Қазақ тілінде Youtube-те онлай көруге болатын тегін тарих сабақтары
Оқушылар мектепке қайтып оралса да, онлайн оқудың маңызы еш кеміген жоқ. Мектепте оқылмай қалған немесе есейгенде естен шығып кеткен мәліметтерді алу үшін мұндай видео арналар таптырмас құрал. Сондықтан алдыңызға қазақ тілінде тарих туралы айтатын үш арнаны ұсынуды шештік.
1. “Онлайн Тарих” арнасы
Бұл арнадан Алматы қаласы М.Ганди атындағы №92 лицей мұғалімдері дайындаған ежелгі заман тарихынан бастап 8, 9-сынып оқушыларына арналған дүниежүзілік тарихқа дейін сабақтар бар. Сонымен қоса ҰБТ-ға дайындық аясында берілген бейнероликтер де табылады. Сабақтар шағын, 6 минуттан 20 минутқа дейін созылады, жолда немесе сабақ арасында әлде түскі ас кезінде тыңдауға ыңғайлы. Соңғы сабақ бір айдан астам бұрын қосылса да, арнадағы мәліметтер оқушыларға да, тарихи білімін жаңартқысы келген ересектерге де пайдалы.
https://www.youtube.com/channel/UCK2cmyvDB5fwsf1Wj8sN6XA/featured
2. “Достық білім” арнасы
“Достық білім” арнаның жалпы атауы. Тарих сабақтары осы арнаның “Онлайн сабақтар” айдарында басқа сабақтармен аралас келтірілген, сондықтан тарих туралы мәлімет алғыңыз келсе, осы айдарға кіріп өз бетіңізше сабақ атына сәйкес іздеуіңізге тура келеді. Біз тек “Қазастан тарихы” туралы бірінші сабаққа сілтеме береміз. Бұл сабақтар әр жылдың күзінде өткізілген тікелей эфирдегі сабақтардың жазбасы, сондықтан олардың әрқайсысының ұзақтығы бір жарым сағаттан асады. Арнада Қазақстан тарихы бойынша 5 сабақ, дүниежүзілік тарих бойынша 5 сабақ берілген, олар ҰБТ-ға дайындалуға да арналған.
3. “Тарих Марих” арнасы
Қазақстан тарихы туралы ресми көзқарастан өзгеше, әзілмен жасалған бейнероликтер арнасы. Бұл бейнелерді тарих сабақтары деп атау қиын, соған қарамастан негізгі тарихи мәліметтерді жеңіл тілмен жеткізуге, тез есте сақтауға өте жақсы септігін тигізеді. Бейнероликтер 5-10 минут ішінде қомақты ақпаратты түсінікті тілмен айтып береді. Балаларға да, ересектерге де көруге қызық.
Интернет желісінде тарих туралы сыр шертетін басқа да арналар бар болса, сілтемесін бізбен бөлісіңіздер. Жоғарыда берілген үш арна туралы өз пікірлеріңізді айтып, ойларыңызбен бөлісіңіздер.
Дайындаған Бақытжан Салихов