Маған қозының суретін салып беріңізші

Сізге «Маған қозының суретін салып беріңізші» деген тапсырма берілсе не істер едіңіз, қандай қозы саласыз? Жазбаны аяғына дейін оқымай осы сұраққа жауап беріп және қозының суретін салып көріңізші.

pen and paper

Сіздерге А.Окуневтің 1996 жылы жарық көрген «Оқытпай отырып оқыту» («Как учить не уча») кітабынан аударма ұсынғым келіп отыр. Бұл кітап маған қатты ұнайды, оқыған сайын бір қызық ойды, көзқарасты, күтпеген шешімді тауып аламын. Бүгін осы кітапты тағы бір рет ақтарып отырып мына бір жеріне тап болдым. Соны сіздерге аударып ұсынып отырмын.

Шеберхана: «Қазіргі мектептегі сабақ»

Қазіргі күннің сабағы аз оқытып, танымға көп көңіл бөле ме? Мүмкін, сабақта оқушылар жан-жақты білім алып, дағдылары мен шеберлігі шыңдалатын болар? Мүмкін, қазіргі күннің сабағы дегеніміз жаттығуы көп, теориясы аз болатын, немесе теориясы көп, ал жаттығуы аз болатын сабақ па?

Жалпы «САБАҚ» деген сөзді қалай түсінеміз? Мүмкін, қазіргі күннің сабағы бұл қазіргі түсініктегі сабақтың болмауы ма, яғни сабақ атрибуттарының болмауы: мұғалім, оқушы, сыныптағы оқушының отыратын белгіленген орны, баға, бағалау, жазалау, марапаттау.

Бұлардың бәрі болмаса, сонда не бар? Сұрақтар, сұрақтар, сұрақтар.

Бүгінгі шеберханадан кейін әрбіреуің мұғалім ретінде түбегейлі өзгересіздер, мүмкін тіпті тұлға ретінде де өзгерерсіздер. Өйткені бүгінгі белсенді ойлану, толғаныстар, мәселені шешудің жолдарын іздеу, мұғалім мен оқушының рөлі туралы пікірталастар сіздерге оқыту мен тәрбие берудің сіз бұған дейін ойламаған, көзіңізге елестете алмаған жолдарын табуға мүмкіндік береді. Сіз өзіңіз осы жолды табасыз.

Сонымен, бастайық.
I. Маған қозының суретін салып беріңізші.
Қатысушылар жеке парақтарға сурет сала бастайды. Әрине қатысушылардың біреуі сізге сөз жоқ «Мен істей алмаймын! Мен сурет сала алмаймын. Мен ешқашан сурет салған емеспін. Менің қолымнан келмейді.» деп айтады. Бірақ мен айтқанымнан қайтпаймын: «Өтінемін, мен үшін қозының суретін салып беріңізші!» Суретті салып болғандар өздеріне риза, олар маған суреттерін көрсетуге тырысады.
II. Мен суреттерге қараймын да: «Жоқ, бұл қозы тым арық. Басқасын салып беріңізші»,- деймін. Әріптестерім басқа қозыны сала бастайды, аяқтаған соң маған тағы да көрсетеді.
III. Мен суреттерге қарап: «Жоқ, бұл үлкен қой ғой» немесе «Мынау – қошқар ғой. Ал маған кішкентай, сүйкімді, ұзақ өмір сүретін қозы керек» ,- деймін.
Әріптестерім не дерлерін білмейді, олар толқып тұрғандықтарынан Экзюперидің жазған жолдарын естеріне түсіре алмай тұр.

«Менің қозымды салып беріңізші, менікін, менің көз алдыма елестеп тұрғанын. Ал сіз ылғи өзіңіздің қозыңызды саласыз. Ол өте жақсы, бірақ ол сіздікі, менікі емес.»

Әйтеуір бір кезде жиналғандардың біреуі тесіктері бар қорапты салатыны сөзсіз, сонда ғана барлығы «Кішкентай ханзаданы» естеріне түсіреді. Сонымен бірге барлығы мектепте де осылай екенін түсіне бастайды, яғни біз мектепте әр сабақта оқушыларға өз шешімдерімізді, өз таным жолымызды, өзіміздің теорияны оқу, үйрену жолын т.с.с. таңамыз, оны қабылдауға мәжбүрлейміз. Оқушыларды өз жолымен жүру мүмкіндігінен айырамыз.»

831
Share

От bilimpaz

4 комментария для “Маған қозының суретін салып беріңізші”
  1. Ең қорқыныштысы бұл мектептегі жағдай ғана емес, университетте кеңінен кездесетін жайт. Қызығы тек бізде емес, шетелдің кейбір оку орындарында да солай. Мысалға, Шотландиядағы бір мұғалім студенттеріне лекцияны қалай түсіндірсем тура солай маған экзаменде азып беріңдер деп талап қояды екен. Сұмдық қой, студенттері де магистратура оқып жүрген жастар.

  2. Иә, мұндай жағдайлардың кездесетіні өкінішті. Соны өзгертуге кішкене болса да үлесімді қосқым келеді. Мұғалімдер тек қана бағдарламаны өтемін, тақырыпқа сай жұмыс істеуім керек дегенді басшылыққа алмай, оқушы не үйренді, бірнәрсе үйренді ме, бұл оның дағдыларының қалыптасуына оң әсерін тигізде ме т.с.с. сияқты нәрселерді ойлап күшін соған бағыттаса екен.

  3. А.Окуневтің пікірінде шындық бар. Дегенмен, ол да жеке адамның пікірі. Мен онымен толық келісе алмаймын.Ол пікірді де біреуге таңушылық деп қабылдауға болады емес пе? 1996 жылдан бері талай идея, көзқарас түбірімен өзгерді. Өзінің айтқанын ғана қайталап беруді талап ететін мұғалім де бар, білім алушының пікіріне еркіндік беретін мұғалім де бар. Сабақта теорияны меңгерудің жолдарын, өз ой-тұжырымдарын жеткізу арқылы оқытушы білім алушыға бағыт береді деп ойлаймын.

  4. Кітапты толық оқып шығуға кеңес беремін. 1996 жылдан бері талай нәрсе өзгерген болар, бірақ білім саласында сондай үлкен өзгерістер болды деп айта қоюға болмас 🙂 Әсіресе сабақ беру стилінде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *