Шотландияға сапарым: 1-күн

Сәрсенбі 17 қыркүйек күні Алматыдан Лондонға, одан әрі қарай Лондоннан Глазгоға ұшқан болатынмын. Екі ұшақтың арасы бір сағат еді, соны ұйымдастырушыларға айтып билетті кішкене кешірек уақытқа жылжытқаным жақсы болыпты, Хитроу әуежайында ұшақтан түсіп әртүрлі кедендік басқа да бақылаулардан өткенше, әртүрлі кезекте тұрып біраз уақытым кетті.

Шегініс: Алматы әуежайында отырғанда «ешбір таныс адамның кездеспеуі мүмкін емес қой» деп отырғанда бұрын Хейлибери мектебінде істегенде жоғары сыныптарда оқыған бір оқушы ұл бала мен қызды көріп қалдым. Олар өсіп, студент болғандары көрініп тұр, ұл баланы алыстан көрген соң көп адамның ішінде таппай қалдық, ал Жәмиләні көргенде, мәз болдым, мектепте жақсы оқып, керемет сурет салатын, сөйтсе Шотландиядағы Хериот Уотт университетіне оқуға түсіпті, киім дизайны бойынша оқып жатыр.

Лондон әуежайында: Сөйтіп Хитроудың о жақ, бұ жағына шығып жүріп, қажет жерімізге де жеттік. Енді қай «gate»ке баратынымызды мына таблодан көрсетілуін күтіп отырмыз. Глазго ұшағы он төрт минутқа кешігеді.

IMG_1567

 

Содан әйтеуір ұшаққа да отырдық, отыз минутқа кеш ұштық, бір кезде терезеден қарасам, ұшақтар жайлап бірінің артынан бірі жылжып келе жатыр, ұшақтардың кептелісі деп осыны айтатын болар:

IMG_1570

 

Глазго әуежайынан қонақ үйге дейін такси аламын деп алдын ала жоспарлап қойған болатынмын, жүргізуші мен баратын жерді білмейтін болып шықты, бірақ бір құрылғысына мекенжайды жазып жолды тауып алып орнынан жылжып кетті, такси дегенім мини автобус сияқты, іші кең. Бір кезде жан жағыма қарап отырсам, заң бойынша белдік тағуыңыз керек деген жазуға көзім түсіп кетті, бірден белдікті тағып алдым.

IMG_1577 IMG_1580

 

Бөлмеге орналасқаннан кейін, айналаны барлап келейін деп далаға шықтым. Бесінші авеню көшесімен оңға қарай бұрылып жүрсем, бұл көше тып тыныш шағын үйлері бар көше екен, ойбай, бұлардың дүкендері қайда, мен қаланың бір шетіннен қонақ үй алғанмын ба деп біраз жүрдім, сол көшемен төмен қарай қайта түстім. Қонақ үйге кірмей ары қарай жүргенім дұрыс болыпты, Great Western Road деген үлкен көше бар екен, сол көшенің оң жақ, сол жағында шағын дүкендер, әр түрлі шағын фирмалар, кафелер бар екен. Шүкір дедім. Бір дүкенге кіріп су сатып алдым, 1 л бағасы £1,90 екен, теңгеге ауыстырса шамамен 600 теңге болғаны ма деп басымды шайқап кері қайттым.

Ертең тәуелсіз ел болыға арнлған референдум болады, қаланың дайындығы күшті, тәуелсіздікті қолдайтындар терезелеріне Иә деген сөзді жапсырып қояды екен, ал қарсылары жоқ, рақмет дейді екен.

IMG_1593

IMG_1592

КЕҢЕСТЕР:

  1. Шетелге кем дегенде үш айға немесе одан да көп уақытқа шықсаңыз, алдын ала бәрін ойластырып, тұратын жеріңізді сайлап, таныс адамдарды тауып немесе сол жақта оқып, жұмыс істеп жатқан адамдармен алдын ала байланысып алыңыз.
  2. «Көп зат алма, барған соң сатып аласың, ол жақта арзан» деген сияқты кеңестерді тыңдамаңыз, әсіресе жалғыз болсаңыз, көмектесетін ешкім болмаса қиналып қаласыз. PS: бұл кеңес кейбіреулерге пайдасыз болуы мүмкін 🙂
  3. Сүйікті кесеңізді, қасық, шанышқыңызды, сүлгіңізді алып жүргеніңіз дұрыс болар 🙂 Қазақ «Бір күн жолға шықсаң, үш күндік азығыңды ал» деп бекер айтпаған ғой. Мүмкін болса, бұзылмайтын тамақ алып алсаңыз болады (шоколад, кәмпит, бір-екі алма, печенье, тоқаш, шай, қант т.с.с.) Әсіресе бірінші күндері көп көмегі тиеді. PS: Жәмилә (студент) менен кішкентай болса да, әрі бері көп жүретін болған соң, пысық болып бәліш пісіріп алыпты, алмасы тағы бар. Сатып алған қымбат дейді, осылай алып жүреді екен.
  4. Мүмкіндігінше баратын еліңіздің валютасын алғаныңыз дұрыс. Баратын еліңіздің ақшасы паунд болса, ал сіз доллар алып алсаңыз, қай жерде ауыстырамын деп тағы басыңыз  қатады 🙂
  5. Алдын ала телефон, байланыс қалай болатынын, тарифін біліп алыңыз.
  6. Автобус, метро, пойыз сияқты жол қатынасын да зерттеп алуыңыз қажет.
  7. Ең бастысы оптимист болыңыз, бір кезде абдырап, не істеріңізді білмей қалсаңыз, «бәрі жақсы болады, шешілмейтін мәселе жоқ» деп өзіңізді жұбатып алыңыз 🙂 Өзіңізге сеніңіз, шынымен бәрі жақсы болады, ешнәрседен қорықпаңыз.

17.09.2014

Глазго, Шотландия

 

522
Share

От bilimpaz

2 комментария для “Шотландияға сапарым: 1-күн”
  1. ))) көп зат алма деген мен едім, бір жақсылап ұрсқан шығарсын мені ішіңнен№ Өз басым еш қиналмадым тамақ болсын, киім болсын, сотка болсын.. бәрі түсінікті сияқты еді.. сосын саған да солай кеңес бергем. Кешір..

    суды моррисонс немесе лидл деген дүкендерден алсаң, 60p ала аласың. Шағын дүкендерде Алматыда да заттар қымбатқа сатылады ғой

    1. Olai emes, senen de basqa adamdar sondai kenes berdi goi 🙂 Ol narse magan bailanisry bolip tyr goi, men tyratyn paterdi tez tayip almagan son, al zhymisim bastalyp ketti, sodan goi aityp zhatqanim. Keibireuler tez yirenesi, keibireulerge biraz yaqyt kerek. Menin aitpagim oz zattaryn tygel bolsa, bir problemaga azyraq bolady 🙂

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *