Шотландияға сапарым: 18-19-күндер

Шотландияға сапарым: 18-күн

Бүгін сенбі, түнде қатып қалдым, жаңа пәтер өте суық екен, жылуға төлейтін ақшаны үнемдеу үшін үй иесі жылуды көп қоспайды екен. тағы бір дәлелі әлі суық емес қой. Әрине далада жүрсеңіз сондай тоңбайсыз. Бірақ бөлме үлкен болғандықтан ба, тез жылуы және ұзақ уақытқа жылуды сақтап тұруы қиын сияқты.

Жаңа пәтерге енді көшіп келген соң маған ыңғайсыз болды ма, даладағы машиналардың шуы естілді ме, суықтан ба, әйтеуір мазам болмай, дұрыс ұйықтай алмай шықтым. Бұл пәтерден кеткім келді, таңертең Зариналарға қайта телефон соғып, сіздерде тұрамын деп айтамын деп өзімшше шешіп қойдым. Кеткім келді бұл жерден, осында келгелі бірінші рет қиналым, өзімді нашар сезінгенім осы болар.

Бірақ сенбі болған соң таңатпай ешкімге телефон соға алмадым, бір жағынан ұялдым,  екінші жағынан өз проблемаңды өзің шешуің керек емес пе, бала емессің ғой деп ұрсып қоямын. Ал кеткенде басқа пәтерді қайдан табасың, бұл пәтер табу оңай емес екенін көріәп отырмын ғой.

Сонымен үй иесіне айтып біраз шағымданып алдым, ол кісі егер ұнамаса басқа нәрсе іздеп көріңіз, мен енді сізге бұдан артық жағдай жасап бере алмаймын деген сияқты өз дәлелдерін айтты.  Ойланып, ойланып, Алматыдағы Эльвира ла уотсапқа шығып сөйлесіп, біраз жақсы болып қалдым. Сонан соң Жанармен сөйлесіп, ең болмаса бір апта шыдай тұрайын деген шешімге келдім, осы уақыт ішінде басқа пітер іздеп көрермін, немесе бір жөні болар деп өзіме басу айтып, үйде отыра бермей далаға шығып қыдырып келуді ұйғардым. Бұл дұрыс шешім болды.

Бұл жақта үйде отырмау керек екен, уақытыңды жұмыста, кітапханада, басқа да дүкен, саябақ, мұражай т.с.с. орындарда өткізген дұрыс сияқты. Үйден басқа жердің бәрі адамға ыңғайлы етіп жасалған. Кейбір шотланттықтар немесе Шотландияда тұратын британдықтар «Өз үйім өлең төсегім» дейтін қазақтар емес екен. Қазақтар үшін үй жайлы орын, қонақ күтетін, достарын қарсы алатын жер, сондықтан үй барынша таза, ыңғайлы, әдемі заттарға толы болуы керек. Мен білетін қазақтар өмір бойы өз үйінің болуы қалайды, мүмкіндігінше ол бір, екі, үш қабатты жер үй болуы керек, ауласы, бақшасы, моншасы т.с.с.  қосымшалары тағы бар. Сонымен бірге үйдегі жиһаз, перде, кілем, ыдыс аяқ т.с.с. жиі ауыстырылып, жаңарып тұруы керек. Ал, мысалы, мен тұрып жатқан пәтердің иесі үшін, олай емес. Үйі үлкен, бізде мұндай үйді төрт бөлмелі үй дер еді, асүйі де кең (басқа үйлермен салыстырғанда), дәлізі, қонақ бөлмесі, үйдің төбесі де биік  болғанына қарамастан, үйге басқаша қарайды екен. Ол үшін ең бастысы жұмысы, кәсіби өсуі, уақытының тиімді және пайдалы өтуі т.с.с. нәрселер.

Күннің қорытындысы: Әйтеуір кешке қарай көңілім орнына түсіп, осы жағдайыма қанағат ете тұрайын деп шештім.

Шотландияға сапарым: 19-күн

Кешегі нашар көңілкүйім қайталанбас үшін, жексенбі күнді саябаққа барып жүгіруден бастадым. Өз екпініммен жайлап бастауды жөн көрдім. Жарты сағат уақытым жүгіру, жүру, дем алу, қайтадан жүгіру, осымен өтті. Үйге қайтып келіп, шайымды ішіп, аяғыма етік сатып алуға дүкенге кетіп қалдым. Глазгода Сити центр деген қаланың бөлігі бар, қайнап жатыр, адамдардың, туристердің ең көп жүретін орны болар, неше түрлі дүкендер, кафелер т.с.с. жерлер бар.

Әйтеуір уақыт тез һтіп кетеді. Қызмет көрсету өте жақсы жолға қойылған, қалаған нәрсеңнің бәрін киіп, өлшеп көре бер, алмасаң да бәрібір.

Кешке кітап оқу, курсерадағы онлайн курсымның тапсырмаларын орындау, орородан ағылшын тілінде кино көру, осымен бұл күн де аяқталды.

Глазго, Шотландия

сенбі, жексенбі, 18-19.10.2014

 

538
Share

От bilimpaz

2 комментария для “Шотландияға сапарым: 18-19-күндер”
    1. Әрине, өткендегім жай бір жарты сағаттық «истерика» болды ғой 🙂 Қазір суығы да , басқасы да қинамайды, тек барлық жоспарлаған нәрселеріме уақыт жетпей жатқаны, істеуім керек, оқуым керек нәрсе өте көп. Уақытты қалай ұзартамын 🙂

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *