Авторы: Даша Опаленчук 

Орыс тілінен аударған: Камила Ниетбаева

Анамыз үйде жоқ қой

Балалар бөлмесінде кішкентай Мәулен мен Ләйлә отыр. Алты жасар Мәулен жасына сай ойыншық көлікпен ойнап, Ләйлә сабағын қарап жатыр.

Ләйлә:

– Анашым! Есеп шығаруға көмектесші! – деп айқайлады. Алайда бөлмеге анасы емес, үлкен әпкесі Қалия келді.

– Анам дүкенге кетті, – деді ол шайнаңдап.

– Сабағымды қалай жасаймын? Қашан келеді?

Қалия телефонына бірдеңе жазып жатып: 

– Саған бәрібір емес пе? Істемесең, екі аласың, не бопты? – деді. 

«Екі аласың» дегеннен Ләйләнің қолы дірілдеп кетті.

– Екі? Екі алғым келмейді. Анам қайда? – деп айқайлай жөнелді.

Оқыс дауыстан Қалия селк етіп, телефонын құлатып алды.

– Сенің кесіріңнен телефонымды сындырып ала жаздадым! – деп сіңлісіне ұмтыла түсті. Мәулен болса орнынан тұрып, бөлмеден шығып кетті.

– Мына бала да сенен қашып кетті!

– Маған айқайлама! Анама айтып берем!

– Анам жоқ қой үйде! Сені құтқаратын да ешкім жоқ.

Сол сәтте Ләйлә бар даусымен жылай бастады.

– Не боп қалды? Анам жоқ болса, ештеңе істей алмайсың ба?

– Оған сенің темекі шегетініңді айтып берем!

– Солай ма? 16 жасқа толшы, көрермін өзіңді! – деп зілдене сөйледі.

– Неменеге қарайсың? Бес жасар бала сияқты айқайлайсың, 30 жасар адам құсап темекі шегесің.

– Үніңді өшір, титімдей бәле! – деп ақырды Қалия.

– Анам қашан келеді?

– Жылама, сәлден соң келеді.

– Сәлден соң дегенің қашан?

– Сәлден соң дегенді білмеймісің? 

Бұлар өзара қырқысып жатқанда, ас бөлмеден бір дыбыс естілді. Ләйлә мен Қалия бір мезетте сол жаққа қарай жүгірді. Құмыраның сынықтары мен мыжылған кәмпит орамаларының ортасында шоколадқа малынып отырған Мәуленді көрді.

– Жараланбадың ба? – деді Ләйлә.

– Жоға.

Інісін көтеріп жатып: – Мәулен, былықпай екенсің! – деді Қалия.

– Анама мазақтап, кекеткеніңді айтып берем! – деді Ләйлә.

Әпкесі көзін аларта қарады.

– Мәулентай, неге бұлай жасадың? – деді, ыбырсықтан баланы ары қойып жатып.

– Енді үйде анамыз жоқ қой, – деп ыржиды Мәулен.

Авторы: Даша Опаленчук «Мамы нет дома»

https://daktilmag.kz/50/children/dasha-opalenchuk/mamy-net-doma/874

Орыс тілінен аударған: Камила Ниетбаева, SDU университеті Гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар факультетінің 3-курс студенті 

35
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *