Авторы: Нұрсұлтан Сарбай

Қазақ тіліне аударған: Айша Расылхан 

Шаяндар

Мамырдың ортасы еді. Біз солтүстікте тұрсақ та, ауа-райы жылы болатын — жиырма градус шамасында. Мектептен кейін достарыммен не істерімізді білмей, көлге қарай бет алдық. Біз бесеуміз: Тасбек, Костик, Әлішер, Дармен және мен. 

Кешқұрым күн көкжиекке батып бара жатыр, ал көлдің жасыл суы қызыл түске боялған. Көрініс соншалықты керемет еді, су емес, қыздырылған темір тәрелке сияқты көрінді.

Тасбек Константинге аяқкиімінің суретін көрсетіп:

— Мынау қандай аяқкиім? — деп сұрады.

— Сапасы төмен. Бірақ «Джордан» сияқты. Эксклюзив, — деп жауап берді Костик.

— Фу, — деді Әлішер, — түкке тұрмайды.

— Киімге соншалықты мән берудің не керегі бар? — деп Әлішер Константинді ашуландыруға тырысты. — Жапсырмалардың бәрін кесіп тастау керек, сонда адамдарға бәрібір болады. Джордан, Найк… бәрі бірдей.

— Баскетболда аяқкиім маңызды, — деп жауап берді Константин, өйткені ол баскетболға қызығатын. — Қауіпсіздік пен ауа кіріп тұру маңызы осыған байланысты.

— Ол өтірік. Бұл тек бизнес, жарнама.

— Қазір бәрі бизнес, — деді Костик.

Тасбек, Дармен, мен үшеуіміз олардың айтысын үнсіз тыңдап отырдық. Костик пен Әлішер сөз таластыра берді. Мен бұл дауды тоқтату үшін сөзге араластым.

— Мен спортпен айналысқым келеді.

— Неге? — деп сұрады Әлішер.

— Өйткені бұрынғыдай болғым келмейді. Қазірден бастап өзімді қолға алмасам, ешқашан өзгермеймін.

— Ол өзін жақсартқысы келеді, — деп қостады Константин.

Әлішер мырс етіп:

— Спортпен тек ақымақтар мен мүгедектер айналысады, — деді.

Мен Әлішерге қарап:

— Сонда сенің сүйікті Инессаң сені байқамайтынына таң қаласың ба? Бұлшық етің бар болса, бәлкім, ол саған көңіл аударар еді, — дедім.

Сол кезде Әлішер мені ойландырып тастаған ой айтты:

— Егер менің жан дүнием қызық болмаса, сырт келбетім неге маңызды болмақ? — деді ол.

Дананың көңілін аудару үшін, спортпен шұғылдануды ойлағанмын. Бірақ, егер менің ішкі әлемім оны қызықтырмаса, онда сырт келбетім де қызықтырмайтын шығар.

Сол кезде Костик ашуланып:

— Бәрің де құрып кетіңдерші, арық немелер. Сен не,  Дәрмен не, Тасяға не жоқ!?  Мен де, Нура да денемізді шынықтыруға тырысып жүрміз ғой.

— Біз шаян сияқтымыз, — деді Дәрмен. — Бір-бірімізді төменге тартамыз. Алға жылжуға мүмкіндік бермейміз.

Күн қызарып, көлдің тереңіне батып бара жатты. Жүрегімдегі Данамен бірге болу үміті де дәл солай суға батқандай еді.

Кенет бізге жақындап келе жатқан таныс дауысты естідім. Бұрылып қарасам, Дана мен Бексат екен. Олар бізді байқап қалып, бізге қарай беттеді.

Мен абыржып, ойымдағыны айта алмай, телефонды қалтамнан суырып алып:

— Достар, жарыс өткізейік! Кім ұзаққа жүзсе, сол жеңеді! — деп айқайладым.

— Сен не, есің дұрыс па? — деп сұрады Тасбек. — Мынау Копа ғой!

— Ол жақта бомждар жуынатын, — деп қосты Костик.

Бірақ мен оларды естіген жоқпын. Мен суға секіріп, бар күшімді салып жүзе бастадым. Бар ойым — Данадан алыстау.

Авторы: Нұрсұлтан Сарбай “Крабы”

Әңгіменің түпнұсқасы:

https://daktilmag.kz/13/children/nursultan-sarbai/rasskazy-kraby-vstrecha/133

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Расылхан Айша, SDU университетінің педагогика жане Гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті

116
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *