Смартфонды жылдам қуаттаудың 9 әдісі

Гаджет сөнгісі келіп, сізге қызыл батарея белгісін көрсетіп, еске салып жатыр ма? Ал сіздің қуаттауға тіпті де уақытыңыз жоқ. Онда мына келтірілген кеңестерге құлақ асыңыз.

1. Смартфонды өшіріңіз

Смартфоныңызды өшіріңіз, сонан соң қуат көзіне қосыңыз. Сонда құрылғы аккумулятор қуатын қолданбай, тез қуатталады. Бұл қуаттаудың ең қарапайым және оңай жолы. Ең бастысы телефон сөніп тұрғанда, ішіңіз пысып кетпейтіндей ермек тауып алу.

2. Құрылғыны ұшу режиміне қойыңыз

Мобильді желіге қосылу, сондай-ақ Wi-Fi мен Bluetooth аккумулятордың қуатын тез тауысады. Қандай да бір себеппен смартфонды өшіре алмасаңыз, онда оны ұшу режиміне қойыңыз. Сонда аккумуляторға түсетін жүктеме азаяды.

3. Ойын ойнамаңыз және видео көрмеңіз

Ойын ойнау мен видео көру энергияны көп қажет ететін әрекеттер. Керемет графикасы бар қызықты ойынға кіріп кеткенде, гаджет қуаты көзді ашып жұмғанша тез таусылып қалады, тіпті оны қуат көзіне қосып қойсаңыз да. Сондықтан қуатты үнемдеу маңызды болған жағдайда ойын ойнап немесе кино көруге болмайды.

4. Жылдам зарядтау функциясы бар кабельді пайдаланыңыз

Қазіргі заманғы смартфондардың көпшілігі жылдам зарядтау функциясымен немесе Quick Charge-бен жабдықталған. Ол былай жұмыс істейді: арнайы адаптер аккумуляторға кернеу мен амперді көбірек алуға мүмкіндік береді, сондықтан ол тезірек қуатталады.

Смартфоныңыздың техникалық сипаттамаларын тексеріп, оның жылдам зарядтауды қолдайтын-қолдамайтынын тексеріңіз. Жауабыңыз «Иә» болса, техникалық сипаттамада Quick Charge деп жазылған арнайы қуаттағышты сатып алыңыз. Немесе смартфонмен бірге сатылған кабель осындай рөл атқаратынын тексеріңіз.

Бірақ жедел зарядтау сыйымдылықтың белгілі бір пайызына дейін ғана мүмкін екенін есте ұстаңыз, кейін ол аккумуляторды қызып кетуден сақтау үшін баяулайды.

5. USB порт емес, қабырғадағы тоқты қолданыңыз

Компьютердің USB порты немесе автокөліктегі қуаттандырғыш қабырғадағы розеткаға қарағанда аз қуат береді. Сондықтан смартфон да баяу қуатталады. Энергияны барынша тез алу үшін, құрылғыны тікелей розеткаға қосыңыз.

6. Сымсыз қуаттаудан гөрі кабель жақсырақ

Сымсыз қуаттау – асықпай  смартфонды қойып, оны толық қуатталған күйде алғыңыз келсе ғана өте ыңғайлы. Бірақ мүмкіндігінше тезірек қуаттау керек болғанда, сым арқылы электр желісіне қосылсаңыз дұрысырақ.

7. Синхрондау мүмкіндігін өшіріңіз

Егер қоластыңызда тоқ немесе пауэрбанк болмай, тек компьютер ғана болса, онда USB порты арқылы қуаттауға тура келеді. Бірақ бұл жағдайда да процесті жеделдетуге болады. Ол үшін кабельді қосқаннан кейін «Тек қуаттау» режимін таңдаңыз. Смартфонға файлдарды тасымалдай алмайсыз, бірақ батареяны зарядтау сәл жылдамдатылады.

8. Смартфонды қатты қыздырмаңыз және шамадан тыс салқындатпаңыз

Қызып кету немесе салқындау кезінде аккумулятор баяу қуатталады және қуатын тез жоғалтады. Жалпы алғанда, жылу мен суық батареяның қызмет етуіне теріс әсер етеді. Смартфонды қалыпты бөлме температурасында ұстау керек.

Сондықтан құрылғыны суық жерге немесе, керісінше, күн қатты түсіп тұрған жерге, мысалы, терезе алдына қоймаңыз. Егер бөлме ыстық болса, ең болмаса құрылғының қабын шешіңіз.

9. Тек сапалы қуаттағыштарды қолданыңыз

Смартфонды өндіруші ұсынған және құрылғымен бірге сатылған кабель арқылы қуаттау дұрыс болар еді. Бірақ  егер сіз түпнұсқа қуаттағышты жоғалтып алсаңыз, онда бірінші көзге түскенін сатып алғаннан гөрі, қайта тапсырыс берген дұрыс.

Смартфоныңыз, мысалы, досыңыздан алған қуаттағыштан гөрі, жоғары сапалы кабельден жылдам қуаттанатынын байқаған шығарсыз.

Дайындаған Бақытгүл Салыхова

484
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *