Психологиядағы ауруды сипаттайтын терминдер

Психологиядағы ауруды сипаттайтын терминдер  туралы ізденіп көрейік. Барлығын болмаса да, бірнешеуін таңдап алып, сипаттамаларын ұсынамыз.

ДЕПРЕССИЯ

Бұл психикалық өзгерісті сипаттайтын сөз латынның «deprimo» сөзінен алынған. Ол «басу», «жаншу», «тұншықтыру» деген мағынаны білдіреді. Депрессияның үш негізгі симптомы бар:

— көңіл-күйдің түсуі және қуана алмау;

— ойлаудың бұзылуы;

— қозғалыстың тежелуі.

Бұл көпшілік ойлап жүрген адамның айналысатын ісі болмаған кездегі жабығу, жабырқауы емес. Сол секілді «қазір күйзеліске түсу сәнге айналған, бұрын бұл сырқат мүлде жоқ еді» деген пікір де жалған. Себебі депрессия антика дәуірінде «мелонолия» атауымен аталды. Бұл дертті міндетті түрде емдеу керек, әйтпесе адам өзін-өзі өлтіріп тынуы ғажап емес. Көбінесе осы себептерден жасөспірімдер ажал құшуға дайын болады.

ФРУСТРАЦИЯ

Бұл сөздің астарында адамның ойындағы жоспарына қол жеткізбеуден кейінгі ахуалы жатыр. Ол шарасыздық, көңілінің қатты қалуы,  наразылық секілді «ішкі жарақаттармен» тікелей байланысты. Адам өзі қалаған нәрсесіне қол жеткізбеген соң, алданып қалған секілді күй кешеді. Фрустрациядан соң, адамдар діттеген нәтижеге қол жеткізу үшін күресе түседі.

Бұл ситуацияға мысал ретінде, кей әйелдердің ұзақ уақыт бойы балалы бола алмай, аяғы ауыр болу үшін емделіп, тіпті ЭКО-ға дейін баратын табандылығын айтуға болады. Психологтар фрустарцияны терапияның бір әдісі ретінде де қолданады.

ДЕПРИВАЦИЯ

Депривацияда адам базалық қажеттілігін қанағаттындыра алмайды. Мәселен, баспана мен тамақ алуға мүмкіндігінің болмауы, медициналық қызметке жүгіне алмауы және т.б. Мүмкін сіз адамды кез-келген сезімнен оқшаулайтын сенсорлы депривация камералары туралы естіген боларсыз. Олар медитация үшін пайдаланылады. Соған қарамастан, көбі үйренген сезімдерінен айырылған соң, үрей, қорқыныш, мазасыздықты сезінеді. Депривация адамдарды өмірге аса қажет нәрселерінен айырып, оның болашағына өте қатты әсер етеді.

Депривация мен фрустрация арасында мынандай механикалық айырмашылық бар: алғашқысы өз қажеттілігін орындай алмаудан туындаса, келесісі нақты бір мақсатқа жете алмаудан шығады. Депривация – агрессия, өзіне мән бермеу, депрессия секілді ауыр жағдайларға ұшыратуы ықтимал.

СУБЛИМАЦИЯ

Бұл психиканың қорғаушы механизмі, алғаш рет Зигмунд Фрейдтің зерттеуінде сублимация туралы айтылған. Психолог мұны «адам бір сферадан көңілі қалып, бар энергиясын басқа нәрсеге жұмсауы» деп түсіндіреді. Фрейд мысал ретінде адамның жеке басындағы проблеманың салдарынан шығармашылыққа ден қоюын айтады. Жарқын мысал ретінде Леонардо да Винчиді айтуға болады. Оның жағдайы тікелей осы сублиациямен байланысты.

ПРОКРАСТИНАЦИЯ

Маңызды істерді, жоспарлаған нәрселердің бәрін кейінге шегеруге қатысты пайда болған психикалық бұзылыс. Көбінесе бұл жағдайды жалқаулықпен шатастырып жатады. Бірақ еріншек адам жұмысын ертеңге қалдырғаннан ешқандай уайым жемейді. Ал прокарстинацияға түскен адам соның кесірінен азапқа түсіп, жанын жейді, сонда да өзін ақтап алатын көптеген сылтау табуы мүмкін. Бұл дерттің адам өміріне алып келетін зияны шаш етектен. Бар істі кейінге қалдыра беріп, бір жерде тұрақты жұмыс істеп көріңізші.

РИГИДТІЛІК

Ригидтілік – адамның ойлауы мен реакцияларының тежелуі және баяулауы. Когнитивті ригидтілік деп адамдардың басындағы ақпаратты жаңа информациямен алмастыра алмауын айтады. Мәселен, адам жерді жазық деп ойласа, оны шар секілді екеніне сендіре алмайсыз. Ал аффективті ригидтілік кезінде эмоционалды тежелу болады. Мәселен, таңертең автобуста сіздің аяғыңызды басып кетсе, сіз күні бойы әріптестеріңізге осы оқиғаны айтумен боласыз. Бұл писхикалық бұзылыстың тағы бір қыры оқиға мен эмоцияның байланысы. Егер сол оқиға қайталанса, бірінші жайттағыдай жайсыз күй кешесіз.

Дайындаған Бақытгүл Салыхова

446
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *