Бәрі жаман болады: «апатты ойлау» деген не және оны қалай басқаруға болады?

Кейде біз мәселелерді жоқ жерден ойлап табуға бейімбіз, бірақ бұл жағдайдың да шешімі бар.

Мақаланы бастамақ бұрын өмірден бірнеше мысал қарастырайық.

Жұмыс беруші сіздің түйіндемеңізден бас тартты ма? Сіздің ойыңыз: Бітті, мені ешкім ешқашан жұмысқа алмайды, мен аштан өлмеу үшін өмір бойы қайыр-садақа сұраймын немесе ата-анамның мойнында отыруға мәжбүр боламын.

Балаңыздың қызуы көтерілді ме? Сіздің ойыңыз: «Ойбай! Бұл пневмония, коронавирус, менингит» немесе басқа асқынған ауру болуы мүмкін.

Сіздің сүйікті адамыңыз смартфон экранына қарап күлді ме? Сіздің ойыңыз: Оның, сөзсіз, ашынасы бар, енді ол мені тастап кетеді, мен қалған күндерімді жалғыз өткіземін.

Өзіңізді әлде құрбы-құрдастарыңызды таныдыңыз ба? Онда сіз немесе сіздің достарыңыз, бәлкім, катастрофизацияға, немесе, басқаша айтқанда, «апатты ойлауға» (катастрофическое мышление) бейім болғаныңыз.

Апатты ойлау дегеніміз не?

Бұл когнитивті бұрмалау, оның кесірінен біз өміріміздегі кез келген жағымсыз оқиғаны асыра бағалап, тым жаман қылып көрсетеміз. Тіпті оқиғалардың өзін емес, солай болып қалады-ау деген болжамдар мен ықтимал жағдайларды да асыра сілтеп жаман жаққа бұрмалаймыз.

Когнитивті мінез-құлық терапевті Дэвид Бернс, «Көңіл-күй терапиясы. Депрессияны дәрісіз жеңудің клиникалық дәлелденген әдісі» кітабының авторы катастрофизацияны «бинокль эффекті» деп атайды. Өйткені адам болып жатқан жағдайдың мағынасы мен мәнін бинокль сияқты өте үлкейтіп, шарықтатып жібереді.

Даниэль Фридман, психикалық денсаулық жөніндегі кеңесші, катастрофизацияны объективті шындыққа негізделмеген бұрмаланған ойлаудың бір түрі ретінде қарастырады. Кеңесші апатты ойлаудың екі түрі бар деп есептейді.

1. Осы, нақты уақытқа бағдарланған

Бізге, нақты дәлелі жоқ болса да, дәл қазір өз өмірімізде сұмдық жағдай болып жатқан сияқты болып көрінеді.

Сүйіктіңіз қоңырауға жауап бермеді ме? Ол апатқа ұшырап, қайтыс болған шығар. Сіздің жасөспірім ұлыңыз дөрекі болды ма? Ол міндетті түрде есірткі қабылдайды, ашу-ыза – соның белгілерінің бірі.

2. Болашаққа бағдарланған

Бұл жағдайда біз апаттың кейінірек болатынына сенімдіміз.

Ұшақ ауада селк етті ме? Бұл қозғалтқыш істен шықты, біз құлап қалып, быт-шытымыз шағады. Бастыңығыз сізге ескерту жасады ма? Бәрі бітті, ол мені жұмыстан шығарады, барып заттарымды жинай берейін.

Мына сілтеме бойынша мультфильмді көрсеңіз болашаққа бағытталған апаттық ойладуың не екенін жақсы түсінесіз.

Дайындаған Бақытжан Салихов

570
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *