Рэй Брэдбери «Фаренгейт бойынша 451 градус»

1953 жылы 20 қазанда АҚШ-та 33 жастағы Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» антиутопиясы жарық көрді. Автор бұл кітабын фантастика жанрына жатқызып, оны оқиғалардың болжамды дамуын бейнелеу өнері ретінде түсіндірді, ал өзінің қалған шығармашылығының бәрін фэнтези жанрына – орындалмайтын көріністерге жатқызған.

Бейітінің орнын таңдай отырып, Брэдбери оған аты мен өмір сүрген күндерінен басқа, бір сөйлем — «Фаренгейт бойынша 451 градус»-тың авторы» деп жазылғанын тіледі. Бұл сандар қағаздың тұтанып, жану температурасын білдіреді, ал роман кейіпкері өрт сөндіруші Гай Монтег өртті өшірудің орнына (өрт қаупі көптен бері жойылған), кітаптарды жағуға міндетті. Адам санасын тежеу ​​үшін кітаптарды өртеуі керек болды. Бас кейіпкерге «Мүмкіндігінше спорт, ойын, ойын-сауық көп болсын, адам көпшіліктің арасында болсын, сонда оған ойланудың қажеті жоқ» — деген нұсқаулар беріледі, алайда ол басына тағылған бұл бұғаудан құтыла алады. Айтпақшы, Брэдбери екі өлшемді – Фаренгейт пен Цельсийді – шатастырып алған екен: қағаздың тұтану температурасы Цельсий бойынша 450 градус, ал Фаренгейт бойнша ол әлдеқайда жоғары — шамамен 843°-қа тең.

Кітап Америка Құрама Штаттарында Маккартиизмнің шарықтау кезінде жарық көрді, сол кезде әрбір екінші американдық сенатор Джозеф Маккартиді қолдады, ол мемлекеттік мекемелерде «мыстандарды аулауды», коммунистік көзқарастар мен антиамерикандық әрекеттерге күдікті адамдардың «қара тізімін» жасауды ұйымдастырды. Кітаптың алдында оның желісінің негізі болған екі әңгіме шықты — «Жарқыраған Феникс» пен «Жаяу жүргінші», олардың біріншісі кітап шықпастан бұрын бес жыл, екіншісі екі жыл бұрын жазылған болатын. Ал романның өзін автор 9 күн ішінде жазып шыққан. Сол жылдары ФБР Брэдбериді коммунистік идеяларға жанашырлық танытады деп күдіктеніп, оның өмірбаяны мен ортасын зерттеді, бірақ оның партияға мүшелігі туралы ешқандай дәлел таппады. Брэдберидің кітабы өртенбеді, бірақ 1970 жылдары авторға айтпай цензураға алынды: баспагердің пікірі бойынша дөрекі сөздер немесе моральға сәйкес келмейтін сөздері бар үзінділер мәтіннен алынып тасталды немесе қайта жазылды. Жазушы бұл туралы кездейсоқ біліп қалып, содан кейін ғана оның мәтіні қалпына келтірілді.

Рэй Брэдбери кітаптарды жоюдан да жаман қылмыстар бар екенін түсіндірді. Мысалы, оларды оқымау. Немесе соғысу…

«Бір күні біз көп нәрсені еске түсіреміз, естеліктеріміз соншалықты көп болғандықтан, біз тарихтағы ең үлкен экскаватор жасап, бұрын-соңды болмаған ең терең көр қазып, оған соғысты мәңгілікке жерлейміз».

Ал сіз Рей Бредберидің кітаптарын оқыдыңыз ба?

1254
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *