Біздің тентек отбасы

Орыс тілінен аударған: Ерасыл Тыныбек, SDU университеті, Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті.

Біздің тентек отбасы

— Сендер кімге тарттыңдар өзі?!

Біздің отбасымызда екі дәстүр бар. Бірі – тамақ үстінде отырып, менің және ағамның бала күнгі қылықтарын еске алу. Екіншісі – әңгіменің соңында анамыздың: “Сендер нағыз тентек баласыңдар!” деп түйіндеуі.

Осындайда анама қарап: “Кімге тартушы едік? Әрине, өзіңе!” дегім келеді. Өйткені анамыздың өзі де кішкентай кезінде бізден кем түспейтіндей тентек болған!

Қысқасы, біздің отбасымыз – “Бірінен-бірі өтеді” дегеннің дәлелі. Ал “Алма ағашынан алыс түспейді” дегенді көз жеткізу үшін, міне, сіздерге біздің ең қызықты тентек оқиғалар!


Анамыздың бала күнгі ерлігі

“Байғұс қарындасым

Кішкентай күнімде досым Зүлкінің сіңлісін өлтіріп ала жаздағанбыз…

Бір күні оның ата-анасы сіңлісін серуендетуді Зүлкіге тапсырады. Балақай әлі кішкентай, қоларбамен жүреді. Ал біздің аула – нағыз шытырман оқиғалардың мекені: бір шетінде биік төбе, төменге түссең – ескі сарайлар.

Әдеттегідей, арлы-берлі жүріп жалыққан соң, мен Зүлкіге:

— Сен төменде тұр, мен жоғарыдамын, арбаны сырғытайық!

Алғашында жай сырғыттық. Кейін қызып кетіп, жылдамдата бастадық. Бір кезде арбаның бағыты өзгеріп, сарайға қарай жүйтки жөнелді!

Байғұс қарындасымыз жерге ұшып түсті де, шыр ете қалды!

Сол-ақ екен, Торы тәтеміз жүгіріп келіп, бізді бір сыбап алды. Ал мен болсам, үйге қарай зытып, ас үйдегі үстелдің астына тығыла қалдым.

“Біз Жангүлді өлтірдік пе? Әлде мүгедек қылып қойдық па?”

Көп ұзамай ата-анам диванға отырып, сыбырласып әңгімелесе бастады. Мен тықыр етпей отырмын.

— Зүлкі тағы да ұрыс естіді, – деді әкем.

— Ал біздің қыз қайда? – деді анам.

— Әдеттегідей, асүйде үстелдің астында тығылып отыр.

Әкем басын еңкейтіп қараса, жанында анам да тұр. Екеуі үнсіз тесіле қарап тұр.

— Біз Жангүлді өлтірдік пе? – деп еңкілдеп жылап жібердім.

Олардың түріне қарасам… Өлтіріп қойған шығармыз…

— Жоқ, тірі. Тек шошып кетті.

Қуанышымда шек жоқ!

— Тоты тәте мені өлтірмей ме?

Бұл сұраққа жауап бермесе де, тірі жүргенімнің өзі жақсы белгі еді…


Өзімнің бала күнгі ерлігім

“Тентек мінез”

Мен бала кезімде қыңыр едім. Әлде қатыгез дейміз бе?..

Бәрі әпкемді қинаудан басталды. Еңбектеп жүрген күнімнің өзінде оны тістеп, шымшып мазасын алатынмын. Ал жүре бастаған соң, аяқ-қолымды еркін пайдалануға мүмкіндік туғаннан кейін, тіпті шектен шыға бастадым.

Ұл балалар шелектен соққы жеп жатса, мен жауынқұрттарды екіге бөліп, “тәжірибе” жасап жүретінмін. Ағам аяғын сындырып алған кезде, дәл сол аяғына келіп, ағаш ойыншығыммен қойып қалғаным бар…

Бірақ бәрінен де “мыстан” іздеген кезім ерекше есімде.

Маған “Зүмірет қала” деген кітап алып берген. Сол кітаптағы Бастинда атты мыстан қара жамылып жүретін. Осыдан кейін, мен үшін қара киім киген кез келген әйел – мыстан болатын!

Көшеде қара көйлек киген біреу өте қалса:

— Мыстан!!! – деп айғай саламын.

Отбасылық танысымыз толықша келген адам еді, сондықтан қара түсті жиі киетін. Бірде бізбен бірге Алакөлге демалысқа барғанында, мен оны суға жақындатпай қойдым! Қара көйлек, қара сөмке, қара көзілдірік – қалай қорықпайсың?!

Сол демалыста ол бізден жырақ жүзіп жүрді…

Осы оқиғадан кейін бірнеше жыл өтті. Сенесіз бе? Ол кісі әлі күнге дейін біздің отбасымен араласады! Бірақ үйге кірерде:

— Мені ішке кіргізуге бола ма? – деп сұрайды.

Менің қыңырлығым тек осы емес. Балаға “Темекі шегу – зиян” деп үйретеді ғой. Ал егер кішкентай қыз үлкен ер адамға осыны айтса, не болар еді?

Қиялдаудың қажеті жоқ.

Бірде туыстарымызбен демалыста отыр едік, бір ағай темекі тұтатты. Мен болсам, қолымды беліме қойып:

— Темекі шегу – зиян! – дедім.

Анам болса, бетін басып, “Біссіміллә” деп тәрбие жұмысына қайта кірісті…


Біздің отбасының тағы бір дәстүрі

Қашып кету – біздің отбасымызда нағыз дәстүр.

Кеше анам күнделігімді қарап отырып:

— Сен тағы да биологиядан қашқансың ба?

— Ол өмір бойы сабақтан қашып келеді ғой, – деп ағам қосылды.

Дұрыс айтады. Қашу – біздің отбасымыз үшін өнер!


Ағамның “қонақ күту” тәсілі

Мен кішкентайымда өз бетіммен қашып кететінмін. Қолыма түссем, көшемен зуылдап өте шығамын, тіпті бағдаршамдағы қызыл түс те мені тоқтата алмайтын!

Ал ағам… Ол бес жасында өзін “ересек” сезініп, жалғыз серуендей бастады. Бірақ қайда серуендейтінін ешкім білмейтін…

Бірде ол тым ұзақ жоғалып кетті. Ауламызды, дүкендерді, барлық көрші үйлерді аралап шықтым. Ешкім көрмепті.

Кешке таман ағам үйге өзі кіріп келді.

Қайда болған дейсіз ғой?

Жай ғана жаңа достар тауып, солардың үйіне қонаққа барып жүрген екен! Және күн сайын басқа біреудің үйінде қонақ болып жүрген…

Анамыздың “Сендер кімге тарттыңдар өзі?!” деген сұрағына жауап іздесек, бәрі түсінікті ғой…Сіздер қалай ойлайсыздар?

Авторы: Ясмин Маметалиева “Наша шкодная семья”

Әңгіменің түпнұсқасы: https://daktilmag.kz/60/children/yasmin-mametalieva/nasha-shkodnaya-semya/1133

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Ерасыл Тыныбек, SDU университеті, Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті.

13
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *