1960 жылдары психолог Элизабет Кюблер-Росс қайғылы жаңалықтарды қабылдау кезеңдерінің үлгісін ұсынды. Өзгерістерге төтеп беруге тырысқанда, біз бес кезеңнен өтеміз: жоққа шығару, ашулану, саудаласу, депрессия және қабылдау. Кейінірек  бұл кезеңдер әр адамда әрқалай, өз ретімен және өз қарқынымен жүретіні, кейбір кезеңдер қайталанып отыратыны анықталған. Қай кезең белсенді болғанына байланысты біз қиындық кезінде әртүрлі әрекет етеміз.

Жоққа шығару

Кейбір адамдар үшін жоққа шығару бірінші орында тұрады. Егер сіз ештеңе болып жатқан жоқ деп сенсеңіз, сізді қорқытатын нәрсені көрмесеңіз, яғни бұл туралы уайымыңыз (қорқыныш, әлсіздік, қайғы) да болмайды. Өзін осылай қорғауды балалардан байқауға болады, олар көздерін қатты жұмып, ешкімді көрмей жатса, онда оларды да байқамай қалады деп шын жүректен сенеді.

Жоққа шығару сатысында жүрген ересек адамдар да егер қауіпті көрмесе, онда қауіп те оны көрмей, жанынан өтіп кетеді деп қисынсыз сене бастайды.

Ашу (ашулану)

Кейбір адамдардың алаңдау мен үрей сезімі сыртқа бағытталады және сыртқы әлемге деген дұшпандыққа айналады, сөйтіп адам ашулану кезеңіне кіреді. Ол өзінің ашу-ызасын, долылығын және наразылығы мен қарсылығын сыртта болып жатқан әділетсіздікке бағыттайды. Бұл әртүрлі кейіпте көрінуі мүмкін: жақын адамдарымен жиі болатын қақтығыстардан бастап көшеде, мысалы, бетпердесіз жүрген адамға ұрысып, сес көрсету,интернетте өз пікірін айтқан адаммен ұрысу сияқты әрекеттерге дейін.

Саудаласу

Мазасыздық деңгейі жоғары адамдар бастапқыда саудаласу, мәмілеге келу кезеңінен өтуі мүмкін. Бәрін бақылауда ұстауға тырысу, соның ішінде айналаның бәрін дезинфекциялау, қолды күніне отыз рет жуу, үйден шықпау – бұл саудаласудың бір түрі: мен осылай істеймін, ақысына қауіпсіздік аламын. Бұл әрекет басқалардың жүйкесін жұқартуы мүмкін (әсіресе оларды да қатаң ережелерді сақтауға мәжбүрлеген кезде), бірақ соны ұстанатын адамның өзін тыныштандырады. Осылайша, адам болып жатқан жағдайларды субъективті түрде бақылауда ұстап тұрмын деген сезімде болады.

Мазасыздығы немесе басқа психикалық проблемалары бар адамдар үшін бұл уақыт әсіресе қиын екенін есте ұстаған жөн. Кейбіреулерді ресми статистика, пайдалы кеңестер, өсек-аяң немесе басқалардың агрессивті мінез-құлқы сияқты кез келген ақпарат жаралауы мүмкін.

Сіздің айналаңызда мұндай әсершіл, мазасыз адамдар болмаса да, өз ортаңызда тарататын ақпараттың мазмұнына мұқият болу арқылы оларға қамқор бола аласыз.

Депрессия

Мазасыздықтың тағы бір көрінісі депрессия кезеңіне сәйкес келеді. Адам ештеңе істегісі келмейді, тек кино, телешоу көріп немесе ойындар ойнап уақытын өткізеді, күнделікті өмірді елемейді. Бұл кезеңге тән нәрсе: өткен өмірі туралы өкініш, жоғалтқанын жоқтау және болашақ та жоғалтуы мүмкін нәрселерді ойлау. Бұл кезеңде адам барды бар деп қабылдауға, өзгерте алмайтын нәрсені  де сол күйінде қабылдауға дайындалады.

Біз құбылмалы әлемге бейімделе отырып, бәріміз бір кезеңнен екінші кезеңге көшеміз, соңында қабылдау кезеңіне де жетеміз. Бұл кезеңдерде басқа адамды және өзіңді де қабылдау қиын болуы мүмкін. Сондықтан мынаны есте сақтаңыздар:

  • Аталған кезеңдердің әрқайсысы болып жатқан жағдайға табиғи реакцияңыз.

Әдетте, олар бір-бірін ауыстырады (яғни қайғы жұмысы жүреді), осылайша адам ақыр соңында қабылдау сатысына өтіп, болашаққа байсалды қарап, өзгерістерден кейінгі өмірге бейімделеді. Бір кезеңде тым ұзақ уақыт тұрып қалған кезде дабыл қағып, көмек сұрау керек.

  • Басқа адамды бір кезеңнен екіншісіне күштеп өткізу мүмкін емес.
  • Қысым жасау тек адамның қорғану  механизмін күшейте түсуі мүмкін. Сондықтан бір кезеңнің аяқталып, келесіге ауысқанын күтуіңіз керек. Егер күшіңіз болса, жақындарыңызды қолдаңыз, бірақ «Бәрі жақсы болады» немесе «Не болды сонша, жинал, өзіңді қолыңа ал!» деген сияқты сөйлемдер көмектеспейді. Ең бастысы, сіз адамның қасында болып, қиындықтарды (мүмкін үнсіз) бірге өткере аласыз. Егер бұл сізге қиын болса, ұшақтағы ережені есте сақтаңыз: «Алдымен оттегі маскасын өзіңіз киіңіз». Ең алдымен өз жағдайыңызды жақсартуға күш салыңыз, өзіңізге қамқорлық жасаңыз, сондықтан психологиялық қашықтық сақтау да көмек болады.

    Психолг Елизавета Мусатова мақалаларынан еркін аударма жасаған Бақытгүл Салыхова

    2005
    Share

    От bilimpaz

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *