Шеберлікке тез жетудің 6 жолы.

Оны істеуге болмайды, мұны да болмайды: жасанды шектеулер өмірді қалай жеңілдетеді?

Егер сіз цифрлық медианы меңгергіңіз келсе, сіз үнемі бірдеңе шығарып немесе жасап тұруыңыз керек. Copyblogger жобасына мақалалар жазатын Демиан Фарнвортқа подкастты жүргізуді ұсынғанда, ол осы мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты, өйткені бұл өз жұмысын жақсырақ ұйымдастыруға, жаңа шыңдарға көтеріліп, жүйелі түрде материалдардың жаңа түрін шығарып тұру мүмкіндігі болды. Ары қарай сіздер оның үлкен жаңа тапсырманы қалай жеңгенін, “жанып” кетуден және перфекционизмнің тұзағынан аулақ болғаны туралы әңгімесін оқи аласыз.

Маған бірден шоуымның сапасына қатысты кез келген шартты ойлардан арылу керектігі туралы ескертілді. Біздің жетекші продюсер: «Сіздің алғашқы жүз шоуыңыздың сапасы нашар болады» деді.

Ол бұл сөздерді мені жігерлендіру үшін айтты, өйткені менің  бірінші ойым «Мен тезірек жүзге жеткім келеді. Мен нашар шоу жасағым келмейді» деген ой болды. Подкастты аптасына төрт рет шығарсам, 6 айдан астам уақыт ішінде қол жеткіземін деп санадым. Ал аптасына бір рет подкаст жазсам, онда екі жыл кетеді. Жоқ, бұлай ұзақ күте алмаймын.

Сонымен, мен өзіме зор міндеттеме алдым. Қалай батып кетпеуге болады? Сонымен қатар мен өз перфекционизмім мені апатқа апара ма деп қорықтым. Менің ішкі перфекционистім, сәтсіздіктерден, қателіктерден қорқып, ең жақсы болмаудан қорқып, маған негізсіз жоғары талаптар қояды, содан кейін мені оларға жету үшін күресуге мәжбүр етеді. Ал оның бағасы тым қымбат. Содан кейін бұл талаптар орындалмаған кезде өз өзіме реніш басталып, көңілім қала бастайды.

Бұл тұзаққа түсіп қалмау және апта сайын төрт қысқа шоу көрсету үшін маған қатал жұмыс кестесі керек болды.

Сәрсенбіде сағат 8.00-ден 12.00-ге дейін төрт сценарий жазамын.

Жұма күндері сағат 8.00-ден 12.00-ге дейін сценарийлерге түзетулер енгізіп, оларды жасап бітіремін, репетиция жасап, қойылымдарымды жазып аламын.

Дүйсенбі күндері таңғы сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін мен шығарылымдарды (және олармен бірге жүретін шағын посттарды) өндірістік топқа тапсырамын.

Бұл аптасына шамамен 12 сағат, әр шығарылымға үш сағат кетеді. Көбінесе мен бұл шектеулерді, олар қолдан жасалған болса да, ұстанамын, өйткені мен әлі көп нәрсе жасап үлгеруім керек.

Алайда сіз өзіңізге осындай жасанды шекараларды орнатқан кезде, басқа да керемет артықшылықтар пайда болады. Олар (жасанды шекаралар) туралы айтып берейін.

1. Олар “жанып” кетуді болдырмауға көмектеседі

Жасанды шектеулер перфекционизмнің сізді жалмауына, ал сіздің өзіңіздің тұйыққа тірелуіңізге жол бермейді.

Мен төсектен тұрғым келмейтін сезімді жек көремін. Болымсыз нәрселерге бола басқаларды ренжітуді жек көремін. Сондықтан мен сағат 12:00-де подкастты жасау бойынша жұмысымды аяқтаймын деп шештім. Мен әр эпизодпен ол жеткілікті түрде жақсы болғанша жұмыс істеймін де оны ары қарай тапсырамын.

Иә, мен интернет шоуымнан мүлдем бас тарта алар едім, бірақ мен бұл жүкті көтере алатынымды сездім. Сонымен қатар, бұл басқа заттардан да бас тарту керек дегенді білдірмейді. Осылай менің өмірімде тепе-теңдік сақталады, бұл өте керемет жағдай.

2. Олар демалуға мүмкіндік береді

Кейбір жазушылар күн сайын, тіпті мереке күндері де жұмыс істейтінін айтады. Мен олай жасай алмаймын. Мен әдетте демалыс күндері жазбаймын — миым демалып, біраз сейіліп қалуы үшін маған осы әрекетсіздік кезеңі қажет. Бұл кезеңнің  де өз шегі бар.

Бірақ дәл осы сәттерде мен жиі өзімнің ең күрделі мәселелерімді шеше аламын. Шешімдер менің миым қарқынды ақыл-ой жұмысынан бос кезде, таза ауадағы ойындармен, қол еңбегімен немесе ұзақ жүгірумен айналысқан кезде келеді.

Дәл осындай әсер сіз жұмыс істеп болып, содан кейін ваннаға баруға, тамақ ішуге немесе поштаңызды алу үшін тұрғанда пайда болады.

3. Олар дұрыс нәтижеге итермелейді.

Басқа жағынан қарасақ, жасанды шектеулер сізді жұмысты соңына дейін жеткізуге итермелейді. Ал ғылым олардың бізді креативті ететінін айтады. Дизайнер Дэмиен Коррелл бір рет: «Шектеулер мені табиғи түрде ойлағаннан басқаша ойлауға мәжбүр етеді», — деп атап өткен екен. Мысалы, ол өзін кейде палитрада бар түстердің тек біреуімен ғана шектейді екен.

4. Олар сізге өзіңізді кешіруге мүмкіндік береді.

Мен шоуымның әрбір бөлімі жарияланғаннан соң оларды кем дегенде төрт рет тыңдаймын. Мен мұны өзімді тым жақсы көргендіктен емес, өз жұмысымды дұрыс бағалау үшін жасаймын. Мен қате бар-жоғын тыңдаймын.

Мысалы, шамамен бір апта бұрын мен барлық шығарылған эпизодтарды алып, тыңдадым. Соңында бір “қорқынышты” затты таптым: мен «солай ғой» дегенді қайталай береді екенмін. “Бұл подкаст, солай ғой? Сіздің тыңдап отырғаныңыз, солай ма?”

Енді мен ноутбугіме үстінен сызылған «солай» сөзі жазылған жапсырманы іліп қойдым.

Мен уақытты артқа қайтара алмаймын және жасалған эпизодтарды өзгерте алмаймын, бірақ мен қатені тапқан кезде мынаны істей аламын: қатені көріп селк ету, оны түзету үшін өзіме ескертпе жазып алу, иығымды көтеріп, “амал жоқ” деп әрі қарай жүре беру. Мүлтіксіз болмау — қалыпты жағдай.

Бұл жерде менің ұстанымым: «Бөлшектегі емес, тұтастың кемелдігі». Бір эпизод менің өмірімді анықтамайды. Оны менің бар жұмысым анықтайды.

Сондықтан өзіңізді кешіріңіз, келесі жолы қалай жақсырақ жұмыс істеуге болатынына назар аударыңыз және әрі қарай жүре беріңіз. Алдыңызда әлі көп жұмыс бар.

5. Олар түзелуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, «қандай ақымақтық» деген оймен шоуымның біршама бөлімін тыңдадым. Бірақ ішімдегі енжар перфекционистке мұны сәтсіздік ретінде қарастырудың орнына, мен өзіме: «Мен бұл шоуды жүргізіп жатқан кезде әрбір эпизод оны жақсартудың тағы бір мүмкіндігі» деп айтамын. Дәлірек айтқанда, апта сайын төрт мүмкіндік.

6. Олар қарқынды көтеруге көмектеседі.

Алғашында бұл қарбалас жұмыс кестесін ұстану маған қиын болды. Бірақ уақыт өте келе қарқынымды арттырған сайын жағдай жеңілдей бастады — мен жұмыстың негізгі мезеттерін меңгеріп алдым. Музыкант Генри Роллинз бір кездері “жұмысты жалғастыра берсеңіз, бірте-бірте өзіңізді көбірек жұмысқа салсаңыз, бір күні сіз күніне 18 сағат жұмыс істей алатыныңызды байқайсыз” деген екен.

Әрине, бұл сізге күніне 18 сағат жұмыс істеу керек дегенді білдірмейді. Бірақ бұл да мүмкін нәрсе. Сіз бұрын ойлағаннан да көп заттарға қол жеткізуге қабілеттісіз. Менің ойымша, бұл тамаша сабақ.

Соңында тағы бір нәрсе айта кетейін: осы қарқынға жеткенде жаңа ойлар келе бастайды. Кейде сіз тіпті идеялар ағынының тоқтағанын қалайсыз, өйткені оларды жүзеге асыруға уақытыңыз жетпейді. Бірақ, менің ойымша, аздан гөрі көп идея жақсы, солай емес пе?

Демиан Фарнворт — Copyblogger-дің контент бойынша басты маманы

Түпнұсқа: www.copyblogger.com/constraints-improve-creativity/

530
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *