Авторы: Адиль Мусабаев

Қазақ тіліне аударған: Ақниет Жаркембекова

Ыстық құм туралы

— Ой! Аяғымды басып кеттің ғой!  

— Кешір! Бірақ мен түк көріп тұрған жоқпын!  

— Макс қайда? Неге ол мына қарғыс атқан шамды жақпайды?! Қайда жүр?  

— Осындамын! — деді біреу қараңғы бөлменің түкпірінен, сол сәтте жарық та жарқ ете қалды.  

— Бізді осында келуге кім мәжбүрледі өзі? Жүріңдер, жоғарыға шығайық.  

Үш ұл мен бір қыздан құралған топ ескі, қаңырап бос қалған үйге кірген еді. Олар осы үйде инсульттен қайтыс болған қожайынның елесі жайлы қала аңызын жоққа шығармақшы. Сыртта қараңғы түсіп, қалың қар жауып тұр. Бұл маңдағы жалғыз жұмыс істеп тұрған көше шамы бір жанып, бір сөніп, ақыры мүлде өшіп қалды.

— Ой! — деп шыр ете қалды қыз. — Біреу келе жатқан сияқты…  

— Тезірек! Макс, шамды ал да, жүгір!  

— Тұрыңдар! Тоқтаңда-а-ар! — деген дауыс арт жақтан жаңғыра шықты.  

— Тоқтамаңдар, жылдамдатыңдар!  

— Шалбарым түсіп барады!  

— УХ! — қашып бара жатқандардың бірі аяқ астынан дыбыс шығарып, содан соң гүрс етіп жерге құлады.  

— Фух… — деді соңдарынан қуып жеткен адам.  

— Қайрасың ба? Мен сені әлі Мысырда екен деп ойлап жүрсем…  

— Бүгін түсте оралдым. Сендерді іздеп шыққанмын: ауламыздан да, көршілерден де сұрадым. Ал сендер осында екенсіңдер ғой!

— Ба-лаа-лаар! Бұл Қайра ғой, бері келіңдер! — деп айқайлады жерге құлап қалған Әлихан.  

— Қайра ма?! Біз сені әлі Мысырда жүр деп ойласақ…  

— Ал мен қайтып келдім, сендерді іздедім, таптым, ал сендер болса қашып бара жатырсыңдар!  

— Охо, күнге күйіп, әбден қарайып кетіпсің ғой!  

— Иә, өзіме де ұнап тұр. Мысырда тіпті қыстың өзінде құм ыстық болатынын білесіңдер ме?! Табанымда әлі күнге дейін күйген ізі бар!

— Сен өтірік айтып тұрсың, құмнан күйік болмайды!  

— Өтірік емес!  

— Онда көрсетші!  

— Жоқ, көрсетпеймін. Ренжіп қалдым. 

— Демек, өтірік айтып тұрсың!  

— Өзің өтірік айтасың!  

— Балалар! Жетер айтысқандарың! Тыңдаңдаршы!  

Бәрі бір сәтте тына қалды. Ескі, қаңырап бос қалған үйдің ішінен қорқынышты, сұмдық «У-у-у-у!» деген дыбыс шықты.  

— Бұл… Бұл елес! Қашыңдар! Қашыңда-а-а-р!!!

Бұл ескерту аса қажет те емес еді. Дүбір басылды. Қаңырап қалған үйдің ауласында балалар тастап кеткен шам жатты. Жел мұржаны ұлытып, айдаһарша ысқырып тұр. Ешкім ешқашан бұл үйде елес болған-болмағанын да, ыстық құмнан күйік алу мүмкін бе, жоқ па – оны да білген емес.

Авторы: Адиль Мусабаев

Қазақ тіліне аударған: Ақниет Жаркембекова

Түпнұсқа: https://daktilmag.kz/64/children/adil-musabaev/pochti-pro-goryachiy-pesok/1250

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған:  Ақниет Жаркембекова, SDU университетінің педагогика және Гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті

166
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *