Ұрпақтар теориясы

Қазіргі таңда кеңінен қолданылып жүрген «ұрпақтар теориясының» негізін қалаған Уильям Штраус пен Нейл Хоув. Олар ұрпақтардың ерекшелігі мен айырмашылығын зерттеп қана қоймай, түрлі ұрпақтар ұстанатын құндылықтардың өзгеше болатыны және оларды тудыратын себептерге, атап айтқанда, саяси-әлеуметтік жағдайларға, қоғамның техникалық даму деңгейіне және сол заманның маңызды оқиғаларына тоқталады. Олардың 1991 жылы «Ұрпақтар» («Generations») атты кітабы жарық көрген.

Бұл кітапта АҚШ тарихы 1584 жылдан бастап түрлі ұрпақтар өмірбаяны ретінде сипатталады. Ал 1997 жылы шыққан «Төртінші өзгеріс» («The Fourth Turning») кітабында аттары аталған авторлар ұрпақтар теориясын жал­ғас­­тырып, АҚШ тарихындағы қай­та­ланатын мінез-құлық моделдері туралы жазады.

Авторлар бір ұрпаққа шамамен 20 жыл аралығында дүниеге келген адамдарды топтастырады, сонда бір ұрпақты белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүру, ортақ көзқарас, мінез-құлық, ұқсас қылықтар іспетті факторлар біріктіреді.

Тарихта әр 20 жыл аралығында дүниеге келген ұрпақтың өзіне тән атауы мен еркешеліктері бар екені айтылады.

1943-1963 жылдар аралығында дүниеге келген «Бэби-бум» ұрпағы.

1963-1983 жылдар аралығы – «Х ұрпағы».

1983-2003 жылдар аралығы – «Y ұрпағы».

2003 жылдан кейін дүниеге келгендер «Z ұрпағы».

Ал 2010 жылдан кейін туғандарды альфа (А) ұрпағы дейтіндер де бар. Яғни осыған дейінгі бөлінулердің бәрін жаңартып, яғни нөлге теңеп, қайтадан санай бастауға болады дегендей пікір.

Егер адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жыл десек, онда оның өмірі 20 жылдан тұратын 4 кезеңге бөлінеді: балалық шақ, жастық шақ, орта буын, кәрілік. Өмірінің әр кезеңінде адам басқа ұрпақтың өкіл­де­рімен кездесіп, араласып жатады, кей­бірінің арасында анық алшақ­тық болуы да, болмауы да мүмкін.

«Ұрпақтар теориясы» тек ағыл­шын-америкалық тарихқа негізделіп жа­салса да, дүние жүзінде танымал болып отыр. Зерттеушілер әлем елде­рінде ұрпақтардың ұстанатын құн­ды­лықтары бірдей деген қорытындыға келді. Дегенмен бұл теорияның қарсыластары да бар. Олардың басты келіспеушілігі бұл теория адамдар туралы жалпылама айтады, яғни олардың психологиялық ерекшелігін, темпераментін, жеке себептері мен сенімдерін, әлеуметтік басымдылықты ескермейді деп есептейді.

Бақытгүл САЛЫХОВА

3017
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *