Екатерина Шульман: онлайн білім туралы

Саясаттанушы Екатерина Шульман «РБК Тренды» үшін Светлана Миронюкке берген сұхбатында: «Мен мына парадоксқа назар аударғым келеді: цифрландыру мен кедейшілік арасында таңғаларлық байланыс бар. Қашықтан оқыту форматы пайда болғанда ол ең жаңа, прогрессив және жоғары технологиялық сауаты бар, дамыған, қаржылық жағынан қамтамасыз етілген және озық тәжірибелер мен технологияларды қабылдауға дайын адамдарға ғана қолжетімді болатын.   Ал ол күнделікті жүйелі тәжірибеге ене бастағанда, мынадай нәрсе анықталды: бай және әл-ауқаты жақсы адамдар бұрынғы жақсы қалыптасқан оффлайн әлемде қалып, ал кедейлерге қашықтан оқытылатын суррогат сатыла бастайды. Мен, әрине, қашықтан білім берудің барлығын суррогат деп айтпаймын. Бұл электрмен жарықтандыру балауыз шамдарға қарағанда екінші дәрежелі дегенмен бірдей, дегенмен соңғысы қымбатырақ екені анық. Бірақ лекцияны қарапайым түрдегі видежазбаға аудару –  онлайн оқыту емес.

Онлайнға көшу ЖООларда шоғырлануға бейім провинцияның интеллигенциясына зиян тигізуі мүмкін. Өңірдегі, аймақтағы жоғары оқу орны жай ғана мектеп түлектерінің оқитын орны емес, ол шын мәнінде ғылымның ғибадатханасы, ағартушылықтың  шамшырағы. Мен өзім провинциядан шыққанмын, мен бұл ортаны жақсы білемін және ең алдымен соларға алаңдаймын. Елдердің астаналарында баруға болатын жерлер көп, ал басқа кішірек қалаларда ондай әртүрлі жерлер, таңдау жоқ.

ЖООлардың мектептерден айырмашылығы – адамдар ол жерге өз еркімен және біраз іріктеуден кейін келеді. Сондықтан, ол жерде білімнің қандай да бір саласына қызыққан адамдардың шынымен ерекше қоғамдастығы қалыптасады. Адамның өркениетті тіршілік иесі болып қалыптасуы үшін қарым-қатынас қажет. Кейін ғылыммен айналыспасаңыз да, қандай да бір саланың зерттеушісі болмасаңыз да, зияткерлік қызығушылығы бар адамдармен сөйлесу маңызды.

Сіз университетте физикалық тұрғыда болуыңыз керек, оның ішінде жас адам өз отбасынан бөлініп, ата-анасының баласы ретінде өзінің үйдегі рөлінен шығып, өзін басқа әлеуметтік кеңістікте сынап көруі керек. Онлайн білім мұндай мүмкіндікті бермейді, тіпті біз «сөйлейтін бас» форматынан алшақтап, білімді ұсынудың әртүрлі формаларын ойлап тапсақ та. Онлайн сабақтарды қаншалықты әртараптандырсаңыз да, олар әлі де білімнің әлеуметтік бөлігін қамтымайды.

Сырттай онлайн білім беру саласына адамдар көбірек тартылады деп болжануда, ал күндізгі оқытуға қол жеткізу қиындайды. Бұл жақсы үрдіс емес, өйткені университеттердің маңызды рөлдерінің бірі – әлеуметтік лифт функциясы. Үздік студенттер кейін міндетті түрде ел өмірін айқындайтындар қатарына енеді. Белгілі бір университеттердің студенттері ер жеткенде басшылық қызметте болады және шешім қабылдау процесіне, соның ішінде саяси мәселелерге де араласады.

Жаңа буын өкілдері керемет екені сөзсіз. Кәсіби деңгейі жоғары мұғалімдер мен оқытушылардың бәрі өз оқушылары мен студенттеріне дән риза. Ең алдымен, олардың коммуникатив дағдылары, өз ойын қалай жеткізетіндігі, әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстауы көзге түседі. Соның ішінде жас адам үшін ыңғайсыз сәттер де бар: оларға келісім бермегенде немесе бірдеңе үшін ұрысып жатқанда. Олардың өз қажеттіліктерін айта алуы мен басқалардың шекараларын құрметтеу тәсілі таңқалдырады. Бұл жаңа ұрпақ адамдарының басында туғаннан қандай да бір қолданбалы психология курсы орнатылған сияқты. Ал мұғалімдер, ұстаздар студенттеріне шағымданса, олардың негізгі координаттары жоқ болғанына, біз «әлемнің ғылыми бейнесі» деп атайтын түсініксіз келетіндеріне шағымданады. Жастар биліктің үш тармағы бар екенін білмейді, олардың не үшін қажет екенін де түсінбейтіні анықталған. Тарих туралы білетіндері аз. Хронология жоқ бастарында. Мені бәрінен де азаптайтыны – олардың орыс тілін білмеуі. Сауаттылықтың төмендеуі емес, сөз білмеуі, лексикалық құрамның жұқаруы. Өздерінің ойларын жеткізуде мағынасы сәйкес келмейтін сөздерді қолдану. Канцеляр стилі мен ауызекі тілді, жаргонды араластырулары. Ешнәрсені білдірмейтін таяқшадағы қант мақасы сияқты бұралған мағынасыз сөздер мен сөз тіркестерінің үлкен саны. Мен орыс тілін бірінші курстарға, мүмкін бүкіл бакалавр дәрежесіне пән ретінде енгізер едім: диктанттар мен мазмұндамалар жаздырар едім. Студенттерді ана тілінде сөйлеп, жазуға үйрету керек, осылайша артық сөзі жоқ, нақты мағынасы бар тұжырымдарды айта алатындай үйрету керек.

Орысшадан аударған Бақытгүл Салыхова

4161
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *