Өз жетістігіне кедергі жасайтын ақылды адамдардың 5 түрі
Ақылдан келген қасірет — бұл өте нақты мәселе.
IQ тестінің тамаша ұпайлары және Кафканы түпнұсқада оқу мүмкіндігі әрқашан адамның табысты болатынына, жетістікке жететініне кепілдік бермейді. Кейде интеллекттің жоғары деңгейі психологиялық проблемалармен және психикалық бұзылулармен бірге жүруі мүмкін. Тіпті өте ақылды адамдар да кейде өз табыстарына кедергі келтіріп, өзін-өзі құртатын шешімдер қабылдайды. Интеллектуалдардың қандай түрлері осы жағдайға душар болуы мүмкін екенін атап көрейік.
1. Мазасыз
Зерттеулер көрсеткендей, IQ мен алаңдаушылық, мазасыздық бір-бірімен тығыз байланысты: IQ неғұрлым жоғары болса, мазасыздық қаупі соғұрлым жоғары болады.
Бір жағынан, алаңдауға, уайымдауға дағдыланған адам қиындықтарға жақсы дайындалады, өйткені ол үнемі миында ең нашар сценарийлерді қайталайды. Бірақ, басқа жағынан қарасақ, ол өзінің жағымсыз ойларымен басқаларға қарағанда жиі арпалысады, сондықтан әрекет ете алмайды және қателесуден қатты қорқады.
Сонымен қатар, алаңдаушылық, мазасыздық көп уақытты, психикалық және физикалық күшті қажет етеді. Адам өз мақсаттарына жетудің орнына, кенеттен бірдеңе дұрыс емес болып қала ма деп алаңдайды, өз сезімін талдайды және өзін-өзі жегідей жейді.
Ұйқысыздық, депрессия, бас ауруы туралы да ұмытпайық, олар жиі мазасыздық ауруымен бірге жүреді. Яғни табысқа жету үшін мүлдем қажет емес сезім.
Кейбір «диван мамандары» тәкаппарлықпен кеңес беруді ұнатады, бірақ басты мәселе сіз олар айтқандай жай ғана қабылдап, өзіңізді ширатуды тоқтата алмайсыз. Жалпы алғанда, алаңдаушылықты, мазасыздықты өз бетіңізбен жеңу, оны қабылдауға және оны жіберуге үйрену, тыныштандыру мен релаксацияның әртүрлі әдістерін меңгеру қиын болуы мүмкін. Мұны психотерапевтпен немесе тіпті психиатрмен жасаған дұрыс.
2. Сарқылған жас данышпан
Бұрынғы үздік студенттер және балалық шағында жақсы баға мен мақтау алған адамдар ересек өмірде жиі иллюзияларының быт-шыт болғанын көреді. Өскен вундеркиндтер өздерін бақытсыз сезінеді, олар өздерінің жетістіктеріне және өмірлерінің қалай өзгергеніне көңілі толмайды.
Оларға күйзеліске төтеп беру қиынға соғады, олар көбінесе басқалардан оқшауланады және не қалайтынын және онымен не істеу керектігін түсінбейді. Стэнфорд университетінің профессоры Льюис Турман бұл туралы 1926 жылы өзінің ауқымды зерттеуінде айтқан: жоғары интеллект өмірде сәттілікке кепілдік бермейді, ал «тым» ақылды адамдар көбінесе өз бақытын таба алмайды.
Біріншіден, жасы ұлғайған сайын дарынды балалар өздері сенгендей ерекше емес екенін түсінеді. Екіншіден, олар нағыз дүниенің сүйікті мектеп емес екенін, бұл жерде сені ешкім бүкіл сыныптың алдында мақтап, аттестат бермейтінін түсінеді. Үшіншіден, мұндай адамдарға үлкендердің және өздерінің балалық шағында қойған жоғары талаптары қысым жасайды. Нәтижесінде – абдырап қалу, шатасу, өзіне деген сенімсіздік, үміттерді ақтамаудан қорқу, сарқылу.
Мұндай жағдайда психотерапевтпен жұмыс істеу көмектеседі, сонымен қатар өзіңе анализ жасау және ешкім балалық шағында ұсынылған барлық талаптарды орындауға міндетті емес екенін мойындау және өмірінің соңына дейін үлгілі үздік студент болып қалу қажет емес екенін түсіну керек.
3. Жалғыздық
Зерттеулерге сәйкес, IQ деңгейі жоғары адамдар көп араласуға мәжбүр болса, өмірден аз ләззат алады және әдетте жалғыздықты жақсы көреді.
Кейде бұл мінездің қасиеті және интроверттіктің салдары. Кейде солай болады, өйткені адам неғұрлым ақылды болса, оған қызықты болатын тең деңгейдегі сұхбаттас табу қиынырақ.
Осындай жағдайлар пайдалы байланыстар орнатуды және қарым-қатынас құруды қиындатады. Сонымен қатар, өзін тым ақылды және ерекше деп санайтын адамға мансап құру және жалақысы төмен бастапқы лауазымдарды қабылдау кейде қиынға соғады.
4. Тәуекелшіл
Бір ғажабы, интеллектуал адамдар тәуекелге барады және асығыс шешім қабылдайды. Мұндай мінез-құлық көбінесе қаржылық жағдайға да, жалпы өмір сапасына да әсер ететін шығындарға әкеледі.
Сонымен қатар, осы тенденцияның әсерінен көптеген зиялылар үнемі жаңа тәжірибелер іздейді және өздерін кемшіліксіз адаммын деп санайды, сондықтан кейбіреулері есірткіні де татып көреді.
Табысқа жету үшін мұндай адамдар уақытында тоқтап, баяулауы маңызды және дамыған ақылы, өкінішке орай, әлі ешкімді мызғымас етіп жасамағанын есте ұстағандары жөн.
5. Өзіне тым сенімді
Ақылды адамдар ақпаратты тезірек сіңіріп, талдап, күрделі құбылыстар мен ұғымдардың түбіне жететіні анық. Бұл бала кезінен бері болып келе жатқандықтан, адам ақыр соңында тіпті ең көлемді тақырыпты тез түсінетініне немесе жаңа мәселені бірден шеше алатынына сенімді болады.
Шындығында бұл әрдайым осылай бола бермейді. Мұндай «данышпандар» өздері шеше алмайтын нәрселерді мойнына алады, соның салдарынан, мысалы, олар қажетсіз кеңестер береді, басқаларға қате ақпарат айтады және өз жұмысында кешірілмес қателіктер жібереді. Өзіңе деген шектен тыс сенімділікке бой алдырмау үшін үнемі өз білім деңгейіңді жетілдіріп, істеген ісіңе, айтқан сөзіңе сын көзбен қарап отыру керек. Жоғары білім туралы диплом да, ғылыми дәреже де, басқа регалия да қателер мен жаңылудан кепілдік бермейтінін есте ұстаған жөн. Тіпті дәрігерлер кейде екпенің зиянды екеніне сенеді, ал университет түлектері студенттерге қарағанда елестерге көбірек сенеді екен.