Авторы: Гүлнар Жандыбаева

Қазақ тіліне аударған: Айнұр Джаулбаева

Сиқырлы тастар

– Қарашы, әже, бұл зымыранға ұқсайды ғой! –  бес жасар Куки сопақша келген қиыршықтасты көрсетті. 

– Дұрыс, Куки, Күнге ұшып бара жатқандай, – деп әжесі немересін жігерлендірді.

– Ол жерде жанып кетпей ме? – деп уайымдады бала қабағын түйіп.

– Жоқ, қарашы, – әжесі тастың ойығын тауып көрсетті: – Қызып кетуден қорғайтын қорғанышы бар сияқты.

– О, керемет! Ғрың- ғырың-ң-ң-ң… – деді де, Куки шаңды көтеріп, үйге барар жолмен жүгіре жөнелді. 

«Аты жоқ ғаламшар» құм мен шаңның күңгірт реңкіне боялғандай. Дегенмен көп жыл бойы отбасы үй ішіне ашық түстер енгізіп, жайлы етіп, өмірін жарқын етуге тырысты. Үйдің іші көгілдір, ал оның айналасындағы қоршау кемпірқосақ түсті тастармен қапталған. Сәби ойнаған аулада ғаламшардың түкпір-түкпірінен әкелінген ерекше гүлдер мен сирек өсімдіктер егіліп, олар осында тамыр жайды.

– Куки-Пачи, қарашы бұл тас Марсқа ұқсайды! Дәл сондай қызыл. Қара, әне көріп тұрсың ба? – деп әжесі алыстағы төбені нұсқады.

– Демек сол жерден қызыл тастарды табуға болады. Жүр, сонда барайық.

– Рахмет, әже! Сіз түзу әрі әдемі тас тауып бердіңіз. Оны маған беріңізші! Мен оны анама көрсетемін, – деп қуаныштан секріп, шыдамай қиыршық тасты сұрай бастады. 

– Оны шелегіңе сал. 

– Шелегім толып қалды, келесі демалыста екі шелек алып, ұзағырақ қыдырайық?! Иә, мә? – деп Куки әжесін көндірді. 

– Балам, оның сұлулығы да осы ғой – өзіңмен бір ғана шелек аласың, сосын біз тек ең ерекше тастарды жинаймыз! – деп әжесі сүйсіне күлді. 

– Ал мен сізге уәде беремін, сіз екеуміз демалыс күндері әлі көп серуендейміз! Уайымдамаңыз…

– Мүмкін ертең тағы келерсіз? Жұмысқа бармашы, өтінемін…

– Сабырлы бол, қымбаттым… Жұмысқа бармасам, бір жерде жаман нәрсе болып, менің аймағымдағы метеориттер бүкіл планетаны жоюы мүмкін! Мен ғарыш қоқыстарының бәрінВенерадан алыстатамын, Венера планетасы есіңде ме? – деп сұрады әжесі. 

– Иә, әже… Ол жерде өте ыстық, о-о, біз қызарып, әдемі болып бара жатырмыз… – ол тіпті қызып кеткендей кейіп танытты.

– Ал, атамыз өз кезегінде метеориттерді ұстап алып, қара тесікке жібереді. Осылай біз өте маңызды жұмыс істеп жатырмыз! – деп әжесі немересінің басынан сипады. 

– Бірақ бүкіл Әлемде, мен үшін ең бастысы, демалыс күндері саған қонаққа ұшып келіп,ең әдемі және ерекше тастарды жинау!

– Ал мен үшін бұл өте маңызды! Компьютер ойындарын ойнаудан да маңыздырақ! Қиыршық тастарыммен ант етемін, әжетай!

– Маған келші, құшақтайын сені, кішкентайым, сен тым тез өсіп бара жатырсың … – ол сүйікті немересін қатты құшақтады.

– Әже, мен өскенде, атам мен сіз сияқты ғарыш кемесінде ұшамын ба?

– Әрине, қаласаң ғана! Бірақ сен бұдан да жайлы жағдайда жұмыс істейсің деп үміттенемін. Мүмкін сен үлкен бастық боларсың! – Ол саусағын көтеріп, әзілдеп қасын түйіп, маңғаз түр жасады.

– Мен бастық болғым келмейді! – Куки мұндай болашаққа қарсы болды.

– Шынымды айтсам, бастық болудың қандай екенін нақты білмеймін, бірақ менің ойымша, олар тәуекел ете алмайды! Олардың жұмысы да жеңіл…– деп әжесі жан-жағына қарады.

– Ал мен де сен сияқты ғарыш кемесінде ұшқым келеді. Қарашы, мына қиыршық тас сенің кемең сияқты, ал мынау атамдікіндей! – Немересі шелегін ақтарып, екі тасты көрсетті.

– Менің «Жебемнің» көшірмесі. Оларды кемеміздің түсіне боясақ қалай қарайсың?

– Жарайды! Содан кейін оларды Жерге ұшырамыз ба? – деп бала қуанып кетті.

–  О-о-о… Бұл өте керемет екен!

–  Әже, сіз ол жақта болдыңыз ба?

– Жоқ… Бірақ олар бұл жер әлемдегі ең жақсы жер дейді, – деді әжесі ойлана.

– Ол жаққа ата-анаммен бірге барайық, қалай өмір сүріп жатқандарын сұраймыз? Өз көзімізбен де көреміз.

– Куки жаным, ол жаққа жету оңай емес! Жерде өмір сүруге лайық болуың керек, рухани дайын болуың керек…

– О-о-хо-о, мұның бәрі сондай күрделі және ересектерше,  – деп бала күңкілдеген бейнені көрсетуге тырысты.

– Хмм, мұның бәрі оңай емес, әрине. Бірақ ең жақсы өміріңді сол жақта, жомарт Күннің шуағында өткізетініңді анық білемін…  Ал, кеттік, анаң тәтті бәліш пісіріп қойған шығар, маған қолыңды бер.

Авторы: Гүлнар Жандыбаева рассказы из цикла: «Куки-Пачи в погоне за солнцем», «Волшебные камушки»

https://daktilmag.kz/42/children/gulnar-zhandybaeva/rasskazy/648

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Айнұр Джаулбаева, SDU университеті Гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті 

15
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *