Оқырманның 10 түрі
Бірінші кітап басылып шыққаннан бері олардың форматы да, түрі де, мәтінді оқу тәсілдері де өзгерді. Әдебиет жаңа формаларға өтті, оқырмандардың да түрлері көбейді. Оқырманның қажеттіліктерін жақсы түсіну және кітап сүйер қауымның сұранысына мүмкіндігінше жақын кітаптарды ұсыну үшін оқырмандардың түрлерін білу керек. Оқырманның ең көп таралған 10 түрін қарастырайық.
Талғамсыз оқырман
Нақты әдеби сұраныстары жоқ оқырман: ол өзіне ұнағанын ғана оқиды. Мазмұны қысқа ма, мұқабасы қызықтырды ма, бірінші абзацы ұнап қалды ма, болды, ол кітапты оқуға алады. Кітапханада «қызық нәрсе» сұрайды. Кітап дүкенінде ол барлық бөлімді аралап шығады – оған кітапты нақты бір бөлімде іздеу маңызды емес. Көбінесе бір сәтте екі немесе одан да көп кітап оқиды.
Сала маманы
Қызығушылығы шектеулі оқырман. Мысалы, мұндай оқырман тек сиқыршылар туралы оқиды, немесе тек антиутопияларды таңдайды, француз авторларын немесе Агата Кристиден басқа ешкімді менсінбейді. Мұндай кітапқұмарлардың арасында өз тақырыбынан басқа әдебиетке тіптен көңіл аудармайтындары да табылады. Олардың кітап таңдауы шектеулі. Ал кейбіреулері белгілі бір салаға соншама құмар болғандықтан, ештеңені шектемей, соған байланысты барлық нәрсені оқуға дайын болады. Мұндай оқырмандар аса белсенділік танытып, кітап форумдары мен клубтардың қатысушыларына айналады.
Өте маңызды адам
Әдебиеттегі ақсүйек. Ол өзі «тек мәдениетті адамдар ғана оқуы керек» деп шешкен кітаптарды ғана оқиды. Тек классиктер, тек ұлы есімдер. Ешқашан көркем әдебиетке берілмейді. Кітапханаларда немесе букинист кітап дүкендерінде «сирек кездесетін нәрсені» іздейді. Кітап дүкеніне барғанда әдебиет классикасы мен коллекциялық басылымдар қойылған сөрелерден әріге кетпейді.
Трендтегі оқырман
Танымал жаңа басылымдарды жақсы көретін адам. Кез келген жаңа бестселлерді алып оқи беруге дайын.
Шала оқырман
Кітапты соңына дейін оқуға шыдамы жетпейтін оқырман. Әңгіменің басын қызығып оқи бастайды, ал ортасында жалығып кетеді. Бірден бірнеше шығарманы оқи бастап, сосын әңгіме желісін жоғалтып алды ма, кейіпкер ұнамады ма, кітап туралы ұмытып кетті ме – әйтеуір бәрінің соңына да жетпей, оқуды тастауы мүмкін.
Батыр шейіт
Ол ең қызықсыз кітапты да соңына дейін оқып шығады. Өйткені оқи бастаған кітапты соңына дейін жеткізу керек деп есептейді. Мұндай қылықтың себептері әртүрлі болуы мүмкін: кітапқа жұмсалған ақшаны аяйды, кітапты ұзақ уақыт бойы іздеуі мүмкін, біреуге осы кітапты оқуға және талқылауға уәде берген болар, мүмкін әрі қарай қызықты болатын шығар деп ойлайды.
Киносүйер
Сіз көптеген шығармалардың кинематографиялық форматта қайта басылатынын байқаған шығарсыз. Кітаптың кинобейімделулері шыққаннан кейін кітап дүкендерінде мұқабасында басты рөлдерді орындаушы әртістер бейнеленген басылымдар пайда бола бастайды. Бұл жұрт қызығушылығын мойындау ғана емес. Кино немесе телешоуды көргеннен кейін, олардың түпнұсқасы болған кітаптарға қызығатын оқырмандардың бір түрі бар.
Дастанды жақсы көруші
Көп томдық дастандарды, сиквелдерді, приквелдерді және басқа да ұзаққа жалғасқан кітаптар жинағын жақсы көретін оқырман. Телехикая түсіруге жететін көлемдегі кітаптарды ұнатады. Егер ол көптен күткен кітаптың екінші томын алса, таңға дейін ұйықтамай оқи алады.
Шыдамсыз оқырман
Бұл оқырманды шығарманың егжей-тегжейі қызықтырмайды, ол кісі өлтірушінің, басты зұлым кейіпкердің кім екенін бірден білуі керек. Жаңа кітапты қолына алған соң, ол, ең алдымен, жарқын сәттерді көзбен шолып өтіп, оқиға түйініне бірден көшеді. Кейбіреулер үшін бұл шығарма желісін жіте түсінуге көмектеседі, оқиға қалай аяқталатынын біле отырып, олар кітапты басынан бастап сабырлы түрде оқи бастайды.
Дзен оқырман
Кітапты оқу барысымен толық үйлесімділікке қол жеткізген оқырманның мінсіз түрі. Талғамы жан-жақты, қызығушылығы кең, кітапты таңдауда белгілі бір мақсатты ұстанады. Ол жанр, тақырыппен шектелмей, кітаптан ләззат алу үшін оқиды. Жаңа басылымдарды қызығушылықпен ашады, бірақ өзінің сүйікті шығармаларына қайта оралуды да ұмытпайды.
Бұған қоса оқырмандар қағаз кітаптардың жақтастары, электронды форматты ұнататындар мен аудиокітапты сүйетіндер болып та бөлінеді.
Оқырманнның қандай түрі болмасын, оларды бір-бірімен кітап арқылы ғана кіруге болатын әдеби әлемге деген қызығушылық біріктіреді. Ал сіз өзіңіз оқырманның қай түріне жатасыз? Пікіріңізбен бөлісіңіз.
Дайындаған Бақытжан Салихов