Авторы: Дидар Абланов

Қазақ тіліне аударған: Ақбота Миралықызы

Урал

Иықбауы бар былғары күртеше киген, самай шашы қырылған Коля қараңғы жағалауда көңілсіз келе жатты. Ол мектепте алған нашар бағаларының кесірінен анасымен ұрысып қалған еді. Анасы оны “ақымақ” деп балағаттап, бір айға телефонын тартып алған. Сол кезде ол қашып кетті. Үйден атып шығып, қараңғы түнге сіңіп жоқ болды.

Безеу самайы ашудан бүлк-бүлк етеді, жұдырығын түйіп, ашуын кімнен аларын білмей, жан-жағына қарады, бірақ өзен маңында ешкім жоқ еді. Канал қабырғасына жиіркенішті суреттер салынған: өлтіруге, бүлік жасауға шақыратын жазулар, қорланған мәйіттер, атақты адамдардың ұсқынсыз карикатураларының бәрі қан қызыл түспен боялған. Бұл жиіркенішті көрініс каналдың сонау жағына дейін созылып, серуендеп жүргендердің санасына арам ой салады. Қараңғыда тіптен тылсым әрі зұлым күшке ие сияқты. 

Коля  жанып тұрған жалғыз шамның түбіне келіп тоқтады. Ол жерде қоршауға сүйеніп кеңес дәуірінен қалған байғұс «Урал» велосипеді тұр екен. Бояуы әбден қабыршақтанып кетіпті, аянышты әрі дәрменсіз күйге түскен. Иесі оны құлыптамай қалдырған екен. Коля жымысқы ойына мырс етіп күлді. Жоға, ол велосипедті ұрламайды, бұның оған түкке де қажеті жоқ. Оның орнына оны өзенге лақтырып жібермекші, сөйтіп біржола жоқ қылмақ. Ол велосипедтің тот басқан жақтауынан екі қолымен мықтап ұстап, бір-ақ көтеріп, ауырлығына шыдамай, жерге шалқасынан құлады. Арқасының ауырғаны сондай, біреу омыртқасына өткір нәрсе сұғып алғандай. Коля шошып кетсе де, орнынан тұруға тырысты. «Қап, ұсталып қалатын болдым!» Сол кезде біреу қолынан шап беріп ұстап алып, жерге бастырды. 

— Қозғалма, — деді біреу төмен дауыспен.

— Мен… мен е-ештеңе жа…

Бейтаныс адам оның қолын қайырып, шынтағымен арқасын басты. Коля білегім сынады-ау дегенде, ауырғаны сап тыйылды. Әлгі адам оған тұруға көмектесті. Басын көтергенде орта бойлы, шашына ақ кірген, қара торы кәрі кісіні көрді. Оның көзі ойыншық аюдікіндей мейірімді еді.

— Балам, хәлің жақсы ма?

— И-иә… рахмет.

— Велосипед ауыр ғой, оны жас кезімде де әрең көтеретінмін. Ол кезде тіпті бессайыс спортымен айналысқан ем.

— Мен… Қап, кешіріңіз. Ақымақ басым, мен енді…

— Ештеңе етпейді, өмірде ондай-ондай болып тұрады. Мә, дәм тат, қарындасыңа да берерсің, — деп жымиды да, Коляға ыстық бәліш салынған кішкентай дорба ұстатты. 

Жақсы адамдар кейде тым аңғал келеді, басқалар туралы ойы тым өзгеше. Оларша бозбаланың бәрінің міндетті түрде бауырлары болуы керек сияқты. Коля бәліштен бас тартқысы келді, қарындасы жоқ екенін, анасының жалғыз ғана бұзық баласы екенін айтқысы келді, бірақ айта алмады.

— Рахмет…

Олар ұзақ әңгімелесті. Қария Колядан өмірі туралы, қандай оқуға түскісі келетіні жайында сұрады. Ол қысылып, жауап беруден қашқақтады. Қарт болса, немерелері, ауылдағы балалық шағы, он бір жасында болашақ жарын кездестіргені туралы сөз етті. Онымен әлі күнге дейін бірге екен. Ақыры екеуі үнсіз қалды. Бозбала аяқ астына қарады, ал қария айға көз тастады – бұлт арасынан айдың кішкентай ғана бөлігі көрініп тұр.

— Кеш болды, көшеде бұзықтар көп, анаң уайымдап отырған шығар. Менің велосипедіммен үйіңе жетіп ал. Тағы көрісіп жатсақ, қайтарарсың.

Коля қарсылық білдіргісі келді, бірақ қария оны велосипедке отырғызып үлгерді. Бозбала жаңа танысына рахметін айтып, жүріп кетті.

Қайтар жолда жағалаудағы шамдар жанып тұрды. Коля әсіре ұсқынсыз бейнелер мен балағат сөздердің арасынан, қайдан шыққаны белгісіз, көзі аспан түсті нәрестенің кішкентай ғана портретін көріп қалды – таза әрі жүрек тебірентер сурет. Сәл алшақта, бормен салынған күн шуағына малынған шалғын, бақыттан басы айналған қос ғашық пен сезімге толы сөздерді көрді. Сондай-ақ үлкен әрі түрлі-түсті әріптермен жазылған: «Анашым, сен ең керемет жансың!» деген жазуды байқады.

Авторы: Дидар Абланов “Урал”

Әңгіменің түпнұсқасы: https://daktilmag.kz/13/children/didar-ablanov/rasskazy-ural-volchya-bezdna/132

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Ақбота Миралықызы, SDU университетінің педагогика және Гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті

16
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *