Рентген сәулесінің туған күні

Рентген сәулесінің туған күні қай кезде аталып өтетінін білесіз бе?

126 жыл бұрын, яғни 1895 жылдың 8 қарашасында физик Вильгельм Рентген «рентген сәулесін» ашты.

Неміс физигі, Вюрцбург университетінің (Бавария) профессоры және ректоры Вильгельм Конрад Рентген, университет зертханасында жалғыз өзі тәжірибе жасап отырып, күтпеген жерден қазіргі уақытта бүкіл әлемде «Х-сәулелер» («Икс-сәулелер»), ал ТМД елдерінде -«рентген» сәулелері деп аталатын «барлық жерге кіре алатын» сәулелерді тапты.

Іс былай болған: 1895 жылы 8 қарашада көмекшілері үйлеріне кетіп қалса да, Рентген өз жұмысын жалғастыра берген. Ол жан-жағы қалың қара қағазбен жабылған катод түтіктегі тоқты қайтадан қосады. Жақын жерде жатқан барий платина цианидінің кристалдары жасылдау болып жарқырай бастайды. Ғалым тоқты өшіргенде кристалдардың жарқырауы тоқтайды. Кернеуді катодты түтікке қайта қосқанда, құрылғыға еш қатысы жоқ кристалдардағы жарқырау қайта басталады.

Одан әрі зерттеу нәтижесінде ғалым түтіктен белгісіз сәуле шығады деген қорытындыға келіп, кейін ол оны  икс-сәулесі деп атады.

Рентгеннің тәжірибелері икс- сәулелерінің катодты түтік ішіндегі кедергімен катод сәулелерінің соқтығысқан жерінде пайда болатынын көрсетті. Ғалым түтіктің арнайы құрылымын жасады — антикатод жалпақ болды, ол икс-сәулелерінің қарқынды ағынын қамтамасыз етті. Осы түтіктің арқасында (ол кейінірек рентген түтігі деп аталды) ол бұрын белгісіз сәулеленудің негізгі қасиеттерін зерттеп, сипаттады.

Кейін белгілі болғандай, икс-сәулелер көптеген мөлдір емес материалдарға енуге қабілетті болып шықты; алайда бұл сәулелер шағылыспайды немесе сынбайды. Рентген сәулелері қоршаған ауаны иондандырады және фотопластиналарды жарықтандырады. Сондай-ақ Рентген осы сәулелердің көмегімен алғашқы рентген суреттерін жасады.

Неміс ғалымының жаңалығы ғылымның дамуына үлкен әсер етті. Рентген сәулелерін қолданатын эксперименттер мен зерттеулер материяның құрылымы туралы жаңа мәліметтер алуға көмектесті, ол сол кездегі басқа жаңалықтармен бірге классикалық физиканың бірқатар ережелерін қайта қарауға мәжбүр етті. Көп ұзамай рентген түтіктері медицинада және техникалық өнертабыстың әртүрлі салаларында қолданыла бастады. Атом-ядролық ғылымның негізін қалаған осы дәуірдің  жаңалығы үшін Рентген 1901 жылы физика бойынша тарихтағы алғашқы Нобель сыйлығын алды.

726
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *