Бердібек Соқпақбаев: Ағаштар неге ашуланды?
Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арналған «Ағаштар неге ашуланды?» әңгімесін ұсынамыз.
«Ағаштар неге ашуланды?» әңгімесі
Жадырап көктем туды. Қар қауырт еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді.
Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.
Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Орман болса іргеде тиіп тұр. Көшеге ағаш отырғызып, әуреленудің керегі қанша деп ойлады ол. Бірақ жұрт бір кісідей жұмылып кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады. Өз кластарымен бірге тоғайға ол да барды. Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды.
Алмабек осымен істі тындыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсытып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.
Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар жапырақтары желкілдеп, бойлап есе бастады. Солардың арасында: Алмабек отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң тамырланып кете алмай, шөжіп шалажансар жұтап тұрды.
Орманнан өздерімен бірге әкеліп отырғызған басқа ағаштардың айнала жамырап, жайнап өсіп келе жатқанын көргенде, қуқыл тартқан ағаштар қапаланып, қайғыға батты. Ертелі-кеш самал желмен тербелген ормандағы кешегі еркін өмірлерін аңсап, бір біріне мұңын шағып жылады. «Бұл халде тұра берсек, біраз күнде тамырымыз суалып, құритын шығармыз», — деп уайым шекті.
Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. «Осындай да осындай. Алмабек дейтін бала алып барып отырғызған сіздердің туысқан шыбықтарыңыздың халі мүшкіл екен»,— деп, ол сыбдырлап бұталарға айтып еді. Ауыздарына сөз тұрмайтын бұталар оны сыбдыр қағыл талдарға, талдар қайыңдарға, қайыңдар дереу теректерге жеткізді. Сөйтіп, кен алқапты жалпағынан алып жатқан ну орман Алмабектің қылығын түгел естіді.
Бір күні Алмабек жолдастарымен бірге өзенге шомылуға келді. Олар шешініп те үлгермеп еді. Ауа райы күрт бұзылып, аспанды сірескен қара бұлт басып кетті. Азынап жел тұрды. Балалар сасқалақтап, үйлеріне қарай жүгіре жөнелісті.
Алмабек те жүгіріп келе жатыр еді. Ағаштың жыландай ысылдап майысқан бұтақтарының бірі кенет оның басынан кепкасын қағып, ұшырып түсірді. Ол жалт бұрылып, кепкасын ұстап алмақ болып еді, жолдастарынан адасып қалды. Ал кепка тоқтар емес. Ағаштың қалың ішіне қарай домалап барады. Алмабек әне жетем, міне, жетем деп, қуа берді. Балалар бұл кезде ұзап кетті.
Дәл сол уақытта адам айтса нанғысыз ғажап оқиға болды. Орман іші азан-қазан жаңғырып кетті. Түйе беліндей жуан бәйтерек майысып келіп, Алмабекті баса жаздап, жолына көлденеңдеп тосқауыл бола қалды. Алмабек қорыққанынан шыңғырып жіберіп, кейін қарай жалт берді. Сол кезде тұс — тұстан:
— Ә бәлем, Алмабек, қолымызға түстің бе? — деген ашулы дауыстар жамырап естілді.
Алмабекте ес қалмады. Ағашы аздау бір жермен жүгіріп өтпекші болып еді. Ұзын бір ақ қайың жапырақтары жалпылдап алдын тағы бөгей қалды. Алмабек кейін қарай жалт берді. Маңайдағы ағаштар су-су етіп, төніп келіп қалғанын көрді. Бірнеше солқылдақ көк шыбық жотадан шып-шып еткізіп, шарпып өтті.
— Сендерге мен не жаздым?! — деп, Алмабек жылап жіберді. Сол кезде төбесі көк тіреген көпті көріп, көп жасаған орман атасы кәрі еменнің гүжілдеген жуан даусы естілді.
— Сенің жазығың сол: біздің бірнеше жас шыбығымызды үйіңнің қасына отырғызбақ болып, қазып әкетіп едің, нағыз азап халге салып қойыпсың. Түбі босатылмай, қатып қалыпты. Тамыры суалып, құрып бара жатқан көрінеді. Осы қылығың адамшылыққа жата ма? Ағаштан көрген не жамандығың бар? Жайқалып өсіп тұрсақ қыстақтың көркі емеспіз бе? Жаздыгүні ми қайнатқан ыстықта саямызға паналайсың. Қыстыгүні азынаған бораннан қорғаймыз. Астыңдағы орындығың мен алдыңдағы столың, қалам-қағазыңа дейін — бәрі ағаштан істеледі. Үйіңе қабырға болып та қаланамыз. Сен осыны неге түсінбейсің, неге бағаламайсын? — деді қарт емен.
Істің мән-жайы Алмабекке әбден түсінікті болды.
— Кешіріңіздер. Кешіре көріңіздер! — деді Алмабек.
— Кешіруге болмайды, — деп, солқылдақ көк шыбық тағы да төніп қалып еді, қарт емен оны бұтағымен қағып тоқтатты.
— Жә, шошаңдамай тұра тұр. Бала сөзін айтып болсын, — деді.
— Кешіріңіздер. Мен отырғызған ағаштарымды бүгіннен бастап мәпелеп, күтуге уәде беремін,— деді Алмабек.
— Жарайды, — деді карт емен,— олай болса, бар үйіңе.
Ағаштар түзеліп, бойларын жазып, Алмабекке жол ашты.
Алмабек үйіне келді. Дереу күрек алып, ағаштардың түбін қопсытты. Арықтан су әкеп құйды. Құрт түспес үшін ағаш діңгегінің түп жағын әкпен ақтап қойды. Аз күнде ағаштар қайтадан жанданды. Күзге салым кәдімгідей жапырақтары жайқалып, жетіліп қалды.
Бұл үшін өзен бойындағы ну орман Алмабекке ризашылық білдіріп, ол келгенде саясын тосып, шаттана сыбдырласып тұратын болды.