ХХ ғасырдың ең мықты 4 педагогі
ЮНЕСКО-ның пікіріне сүйенсек, ХХ ғасырда педагогикалық ой 4 жетекші педагог жұмыстарының әсерінен қалыптасты.
• Джон Дьюи, америкалық философ және педагог.
Дьюидің педагогикалық теориясының негізі: әр түрлі өмірлік жағдайларға бейімделе алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу. Оның ойынша бұған мектеп көмектесуі керек: мектеп қоғамдағы өзгерістерге икемделіп, оған жауап беруге және сол қоғамның шағын түріне айналуға міндетті. Дьюидің пікірінше, оқу үрдісінде өзара көмек көрсету дағдылары мен ынтымақтасып жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға назар аудару керек.
• Георг Кершенштейнер, неміс педагогі.
Кершенштейнер «мектеп еңбек принципіне негізделген және өмірмен тығыз байланысты болуы керек» деген. Ол мектеп пен армияны ең маңызды мемлекеттік оқу орындары деп есептеді. Оның теориясында ерік-жігерді, батылдықты, ұстамдылық пен шыдамдылықты тәрбиелеуге көп көңіл бөлінді.
• Мария Монтессори, италиялық дәрігер және педагог.
Монтессори негізінен практикалық ойындар арқылы баланың бастамасы мен табиғи қабілеттерін дамыту, яғни еркін тәрбиені жақтады. Бұл үшін оқу аудиториялары ерекше жабдықталуы керек: жеңіл және баланың бойына сәйкес келетін жиһаз, дамытуға арналған әр түрлі ойындар мен құралдар, ал бөлме әр түрлі қызығушылық аймақтарына бөлінеді, олардың арасында бала өз қалауынша еркін қозғала алады.
• Антон Семенович Макаренко, Кеңес дәуірінің ағартушысы, педагог және жазушы.
Оның ілімінің негізі (сол кездегі рухқа сай), коллективизм арқылы адамдарды біріктіру идеясы болды.
Оның жүйесі кәмелетке толмағандар мен көшеде босып жүрген балалармен жұмыс барысында қалыптасқан. Макаренко өзі тәрбиелеген оқушылардың үлгісін қолдана отырып, болашақ азаматтарды тәрбиелеуде еңбек, тәртіп пен дербестік маңызды деген.
Дайындаған Бақытжан Салихов