Шотландияға сапарым: 14-күн

Бүгін сейсенбі, жұмыс таңертеңгі тоғыз жарымда басталады, бес жарымға дейін, бірақ қалып жұмыс істей беруге болады. Бүгін сондай күн болды, Жұмыста алтыға дейін отырып істедім, өйткені берілген тапсырманы аяғына дейін болмаса да, ашылған файлды толық бітіріп кетейін деп ойладым.

Сонымен үйден тоғызға он бес қалғанда шығып, жұмысқа жаяу жол тарттым, күнде жаяу жүремін ғой негізі. Мен үйреншікті, бірақ аздап ұзақ жолды таңдап жүрмін, неге өйтетінімді әлі түсінбедім. Жай асықпай жүремін, сондықтан тез жете алмайтын сияқтымын, бір кезде саябақпен келе жатсам, жұмыста істейтін бір қызымыз велосипедімен зу ете шыққаны, бір бірімізді танып сәлемдесіп үлгердік. Бұл жақта велесипед айдайтындар көп, олар қорықпай машина жүретін жолмен жүре береді, өйткені оларға да машина айдайтындардың ережесімен жүруіне болады. Міне бүгін осында жүргеніме он төрт күн болды, әлі бірде бір рет авария, біреуді басып кету, қағып кетуғ велосипедшімен соқтығысып қалу деген сияқты ешқандай жол апатын көрген жоқпын.

Жұмысқа бес минут кешігіп келдім, әркім өз жұмысымен айналысып жатыр, мен де барып топ етіп орныма отыра қойдым.

Сөйтіп жұмысыма кірісіп кеттім, видеолардың қазақша мәтінін тексеруді елдегі әріптестерім сұраған болатын, соны қарап отырдым. Бір кезде Люси келіп, өткенде сөйлесемін деп едің маған сұрақтарың болса қой деді, онымен бір екі сағаттан кейін кездесетін болдық, шамамен қоятын сұрақтарымды айтып жібердім.

Сөйтіп видеоларды қарап, аудармадағы аз-маз қателерді, пікір ретінде қалдырып, гуглдокпен елдегі әріптестеріммен бөлісіп отырмын. Негізі интернет керемет нәрсе ғой, уақыттың айырмашылығы болғаны болмаса, хат алмасып, жұмысыңды онлайн орындай беруге болады.

Сонымен Люсимен сөйлесіп, пікір алмасып, тәжірибе бөлістік. Ол ТикТак деп аталатын жобамен айналысып жатыр екен, мұғалімдермен байланысады, мазмұнын жөндейді, мұғалімдерге онлайн ресурстарды қалай қолдануға болатынын тұсіндіреді, сұрақтарына жауап береді, т.с.с. толып жатқан жұмыстар.

Онымен бола бердік деген кезде Стив келді, ол Твигбрауз жобасымен айналысады. Менің электрондық адресімді алып, біраздан кейін жобаны түсіндіретін болды және маған орындауға тапсырма береді.

Сонымен бүгінгі күн жалпы Твиг кеңсесіндегі ішкі пошта жүйесінің джмейлге ауысуымен де ерекшеленді. Алдында осыны ескерткен хат жіберген болатын, электрондық адресіміз @twig-world.com, бірақ джмейл арқылы қолданамыз. Соған ішкі поштамызды тіркеудің жолдарын Стив келіп түсіндірді, ананы бас, мынаны бас, мына жерді толтыр деп отырып әйтеуір бәрін істеп тастадым, бірақ ішкі пошта ашылмады. Маңызды емес, кейін жөндеп береді деді.

Қайтадан жобамызға қайтып, Стив твигбрауз туралы айта бастады, бұл твиг ресурстарының айпадқа арналған нұсқасы, жалпы неден тұратынын түсіндіріп өтті, әр тақырыптың құрылымы, неден тұратыны, сонан кейін менің істейтін жұмысыма келдік. Барлық қызметкерлер қолданатын ортақ файлдар бар екен, соған кіргізіп, файлдармен таныстырды. Әр тақырптың мазмұныны, қызықты ақпараттарынан кейін, тест бар екен, сол тестің әр сұрағына сәйкес келетін сурет тауып қоюым керек, сонымен бірге суретті алатын жерде суретке бір таңбасын басамын, және кодын көшіріп алып файлға жазамын.

Кеңсеміз британдық суретер қорын қолданады екен, оған тіркеліп, қалай сурет табу, көшіру жолдарын көрсетті. Ал енді өзің істеп көр деді де, Стив өз жұмысына оралды.

Сонымен басталды дейсің. Суретті таңдау үшін алдымен тақырыпқа байланысты видеоны көріп алуың керек, қажет болса фильмдегі тірек сөздерді жазып аласың немесе есіңе сақтайсың, кейін сол сөздерге байланысты тақырыпқа сай сурет іздейсің.

Қызық жұмыс, бәрі ағылшынша болған соң кейбір терминдерді қайталап, кейбіреуін жаттап, кейбір тақырыптар бойынша білімімді кеңейтіп жақсы болып қалдым.

Глазго, Шотландия

сейсенбі, 30.09.2014

508
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *