Маңызды жұмыстарға уақыт пен күш жетпей ме? Не істеу керек?

Біз күнде жұмыс істейміз. Компанияның жұмысы немесе үй шаруасы болса да, маңызды істер өте көп. Жұмыстың көп болғаны сонша, кейде уақыт та, күш те жетпейді деп мазасыздана береміз. Бірақ кейде жұмыс көп те болмауы мүмкін, ал «жұмыс көп» деген мазасыздық артыңыздан қалмай қояды. Бұл не? Бұған кім кінәлі?

Негізінде бәріне «шұғыл жұмыстар тұзағы» кінәлі. Оның қалай жұмыс істейтінін және оған қалай түсіп қалмау керектігін анықтайық.

Ауыр күн соңына жетті, күні бойы жұмыс орнында шыр айналып көптеген мәселелерді шешіп, шаршадыңыз, бірақ шынында да маңызды жұмыстар орындалмай қалғанын сезіп тұрсыз ба?

Өзіңізге маңызды спорт, шығармашылық, оқумен айналысамын деп қанша рет уәде бердіңіз? Қаншама ай бойы бастай алмай жүрсіз? Егер осындай жағдай басыңыздан өтсе, онда сіз басқа да көптеген адамдар сияқты шұғыл жұмыстар тұзағына түстіңіз.

Шұғыл жұмыстар тұзағы дегеніміз не?

Джонс Хопкинс университетінің бизнес мектебінің зерттеулері көрсеткендей, біз шұғыл жұмыстарды бітіруді мақсат етіп, қызықты да маңызды мақсаттардан жиі бас тартамыз. Тіпті дәл қазір бізге қажет болып көрінген істі атқару үшін маңызды жобаларды кейінге қалдыруға бейімбіз.

Осындай жағдай «шұғыл жұмыстар тұзағы» деп аталады. Бұл бізді күйзеліске, эмоционалды шаршауға және қаржыны жоғалтуға әкеледі. Зерттеушілер біз жасау мерзімі ұзақ, тиімді жұмысқа қарағанда ақшасы аз болса да шұғыл түрде жасау керек болып көрінген жұмысты орындауға ұмтылатынымызды анықтады. Мұның бірнеше себебі бар.

Біз неге шұғыл жұмыстар тұзағына түсеміз?

1. Тапсырманы аяқтай алмасақ, біз қиналамыз

Егер іс аяқталмай қалса, адамдар өздерін ыңғайсыз сезініп, қинала бастайды – алғашында бұл тұжырым 1927 жылы анықталған, содан кейін бірнеше рет басқа зерттеулермен расталған. Адам ойының бұл ерекшелігі Зейгарник эффектісі деп аталады. Шұғыл тапсырмалар, әдетте, өте шағын және көп уақытты қажет етпейді, сондықтан жұмысты тез бітіреміз деп оларды кейінге қалдыра алмаймыз. Олар кейінге қалса, бізге жұмыс бітпегендей болып көрінеді де біз осы шағын жұмыстарды бірінен соң бірін жасап, тоқтай алмаймыз. Бұл картоп чипсін жегендей: бәрін жеп болғанша тынышталмайсыз.

2. Біз туннельде қалып қойғандай, айналамызда басқа ештеңе көрмейміз

Яғни, біз қысқа мерзімді істерге көміліп, дем алмай, жұмыс кестемізге сырттан қарап, ненің маңызды немесе маңызды емес екенін бағаламаймыз. Бұл жағдайды «туннельде көрумен» салыстыруға болады: біз дәл қазір көзіміз жеткен жердегі нәрсені ғана көреміз, толық суретті көре алмаймыз.

3. Біз жұмыс күнін дұрыс ұйымдастыра алмаймыз.

Егер жұмыс үрдісі сіздің немесе басшылықтың кінәсіне байланысты дұрыс қалыптаспаған болса, күнделікті ұсақ-түйек жұмыстарға батып қаласыз. Мысалы, құжаттар мен хаттарға бір үлгі нұсқаны жасауға ерінгендіктен, сіз ылғи хат жазу үшін көп уақытты босқа жоясыз. Немесе сіздің жоба менеджеріңіз клиентпен барлық түзетулерді бірден жасауға келісіп алмағандықтан, сіздің жаңа түзетулермен қайта-қайта айналысуыңызға тура келеді.

4. Бізге шұғыл тапсырманы елемейтін болсақ, апат болатын сияқты болып көрінеді.

Көзіңізге ашушаң бастық немесе тапсырыс беруші ұрысып, сіз ақшадан айырылып, аспан жерге түсіп, бәрі мерт болатын сияқты көрінуі мүмкін.

Келіп түскен жаңа хабарламалар, қоңыраулар, түзетулер, қосымша шағын тапсырыстардың  бәрі оларды кейінге қалдыруға болмайтындай әсер тудырады. Ал шын мәнінде шұғыл тапсырмалар соншалықты көп емес.

Дайындаған Бақытжан Салихов

466
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *