Тәуелсіздік күніне арналған әндер
Көк тудың желбірегені
Көк тудың желбірегені —
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені —
жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
жан емес,
маған керегі-
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені-
елдіктің асқақ өлеңі,
әр жаққа тартпай, Қазағым,
бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені —
бақыттың елжірегені,
қиырда қалған Қазақтың
Азат отанға жете алмай
көзінің мөлдірегені.
МЕНІҢ ЕЛІМ
10917
Тәуелсіздік қарты
Зер сал өмір парқына,
Бір кездегі нартұлға
Шөгіп қапты, апыр-ай,
Бөз жейделі қартың да.
Заманның жоқ тұрағы,
Жалаң уағда ұраны;
Қарттың еңкіш кеудесі —
Жазмыштың сұрағы.
Аштық деген мыстанға,
Ақыреттік қыстарға
Атқылаудан сарбазда
Ақырғы бір тіс қалған.
Сөзбен айтса сенгісіз,
Көпке сыры белгісіз
Бұл жампоздың көргені
Кей көсемге бергісіз.
Сыншыл зейін бейнесі,
Таңба толы зердесі-
Хатталмаған шындық пен
Жалғандықтың пердесі.
Қарайды қарт айнала,
Тағы ұран қайда да;
«Алға» деген бағдарлар
Боп жүрмесін айдала?
Даңғаза топ кісілер,
Дақпыртын кім түсінер;
Дана ойлы жауабын —
«Бір алланың» ісі дер.
Шапан қылған шинелін,
Шалды оңай демегін —
Талай басқан атамыз
Бодандықтың кемерін.
Жеткен рухтың маңызы,
Ақиқаты, аңызы,
Тани білсең сол қартты —
Тәуелсіздік рәмізі.
Өзденбаев Жанбай, 2016