Естеріңізде болса, осыған дейін «Шұғыл жұмыстар тұзағы» туралы айтқан едік.

Шұғыл жұмыстар тұзағы дегеніміз не? Джонс Хопкинс университетінің бизнес мектебінің зерттеулері көрсеткендей, біз шұғыл жұмыстарды бітіруді мақсат етіп, қызықты да маңызды мақсаттардан жиі бас тартамыз. Тіпті дәл қазір бізге қажет болып көрінген істі атқару үшін маңызды жобаларды кейінге қалдыруға бейімбіз.

Шұғыл жұмыстар тұзағына түсіп қалудан қалай сақтанамыз?

1. Жұмыс күнін маңызды және шұғыл емес тапсырмалардан бастаңыз.

Классикалық тайм менеджмент кітаптары бойынша бірінші кезекте «бақаны жеу» керек. Бұл кішігірім және жаныңызға жақпайтын жұмыстарды бірінші кезекте жасау қажет деген сөз. Бұл тәсілдің өз қисыны бар: телефонмен маңызды әңгіме жүргізіп немесе іш пыстыратын хаттарға жауап бергеннен кейін, біз өзімізді жеңімпаз сезініп, көтеріңкі көңіл-күймен басқа жұмыстарға кірісіп кетеміз.

Алайда бірінші «бақаның» артынан екіншісі, сосын үшінші, төртіншісі келу қаупі бар … Кеш  түскен кезде, сансыз «бақаларды» жеп болғанда, шын мәнінде маңызды тапсырмалар орындалмай қалғанын байқауыңыз мүмкін. Сондықтан сіз керісінше күнді маңызды, бірақ шұғыл емес нәрседен бастаңыз, содан кейін ғана кішігірім, жағымсыз тапсырмаларға көшіңіз.

2. Үзіліс жасауды үйреніңіз

Жаңа хабарламаларға бірден жауап беруге және кез келген кішігірім тапсырмалар мен сұраныстарды орындауға асықпаңыз. Терең дем алып, бұл қаншалықты шұғыл жұмыс екенін бағалаңыз. Егер тапсырма күте тұра алса,  оны кейінге қалдырып, үлкенірек және құнды жобамен айналысыңыз.

3. Жұмысты топтастырып жасауға тырысыңыз

Маңызды тапсырмаларға 40 минут, ал шұғыл тапсырмаларға 15 минут бөлдіңіз дейік. Майда-шүйде жұмыстарға батып қалмау үшін таймерді орнатып, ол дыбыс бергенде, көлемді жұмыстарға оралыңыз. Қоңырау шалу немесе жаңа хат өз кезегін келесі 40 минут болғанша күте тұра алады.

4. Істерді біріктіріңіз

Көптеген ұсақ-түйек жұмыстарды метрода келе жатқанда, пошта бөлімінде кезекте тұрып, сабақтан балаңызды күтіп отырғанда жасауға болады. Мұндай сәтте диссертациямен, кітаппен, есеппен немесе жоспармен айналысу мүмкін емес, бірақ хабарламаларға тез жауап беру, кейбір қағаздарды толтыру, кішігірім түзетулер енгізу әбден мүмкін.

5. Шұғыл тапсырмалар ешқашан бітпейтінін ұмытпаңыз.  Қазір дәрігерге жазылу, хаттарға жауап беру, балаңызға жаңа аяқкиімге тапсырыс беру, есеп картасын толтыру сияқты күнделікті ұсақ-түйек жұмыстарды  тез арада бітіріп, жеңілдеп маңызды жұмыстар мен жеке жобаларыммен айналысамын деп ойлау — үлкен қателік! Майда, бірақ шұғыл жұмыстар, сіз оларды қатал бақылауға алмайынша, бітпейді, үсті-үсті түсе береді.

510
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *