.

Сосын ұлыма қарап: «Дауыстап сөйле. Әйтпесе сені ешкім естімей қалады» дедім. Сосын ол сөйлеп кетті. Іштей сөйлескенді қойды. Бірақ кейде оның іштей сөйлегенін естимін. Тіпті алыста болса да. Кішкентай Тёма ішкі дауысты естуді үйретіп кетті.

Аударған Шынар Әбілда

PS: Сіздерге Елена Андрияш жазған «Үндемес бала» әңгімесі ұнады деп сенеміз.

511
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *