Мұқағали Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайың!» өлеңі

Өмір сүрейік алмасып

Жапырақ жүрек жас қайың!

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?

(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.

Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,

Қайың көзімен қарайын.

Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым — Адаммын

Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың —
Құрдасы келер заманның.

Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе — мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.

Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық.
Адам боп жүрсең қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!

Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып.
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып…

20.12.1974

 

 

Қайың

 

 

2145
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *