Авторы: Нұрсұлтан Сарбай

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Айша Шамшат

Кездесу

Мақсат төсектің шетіне келіп отырды. Ағасы “Қалың қалай?” дегеннен басқа сөз таппады. 

— Болады. Егер солай деуге болатын болса, әрине.

Арада ыңғайсыз бір үнсіздік туды. Ешкім ештеңе дегісі келген жоқ, сонда Бектас батылдық танытып:

— Өзің қалайсың? — деді.

— Енді… — деп ағасы күйбежектеп қалды. — Өзің білесің ғой. Мен… — деп, мұрнын тартты. — Күшті болып тұрсың, айтпақшы. Сені алып кеткен кезге қарағанда…

— Иә-иә, түсіндім. 

— Иә… — деп, Мақсат мүдіріп қалды. — Ал, апам… ауруханада ма?

— Иә, көкеммен біраз отырды. Кейін өзінің халі нашарлап кетті, бірден ауруханаға жатқызды.

— Мм…, ал сен… сен Данаға хабарластың ба?

— Жоқ. Оған не айтасың? Ең дұрысы айтпаған жөн, аяғы ауыр ғой.

— Жоға, мен жай сұрағаным ғой, кім біледі… — Мақсат ауыр күрсінді. — Сен сөйлескен шығарсың деп…

— Жоға, әлгі…- Бектас маңызды бір нәрсені есіне түсіруге тырысқандай желкесін қасыды, — қалай еді, әлгі Наурызбай аға келді. 

— Қойшы, қашан?

— Осы біразда ғана. Келіп, “Қабыл болсын!” деп кетті. Батаға деп, міне, ақша беріп кетті. Мен де оған “рахмет” дедім. Шынымды айтайын, мұндай кездерде не дейтінін де білмеймін, тіпті.

Мақсат сәл жымиғандай болып еді, бірден өңі қайтадан қатулана қалды.

— Ауруханаға, апама барып па?

— Барған сияқты, — деп Бектас кезерген ернін жалады. — А, иә, сондай бірдеңе айтқандай болып еді, барған шығар, иә. Ал, сен ауру жұқтырамын деп қорықпайсың ба?

Мақсат:

— Мен ауырып қойғанмын, — деп күлді де, — дәрігерлер әкемнің неден қайтқанын айтпады ма? — деп сұрады.

— Анда, үстелдің үстінде қағаз жатыр, маған берген, — деп Бектас асхана жақтағы үстелді нұсқады. — Оқыдым, бірақ түсінбедім. Құрысыншы бәрі, — деп, қолын бір сермеді. — Кетті ғой, болды, несіне қазбалай бересің, шешілетін нәрсе шешілді… Бірақ, — ол үнсіз қалды да, сөзін әрі қарай жалғастырды. — Тест нәтижелері келгенде, “корона” болмағанына қуандым, шынымды айтсам. Бірақ жағдайы нашарлай берді. Кейін мүлде қиындап кеткен соң жедел жәрдем келіп, алып кетті.  Сосын, міне, бірнеше күннен кейін…

— Аты өшкір вирус болмағанына шүкір. Денесін өзімізге берді.

— Иә, бірақ, негізі бұл вирус дейді. Тек бәрінде бірдей көріне бермейді. Түрлері болады екен ғой. Бірақ ана қағазда ешқандай вирус жоқ деп жазған.

Тағы да үнсіздік орнады. Мақсат қалтасынан әкесі берген ескі сағатын шығарды. 

— Ақша берді дегенде, қанша берді Наурызбай аға?

— Жиырма сияқты. Апам ол ақшаны “ешқайда құртпаңдар, әр келген ақшаны жазып отырыңдар” деді. Мен, әне, сол үшін бір дәптер арнадым. — Орнынан тұрды да, сөреде тұрған дәптерді алды. 

— М-м.

Мақсат дәптерді ашып, кімнің қанша бергеніне көз жүгіртіп шықты.

— Ақыры ақша туралы айтып жатыр екенбіз, сенде ақша бар ма, а?

— Бар, әрине. Мақсат пенжегінің ішкі қалтасынан әмиянын алып жатып, тоқтай қалды. — Ақшаны не істейсің?

— Не істегені несі, үйдің шаруасына керек. — Бектастың дауысы барған сайын жай шыға бастады. — Өзің де білесің ғой, қазір бәрімізге қиын.

— Ішуіңді әлі қоймағансың ба? — Мақсат пенжегінің түймесін қайта қадады. 

— Мен… е-е…

— Не деген жүрген бір бишарасың. Сені ауруханадан осы мамыр айында ғана шығарып алып едік қой. Сен деген ішпеймін деп әкеме сөз беріп едің ғой. 

— Ішпедім де. Бір рет болсын ұрттағаным жоқ, — деп Бектас ағасы сөзін бөлмес үшін тез жауап қайтарды. — Бірақ өзің де көріп тұрсың ғой, не болып жатқанын. Осыдан кейін қалай ішпейсің, қарғыс атсын? Сосын бәріне мені кінәләй бергенше, бірінші өзіңе қарасаң етті.

Мақсат інісінің не айтқысы келгенін түсінбеген сыңай танытты.

— Екі ай бойы не хабарласпайсың, не жазбайсың. Саған хабарлассам “Қазір емес, бауырым. Саған кейінірек хабарласамын,” дейсің де, қоя саласың. Ал енді не болды? Қашан хабарласасың көкеме, а? 

— Мен жұмыс істедім. — Мақсат барынша салқынқанды жауап беруге тырысты. 

— Хабарласуға уақыт таппайтындай, қандай жұмыс ол? Мені қойшы, жарайды. Сен түгіл, өзімді де ойламаймын. Сен неге жақындарыңды ойламайсың? Оларды да ойлаған жоқсың ғой.

— Мен жұмыс істедім. Күн-түн демей сендердің болашақтарыңды ойлап, жұмыс істедім. Неге соны түсінбейсің?

— Жарайсың, міне саған медаль. Не деген ақталу! — Бектас ағасына бас бармағын көрсетті. — Өте керемет, білесің бе. Мен саған ақылымды айтайын. Ертеңгі болашағыңды ойлап жүргенде, бүгініңді ұмытпа. Көшеде келе жатып тек алға қарамайсың ғой, аяғыңның астына да қарап қоясың. Дұрыс па?

— Иә, сөзіңнің жаны бар…, — деді Мақсат.

— Аха.

— Бері қара, кешір, — деді, ағасы

— Әкем сені мақтан тұтатын, — деді Бектас көз жасын сүртіп. — Сені үлгі етіп көрсететін. Қонаққа кім келсе де “Міне, менің ұлым — үлкен адам. Көп ұзамай келеді, бәріміз бақытты өмір сүреміз” деп отыратын. Ал енді не болды?..

— Мұның не, неге жылайсың, а? Жақында отызға толасың, болды, қоя ғой.

Мақсат інісін құшақтады.

— Сағындым сені, Макс.

Бектас та Мақсатты құшақтады. 

— Иә. Мен де, Бека.

— Бізге не болды, а…

— Заман өзгеріп жатыр, бауырым. 

Авторы: Нурсултан Сарбай “Встреча”

https://daktilmag.kz/13/children/nursultan-sarbai/rasskazy-kraby-vstrecha/133

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Шамшат Айша, SDU университетінің педагогика және Гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті (2025)

12
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *