Авторы:Тахмина Амиргазина

Қазақ тіліне аударған: Ерлан Умашев 

Ұрланған қуыршақ

Күнделікті аула шуының арасынан кенет қыздың ақырын жылаған дауысы естілді. Сол сәтте қыздың қасына екі бала жүгіріп келді. Бірі – қара шашты Ербол, екіншісі – аққұба Еркін. 

– Не боп қалды? Неге жылап отырсың? Бір жеріңді ауыртып алдың ба? – деп сұрады қатты алаңдаған тоғыз жасар Ербол. Ол үйдің үлкені болғандықтан өзінен кіші іні-қарындасына бас-көз болу өзміндеті деп есептейтін.

– Ұ-ұ-ұ-рлап кетті! Қуыршағымды ұрлап кетті! – деп Еркежан дауысын әстен-әстен көтеріп жылай бастады.

– Өй, сен де бір! Адамды қорқыттың ғой. Неге бірден ұрлап кетті деп ойладың? Мүмкін бір жерде қалдырып кеткен боларсың?

– Мен барлық жерді қарап шықтым, еш жерде жоқ, – деп үйдің кенжесі дауысын одан сайын көтеріп, жылай түсті. 

– Жүр, қайтадан қарап шығамыз, – деп Ербол қарындасын жетектеп, қуыршақты іздеуге шықты.

Үйдің ортаншысы Еркін де бірге іздесті. Бірақ еш жерден таппады.

– Шынымен ұрлап кеткен сияқты, – деп мойындағандай Ербол үнсіз желкесін қасыды.

– Бұл ең қатты жақсы көретін қуыршағым еді деп, – Еркежан тағы жылай бастады.

– Онда қуыршақты кім ұрлағанын табайық, – деді Еркін.

– Оны қалай таппақшысың? – деп күлді Ербол. 

– Әке-шешемізге айтуымыз керек, – деп үйдің тұңғышы сөзін жалғастырды.

– Оларға айтамыз дегенше ұры қашып кетеді. Дұрысы: қазір кімнің сөмкесі немесе дорбасы бар, соларды тексеріп шығайық. Қуыршақ кішкентай емес, оны қалтаға сала салмайсың, – деп Еркін ұсыныс айтты.

– Сендерге не керек?– деді қыз, оларға жақтырмай қарап.

– Мына жерден қуыршақ көрмедің бе? – деді үш «із кесуші».

– Жоқ, – деп қыз артқа бұрылып кете берді.

Бірақ үшеуі одан жауап алмай кетпеуге бел байлағандай, қайта сұрақ қойды:

– Сөмкеңде не бар екенін көрсете аласың ба? Біз қуыршақтың сенде емес екеніне көз жеткізуіміз керек, – деп Ербол қызға жақындай түсті.

– Не үшін сөмкемді көрсетуім керек? Қазір анамды шақырамын, – деп қыз үшеуін қорқытты.

– Тоқтай тұршы, біз еріккеннен тексерейін деп жүрген жоқпыз ғой, – деп Еркін алға шықты. – Сөмкеңді көрсетсең, шоколад беремін, – деп қалтасынан шынымен шоколад алып шықты.

– Пара, – деп Ербол ала көзімен қарады, бірақ бұл әдіс жүзеге асты.

«Кінәлі» жаймендеп сөмкесін Ерболға берді. Сөмкенің ішінде қуыршақ бар екен. Бірақ ол Еркежандікі емес. «Із кесушілер» ештеңе таба алмай құр қол қайтты, ал қыз «параның» көзін бірден құртты.

Енді екі жасар баланы тексеру керек. Ол құммен ойнап отыр, ал дорбасы қасында шашылып жатыр. Жақын жерде анасы баласын бақылап отыр. Ол дорбаны тексеруге рұқсат бермейтінін біліп Ербол: 

– Мен анасын алаңдата тұрайын. Еркежан, сен сол кезде дорбаны тексеріп кел. Еркін екеумізді байқап қояды, – деді.

Еркежан келіскенін білдіріп басын изеді. Сол сәтте Ербол баланың анасына барып:

– Кешіріңіз, сіз осы үйде тұрасыз ба? – деп оның назарын өзіне аударды.

Әйел адам таңдана: 

– Иә, не боп қалды? – деді.

Еркежан баланың қасына жетті, бірақ тастай қатып, қозғалмай тұрып қалды. Балалардың жоспары іске аспай қалатындай.

– Сізге су үшін түбіртек келді ме? – не дерін білмеген Ербол, үлкендерден естіген сөзін айта салды.

– Түбіртек? Су үшін? – деді әйел таңданып. – Келді, электр энергиясы үшін де түбіртек келді, – деп сөзін жалғады.

Еркежан әлі қозғалмай тұр. Сол кезде Еркін жүгіріп барып, дорбаны қарап үлгерді. Ішінде қуыршақ жоқ болып шықты.

– Қызық екен, бізге келмеді, – деп Ербол кетіп қалды.

Әйел біртүрлі қарап, Ерболды шығарып салды. 

Еркежан әрең дегенде есін жиып, ағаларының артынан жүгірді.

– Енді не істейміз? – деді Ербол. Ойына ештеңе келмеген Еркін тек басын шайқады.

Тексерілмеген тек белтемірдің қасында жүрген балалар қалды. Олар мектеп жасындағы жеткіншектер еді.

– Мүмкін қуыршақ соларда шығар? Бірақ олар қуыршақты қайтсін? – деді барып сұрауға қорыққан Еркін.

Ербол інісінің ойымен келісті, бірақ артқа қайтар жол жоқ. Қарындасы жылап, інісі қорқып тұр.

– Сендер осы жерде тұрыңдар, өзім барып сұраймын, – деді Ербол.

– Ассалаумағалейкүм, жігіттер, – деп амандасты «аға із кесуші». Жігіттер оған назар аудармады.

– Тыңдаңдаршы! Маңызды әңгіме бар! – деді Ербол.

Олар бұған бағалай қарады, тіпті біреуі белтемірден түсіп:

– Қандай әңгіме ол? – деді.

– Менің қарындасым қуыршағын жоғалтып алған. Біз барлық жерді қарап шықтық, адамдарды да тексердік, тек сендер қалдыңдар. Сөмкелеріңде не бар екенін көрсете аласыңдар ма? – деді Ербол.

– Сен не деп тұрсың? – деп жігіттер ашулана бастады.

Ербол сөзін жалғап:

– Қуыршақтың сендерде емес екенін білемін, ал егер мен сөмкелеріңді тексермесем інім мен қарындасым «қорықсаң болды, беріле салу керек» деп ойлап қалады. Мен өтініп сұрап тұрмын, – деді Ербол.

– Сен құтырған екенсің, – деп белтемірден түскен бала Ерболдың жағасынан алды. «Аға із кесуші» қорыққаннан көзін жұмды. Кенет:

– Тоқта, жібер оны, – деді екінші бала. Ол жаймендеп Ерболға жақындап сөмкесін көрсетті және басқаларға да сөмкелерін көрсетуді бұйырды.

Ербол үндемей сөмкелерін қарап шықты, күткендей қуыршақ оларда емес екен.

– Рахмет, жігіттер! Сендерге қарыздармын! – деді өзінің жолы болып кеткеніне сенбеген Ербол. 

Еркін мен Еркежанның көзіндегі мақтаныш отын көрген Ербол, тәуекел етіп балаларға барғанына өкінбеді.

Достарының біртүрлі қарағанын байқаған жігіт, белтемірге қайта асылып:

– Менің де іні-қарындасым бар, – деді.

Жас із кесушілер үйге қуыршақсыз қайтты, бірақ бойларында мақтаныш сезімі қайнап жатты. 

Үйге кіргенде олар сілейіп тұрып қалды. Есіктің алдында көзі бақырайып жатқан қуыршақты көрді.Үшеуі де ішек-сілесі қатып күлді. 

Сәлден соң есін жиып, демін алған Еркежен ағаларынан:

– Пара деген не? – деп сұрады.

Авторы: Тахмина Амиргазина «Жолдас», «Украденная кукла»

https://daktilmag.kz/42/children/tahmina-amirgazina/rasskazy/649

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Ерлан Умашев, SDU университеті Гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті 

13
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *