Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін аударма жүйелері: олардың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері
Қазіргі таңда жасанды интеллект бағыты қарқынды дамып және тіл үйрену, қандай да бір тілді білмей қарым-қатынас орнату, түсінісуге тырысу жағдайларын жеңілдетіп қана қоймай, онлайн-аударма жүйелерін де жаңа деңгейге шығарып жатыр. Интернетті қолданушылар арасында кең тараған күнделікті қолданылатын бірнеше тегін аударма қызметтері бар: Google Translate, DeepL Translator, MyMemory, Wordvice AI Translator, MachineTranslation.com және ChatGPT. Әрқайсысының өз тарихы, артықшылығы мен қатар кемшілігі де бар.
Google Translate (translate.google.com ) – ең танымал және кең таралған жүйе. Ол 2006 жылы іске қосылып, бүгінде 130-дай тілді, соның ішінде қазақ тілін де қолдайды. Артықшылығы – аударуға ұсынылатын тілдер тізімі мол, таңдау көп, оған қоса жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады. Дегенмен күрделі, көркем немесе салалық мәтіндерді аударғанда қателер кездеседі, сондықтан тек қана автоматты аудармаға сенбей, оны оқып, редакциялау қажет. Ақысыз, тегін пайдаланасыз.
DeepL Translator (deepl.com/translator ) – 2017 жылы Германияда іске қосылған және қысқа мерзімде сапасы жоғары аудармаларымен танымал бола бастаған жүйе. Әсіресе ағылшын, неміс, француз, испан және басқа еуропа тілдерінде аударманы жоғары деңгейде және сенімдіжасайды дейді қолданушылар. Алайда DeepL жүйесінде қазақ тілі жоқ. Отыз күн ақысыз қолдануға болады, сонан соң ақылы нұсқасын алу керек.
MyMemory Translation (mymemory.translated.net) – үлкен параллель мәтіндер қорын пайдаланып жұмыс істейтін платформа. Қолданушылар өз аудармаларын қосып, қорды байытуға үлес қоса алады. Қазақ тілін қолдайды, бірақ сапасы айтарлықтай жақсы емес.
Wordvice AI Translator (wordvice.ai/ai-translator) – ғылыми және академиялық мәтіндермен жұмыс істеуге арналған құрал. Зерттеушілер мен студенттерге пайдалы мынадай мүмкіндіктер ұсынады: аудару, рефразалау, мәтін стилін түзету, қысқарту. Қазақ тілінде қызмет көрсетпейді,бірақ ағылшын тіліндегі күрделі мәтіндерді өңдеу кезінде жақсы нәтиже береді. Ақысыз да, ақылы да нұсқасы бар.
MachineTranslation.com (machinetranslation.com) – бірнеше машина аударма жүйелерін бір платформада жинақтап, пайдаланушыға әртүрлі нұсқаларды салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл сайт негізінен ағылшын және еуропа тілдерін қамтиды. Қазақ тілі бар, бірақ ұсынған мәтінін оқып, редакциялау керек. Бұл – ақылы ресурс.
ChatGPT (OpenAI) (chat.openai.com) – тілді терең түсінетін ірі тіл үлгілеріне негізделген әмбебап құрал. Қазақ тілін қолдайды және көркем, ғылыми немесе техникалық мәтіндерді мағыналық тұрғыдан жақсы аудара алады. Артықшылығы – мәтіннің контекстін және стильін сақтап аудару мүмкіндігі бар. Дегенмен аударылған мәтінді мұқият оқып, редакциялау қажет.
Жалпы алғанда, қазақ тілі үшін қазіргі таңда ең ыңғайлы құралдар – Google Translate пен ChatGPT. Біріншісі күнделікті тұрмыстық жағдайға қажет шағын мәтіндер мен мәтінді жылдамаударып, жалпы мағынасын түсіну үшін тиімді болса, екіншісі мағынаны сақтай отырып, күрделі мәтіндерді сапалырақ аудара алады.
01.10.2025 Дайындаған: Бақытгүл Салыхова
Bakytgul Salykhova
@bakytgulsalykhova