Авторы: Ясмина Ерулан

Қазақ тіліне аударған: Темірбек Дариға

Қорқынышты қамал

Күн батқан шақта британдық ескі қамалдың іші қорқынышты болып кететін. Ел аузында жүрген әңгімеге сенсек, онда кірген әрбір жан аман шықпаған деседі. Жоғалған кісілерді іздеп кірген құтқарушылар да жоғалып кете берген. Сол себепті, бұл қамалға енді ешкімнің кіруге батылы жетпейтін.

Бірақ күндердің күні, Алиса Банжоли дүниеге келіп, ер жетіп, жасы он үшке толғанда, ақыры сол қамалға кіруге бел байлайды. Ол, әрине, қатты қорқады, алайда қорқынышынан қызығушылығы әлдеқайда басым еді. Алиса үйінен шыға сала, қамалға қарай беттейді. Бірақ жақындаған сайын үрейі арта берді, ал қамал есігінің алдына келгенде, әлдебір белгісіз қызығушылық қамалға одан сайын тарта түседі. Бір кезде қайтадан қорқып кетіп, артқа қашпақ болып еді, дәл сол мезетте есік аяқ астынан ашылып, кішкентай қыз ішке қарай құлап кетеді.

Қамал іші дымқыл, лас әрі өте қорқынышты еді: қабырғаларын өрмекші торы басқан, бір жерден су да тамшылап тұр. Айнала қараңғы болғасын, Алиса бәрін көре алмайды, бірақ жоғарыға көтерілетін баспалдақтарды байқап қалады. Тіпті екінші қабаттағы екі есікті де, олардың арасынан ойылған үшбұрыш ойықты да көзі шалады, ал ойық ішінде тұғыр, тұғыр үстінде адамның бас сүйегі жатқанын да көреді. 

Алиса айналасын бір шолып шығып, есікті қаға бастайды. Бар ойы – мына қорқынышты қамалдан тезірек шығып кету. Есік тұтқасын ары жұлқылайды, бері жұлқылайды – түк те шықпайды. Алиса аяғының ұшын сескене басып, екінші қабатқа көтеріледі де, сол жақ тұстағы есікке кіреді. Есік артында тіреуіш тұр. Тіреуіште “Әкімшілік” деген жазуы бар тақтайша ілулі, сол тіреуіш артында вампирге ұқсаған біреу тұр екен.

Алиса қорқыңқырай:

– С-с-сәлеметсіз бе? – дейді.

Әлгі кісі:

– Сәлеметпіз, сізге не керек? – деп сұрайды.

– Шығатын есікті іздеп жүр едім.

– Ана жақта, – дейді де, темір есікті көрсетеді.

Алиса есікті ашып, қараңғы жерден бір шығады. Қайдан пайда болағаны белгісіз – зомбилер атып шықпасы бар ма?! Алисаның жүрегі тас төбесіне шығып, темір есікті қайта ашпаққа ұмтылып еді, есік ашылмады. Ашуға тырысқанынан ештеңе шықпасын түсінген Алиса айналаға көз жүгіртіп, шығатын басқа есікті іздей бастайды. Бағы бар екен – тағы бір есік көзіне түседі. Асыға басып есікке жетіп барады, бірақ жолы тағы болмайды… Себебі, бұл есік те жабық екен.

Сол сәтте аяқ астынан әлдебір нәрсе жылт етіп, аяғын сипап өткендей болады, төмен қараса – тышқан екен! Алиса тышқандардан өлердей қорқатын, сондықтан жанұшыра айғайлап, кері шегініп, өзіне жақындап қалған зомбиге қарай жүгіреді де, қорыққаннан оның үстіне секіріп мініп алады. Дәл сол сәтте көзі әлденеге түседі, сөйтсе тышқанның арқасында бір кілт жатыр! 

Алиса бар қорқынышын жеңіп, тез еңкейіп, кілтті шап беріп жұлып алады да, содан соң есікке қарай тұра жүгіреді, құлыпқа кілтті салып, бұрап жібереді – дәл сол мезетте зомби оны ұстауға ұмтылған еді…

ПА-БАХ!!!

Алиса есікті жұлқып ашқанда, байқамай зомбидің маңдайынан бір ұрады. Содан соң қарсы алдындағы бөлмеге қарай зымырай жөнеледі. Бірақ бөлмеге кірген сәтте жүрісі баяулай береді, өйткені бұл қарапайым грим бөлмесі сияқты еді. Дәл сол кезде оған бір бейтаныс адам жақындап келіп:

– Қалай, квест ұнады ма? – дейді.

– Бұл квест болғаны ма?– деп таңырқай сұрайды Алиса. 

Ол айналасына қарап, әртістерді байқайды, ал олардың арасынан маңдайы ісіп кеткен зомбиді көргенде, таңданысы екі есе артады.

Бір кезде Алиса:

– Сонда сарайға кіргендердің бәрі қайда кеткен? – деп сұрайды Алиса.

– Олар осында әртіс болып істейді, – деді бейтаныс адам.

– Ал сіз кімсіз?

– Мен осы квесттің директорымын, есімім – Алексей.

– А-а, онда сау болыңыз! – деді де, Алиса сарайдан қуанып шығып кетті.

Содан бері жұрт бұл қамалға көңілді квест ойнау үшін келетін болды.

Авторы: Ясмина Ерулан “Жуткий замок”

Әңгіменің түпнұсқасы: https://daktilmag.kz/56/children/yasmina-erulan/zhutkiy-zamok/1045

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған: Темірбек Дариға, SDU университеті, Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті.

18
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *