Қиын кітапты оңай түсінуге бола ма? Мортимер Адлер әдісі

Сіздерге ғылыми және көркем әдебиетті тез және дұрыс оқу ережелерін айтып берейік.

Мектепте жазғы демалыс кезінде оқуға берілетін кітаптардың ұзын тізімін оқимын деп қиналғаныңыз есіңізде ме?

Кітап оқығанда адам білім ғана алып қоймай, сонымен бірге рахаттануы да керек. Алайда кітап сізді қызықтырмаса, онда оны оқу нағыз азапқа айналады.

Бұл жағдайдың шешімі бар дейді мамандар. Тіпті қызық емес кітаптарды да оқу жылдам әрі тиімді болуы мүмкін. Бұл әдісті америкалық философ, ағартушы және танымал ғылымды насихаттаушы Мортимер Адлер ойлап тапқан.

Ол 1940 жылы жазған “Кітапты қалай оқу керек?” шығармасында бүгінгі күні де өзекті әдісті сипаттайды. Мортимер Адлер әдісі кез келген кітапты, мейлі ол көлемді ғылыми жұмыс болсын немесе көркем әдебиет болсын, қысқа мерзімде меңгеруге көмектеседі.

Адлер ойлы оқырман кітапты үш жолмен оқиды де санайды:

• Бірінші жол – аналитикалық. Мұнда оқырман кітаптың құрылымын түсініп, мазмұны мен негізгі тақырыптарына назар аударуы керек;

• Екінші жол – интерпретациялау. Бұл кезеңде, бастысы, сөздерді түсіну, негізгі ойларды бөліп алу және мәтінді өз сөзіңмен қайта айтып беру маңызды;

• Үшінші жол – бағалау. Бұл қадамда оқырман автормен пікір таластырып, оның қателескен немесе онымен келіспейтін жерлерін айтуына болады.

Алғашында оқырман осы үш жолды бірінен соң бірін ретімен қолданады, содан кейін олардың бәрін бірге қолдануды үйренеді. Алғашқы екі жол (аналитика және интерпретация) өзара байланысты, себебі олар мәтінді тереңірек түсінуге ықпал етеді. Мәтіннің құрылымы мен оның негізгі ойларын көрген соң, соңғы бағалау жолы қолданылады.

Кітапты аяғына дейін оқығанда ғана оны толық және дұрыс түсінуге мүмкіндігіңіз бар, үзіндісін оқу сізге шығарма туралы көзқарас қалыптастыруға көмектеспейді.

Адлер бір ғана кітапты оқуды шектеулі оқуға жатқызады, ал бір тақырыпқа қатысты бірнеше кітапты оқу кеңейтілген оқу деп түсіндіреді.

Кітапты кең көлемде түсіну үшін сөздіктерге, мақала жинақтарына жүгіну қажет, кейде басқа да танымал шығармаларды оқу қажет. Кейбір кітаптарды түсіну үшін адамның жеке өмірлік тәжірибесі болуы керек.

Ал енді осы оқу жолдарын бөлек-бөлек талдайық.

Аналитикалық жол.

Бұл әдісті сәтті қолдану үшін төрт ережені ұстану қажет.

Кітаптың түрі мен тақырыбын анықтаңыз. Сіздің алдыңызда қандай кітап тұрғанына байланысты сіз оған белгілі бір оқу әдісін қолданасыз.

Атауы, тақырыптары, алғы сөз және аннотация сізге кітаптың өзегі мен оның мақсаттары туралы түсінік қалыптастыруға көмектеседі.

Кітаптың негізгі ойын барынша қысқа түрде жеткізуге тырысыңыз. Жақсы кітап логикаға сай және біртұтас болады, оның барлық бөліктері бір-бірімен байланысты. Егер негізгі ойды дұрыс тұжырымдамасаңыз, онда сіз кітап мазмұнын автор ойлағаннан өзгеше қабылдауыңыз мүмкін.

Кітаптың құрылымын анықтаңыз (ол қандай және қанша бөліктерден тұрады) да барлық бөліктер арасындағы байланысты қадағалаңыз.

Іс-әрекеттер келесідей болуы керек:

• кітапта қанша бөлік бар екенін және олар не туралы екенін анықтау (ойыңызды қысқаша тұжырымдаңыз);

• әр тарауда / тақырыпшада неше бөлік бар және олар не туралы екенін анықтау;

Бір қарағанда, бұл адамды мезі қылатын әрекеттер сияқты көрінеді, бірақ уақыт өте келе сіз бұны автоматты түрде орындайтын боласыз.

Кітап авторы шешуге тырысатын мәселелерді анықтаңыз. Автор кітапта мазмұндай барысында әртүрлі сұрақтар көтеріп, оларға белгілі бір жауаптар береді. Кейде олар кітапта нақты суреттелмегендіктен, оқырман оларды өз бетімен табуы керек.

Интерпретация жолы.

Әдетте, бұл жол кітапты екінші рет оқығанда қолданылады.

Автормен бір тілде сөйлесуді бастаңыз:

• мәтіндегі басты сөздерді анықтаңыз;

• автор көрсеткен контекстте олардың нақты мағынасын түсініңіз.

Автор кейбір сөздерді ерекше мағынада қолдануы мүмкін. Оларды ойластырып, түсіну керек, онсыз мәтінді түсінудің келесі деңгейіне жету мүмкін емес.

Мәнмәтін (контекст) сізге таныс емес терминнің мағынасын қоршаған сөздердің көмегімен анықтауға көмектеседі. Терминдерден басқа, автор олардың синонимдерін қолдана алады. Кейде терминдер сөзбен емес, тұтас тіркестермен айтылады.

Өзіңізді тексеріңіз: егер сіз негізгі сөздерді бөліп алып, олардың мағынасын жақсы түсінсеңіз, сіз автормен бір тілде сөйлейсіз.

Басты ойларды анықтап, автордың негізгі тұжырымдарын табыңыз. Бұл жерде ең маңызды тұжырымдар түсінуі қиындық тудыратын сөйлемдерде қамтылғанын ескеру керек.

Бұл сөйлемдердің мағынасын түсінгеніңізге көз жеткізіңіз және оларды өз сөздеріңізбен қайта айтуға тырысыңыз. Егер сіз мұны істей алмасаңыз, сіз олардың мағынасын түсінбегеніңіз.

Өзіңізді түсіну қабілеттіңізді тексерудің тағы бір әдісі бар: тұжырымды өз тәжірибеңізбен суреттеуге немесе ұқсас оқиғаны еске түсіруге тырысыңыз.

Автордың дәлелдеріне көз жүгіртіңіз. Дәлелдер фактілер немесе аксиомаларға негізделіп, олардан шығатын қорытынды жасалуы мүмкін. Жақсы автор дәлелдеуде олқылықтар жібермейді, бөлімнің соңында оқырманға мәтінді түсінуді жеңілдететін маңызды ойларды жинақтап, бөліп көрсетеді.

Автор қойылған мәселелердің қайсысын толық ашқанын, дәлелдеу барысында қандай жаңа сұрақтар туындағанын және олардың түсіндірілгенін анықтаңыз.

Бұл ереже бұрынғыларды біріктіріп қана қоймай, оқудың бірінші жолын екіншісімен байланыстырады.

Бағалау жолы.

Оқу үрдісі аналитикалық және интерпретация жолдарында тоқталып қалмайды, өйткені оқу тек мәтінді түсінумен шектелмейді ғой. Шығарманы немесе кітапты зерттегеннен кейін автор ұсынған мәселе немесе сұрақ бойынша өз пікіріңізді қалыптастыруыңыз қажет.

Сіз өз көзқарасыңызды тәжірибеңізде бұрыннан бар білім негізінде немесе басқа авторлардың ұқсас мәселе бойынша пікірі негізінде де анықтай аласыз.

Оқу –  бұл автор мен оқырман арасындағы диалог, егер ол ережелерге сәйкес жүргізілсе, бұл байланыс конструктивті болады. Бұл қарым-қатынас ережелерін екі топқа бөлуге болады: жалпы принциптер мен сынның арнайы параметрлері.

Кітапты толық түсінбейінше өз пікіріңізді қалыптастырмаңыз. Сіз автордың ойлары мен дәлелдерін жақсы түсінетіндігіңізге сенімді болуыңыз керек, кітапты талдауды аяқтамай, ол туралы шешім шығармаңыз.

Сын айту тек келіспеушілік арқылы ғана жасалмайды. Сіз автор мәселеге жаңа көзқарас бергенін, кейбір мезеттерде авторға қарсылық білдіруге негіз бергенін мойындасаңыз да болады.

Пікіріңіз дұрыс екеніне сенімді болмасаңыз, дауласудың да қажеті жоқ. Даудағы соңғы сөз оқырманға жүктеледі. Есіңізде болсын, түпкі мақсат – бұл өзін-өзі таныту емес, шындықты табу. Оқырманның нағыз жеңісі –  жаңа білім алу. Өз көзқарасыңызды қорғау кезінде фактілер мен логикалық қорытындыларды басшылыққа алыңыз.

Айтқан сын сөздеріңізді дәледеңіз.

 Нақты дерек пен пікірдің айырмашылығын ажырата біліңіз. Пікір сіздің оқыған шығармаға деген бағаңыз бен нақты деректерге негізделіп құрылуы керек. Мәтіндегі мәселенің көрінісін біржақты қарамай бағалауға тырысыңыз.

Дайындаған Бақытжан Салихов

637
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *