Струп әсері: пікір мен нақты деректі шатастырасыз ба?
Израиль ғалымдары адамның ойлау қабілетіндегі тағы бір бұрмалану, яғни ағат түсінік, біржақтылықты анықтады.
Балама деректердің квази-шынайы әлемінде адамдар өз пікірлеріне неге соншалықты байланып қалады және осы пікірлерді өзгерту неге соншама қиын екендігінің психологиялық себептерін түсінуге деген қызығушылық бар.
Біз қазірдің өзінде адамдар өз дүниетанымын қорғайтын кезде әдейі пайда болатын сана-сезім үрдістері туралы көп мәліметтерді білеміз. Ол өз ойын растайтын дәлелдемелерді іздеуден («растау біржақтығы») қарама-қайшы дәлелдерді құру үшін қолданылатын ғылыми әдістемелік күмәндерге дейінгі (ғылыми әлсіздікті ақтау) үрдістер.
Жақында Негевтегі Бен-Гурион университетінің қызметкері Майкл Гилиад бастаған топ мақаласында тез және еріксіз жүретін психикалық процестердің белгілерін тапқанын айтты. Ал бұл процестер әрдайым «біз келісетін пікірлермен кездескенде» жүзеге асады.
Зерттеушілер «пікірлерді рефлексивті қабылдауын көрсету адамдардың өз сенімдеріне берік болу қабілетін түсіндіруге көмектесуі мүмкін» деп жазады.
Мұның негізінде көпшілікке мәлім Стурп әсері жатыр. Бұл түсініктің мағынасы мынада: адамдар жазылған сөздің әріптерінің түсі сол сөздің мағынасына сәйкес келмеген кезде, жазылған сөздің түсін бірден айта алмайды. Мысалы, ҚЫЗЫЛ сөзі көк түспен жазылған болса, сіз осы түсті айтуға көбірек уақыт жұмсайсыз. Біздің миымыз сөздің мағынасын тез және еріксіз өңдейді, ал ол сөздің (әріптердің) түсін өңдеуге кедергі келтіреді, осы кезде Струп әсері пайда болады.
Біршама уақыт бұрын психологтар осындай құбылыс нақты деректерге де қатысты екенін анықтады (олар оны «Струптың танымдық әсері» деп атады): біз шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелерге қарағанда шынайы мәлімдемелердің орфографиялық тұрғыдан қатесіз жазылғанын тезірек тексереміз. Бұл біздің нақты дәлдікті тез тану қабілетіміз біздің дұрыс жазу ережелері туралы пікірімізбен өзара әрекеттесетінін көрсетеді (әйтсе де мәлімдемелердің шындыққа сай болуы дұрыс жазу ережесіне қатысы жоқ).
Соңғы төрт зерттеуінде Гилиад пен оның тобы бұған ұқсас жағдай пікірлерге де қатысты болатынын анықтады. Олар иврит тілінде жазылған «Интернет адамдарды оқшауландырды» немесе «Интернет адамдардың қарым -қатынасын жақсартты» деген сияқты саясатты, жеке талғамды және әлеуметтік мәселелерді қамтитын 88 сөйлем құрастырды. Ондаған израильдік қатысушылар осы грамматикалық тұрғыдан дұрыс немесе дұрыс емес (мысалы, жыныстық немесе жекеше / көпше түрде қолдануда қате кеткен) сөйлемдермен танысты. Олардың негізгі міндеті сөйлемдердің грамматикалық тұрғыдан дұрыстығын мүмкіндігінше тезірек көрсету болды. Кейіннен зерттеуге қатысушыларға барлық мәлімдемелер қайтадан көрсетіліп, олардың мазмұнымен келісесіңдер ме деп сұрады.
Зерттеудің басты қорытындысы қатысушылар сөйлемде айтылған пікірмен келіскен кезде, сөйлемді грамматикалық тұрғыдан дұрыс деп анықтауында болды. Олар бұл шешімге өздері келіспейтін сөйлемдерге қарағанда тезірек келген. Алайда грамматикалық қате сөйлемдерді анықтау үшін уақыт айырмашылығы болған жоқ. Бұл жағдай олардың сөйлемдерде айтылған пікірлермен келісуі грамматикалық мәселеге ешқандай қатысы жоқ болса да орын алды. «Нәтижелер мәлімделген пікірмен келісу когнитивті өңдеуге тез және еріксіз әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді», — дейді зерттеушілер, ал бұл нақты деректер үшін Струптың танымдық әсеріне ұқсас екені сөзсіз.
Қорытынды зерттеуде ғалымдар қатысушылардың мәлімдеменің оң немесе теріс екенін көрсетуін талап ететін тапсырмалардың түрін құрды (мысалы, «дәмді ақжелкен» немесе «жиіркенішті ақжелкен»). Өздері келісетін мәлімдемелер үшін қатысушылар оларды оң немесе терісіне қарамастан, «иә» деп тез жауап берді. Зерттеушілер мұны біз келісетін пікірлерге қатысты семантикалық сұрақтарға оң жауап беруге мәжбүр ететін тез, еріксіз когнитивтік көзқарастың бар екендігінің растауы деп санайды (алдыңғы зерттеулердегі грамматикалық тапсырмалардың нәтижелерін жоққа шығаруы мүмкін асығыстық немесе надандық әсерін қоспағанда).
«Осы нәтижелер көрсеткендей, адамдар өз шешімдерінің субъективтілігін түсінсе де, олар өз пікіріне қарама-қайшы пікірлерге шын мәнінде дұрыс емес сияқты қарайды», — дейді зерттеушілер. Нақты шын дерек пен шындық деп саналатын пікірлер арасындағы айырмашылық рационалды дискурс үшін өте маңызды. Алайда, бұл айырмашылық адам психологиясының шеңберінде өте айқын емес сияқты».
Ғалымдардың айтуынша, олардың жұмысы «әлеуметтік психологтардың құралдар жиынтығына қосымша құрал» болады, ол жасырын пікірлерді зерттеудің жаңа әдісі ретінде қолданылуы мүмкін (мысалы, жасырын ассоциация тестінің баламасы). Қосымша зерттеулер сондай-ақ сипатталған әсердің күйзеліс, құрдастарының қысымы немесе саяси пікірдегі біржақтылық сияқты факторлардың әсерінен әлсіреуін зерттей алады.
Дайындаған Бақытжан Салихов