Есімдерді есте сақтау: 5 тексерілген әдіс

Есімдерді есте сақтау үшін кем дегенде 5 тексерілген әдіс білуіңіз керек.

Таныс адамды кездестіріп, оның есімін еске түсіре алмаған жағдайлар болып тұрды ма? Немесе жаңада танысқан адамның жанында отырып оның аты кім екенін ұмытып қалғаныңыз есіңізде ме?

Мұндай жағдай кез келген жерде болуы мүмкін, сондықтан есімдерді есте сақтаудың жолдарын біліп жүргеніңіз абзал.

Есте сақтау қабілеті жас ұлғайған сайын нашарлайды. Орта және егде жастағы адамдардың шамамен 85 пайызы таныстарының есімдерін ұмытып қалады екен. Алайда, адам атын ұмыту тек кәрілерге тән деп есептеу қателік, көптеген жастар да осындай кемшілікті басынан кешіреді.

Адам атын ұмытудың себептері

Бұл құбылысты оңай түсіндіруге болады. Біз біреуді бірінші рет кездестіргенде, біздің назарымыз көптеген факторларға бөлінеді –  адамның бет-әлпетіне, сыртқы келбетіне, дауысына, сөйлеу мәнеріне, ым-ишарасына және оны қоршаған ортаға да көңіл бөлінеді. Ақпараттың шамадан тыс көп болуы және біздің назарымыздың жан-жаққа шашырауы алдымызда тұрған адамның есімін есте сақтай алмайтынымызға әкеледі.

Адамның есімін есте сақтау маңызды

Егер сіз біреудің назарын өзіңізге аударғыңыз келсе, мұны істеудің ең оңай жолы –  оны атын атап шақыру. Зерттеулер көрсеткендей, тіпті шулы бөлмеде де біреу біздің атымызды айтса, біздің миымыздың жұмысы белсендірек болады. Сондықтан көптеген ықпалды көшбасшылар есімдерге үлкен мән береді және оларды барынша пайдалануға тырысады. Мұның әсерін тексеру оңай: өз есімін естіген кезде өзінің ұмыт қалмағанын білу әркімге қуаныш сыйлайды деп ойлаймыз. Керісінше, атыңызды ұмытып қалған адамдар сіздің жағымсыз сезімдеріңізді оятады.

Есімдерді қалай есте сақтауға болады?

The Power of Presence: Unlock Your Potential to Influence and Engage Others (Қатысу күші: басқаларға әсер ету және өзіңізге тарту мүмкіндігін ашыңыз) кітабының авторы, кәсіби жаттықтырушы және спикер Кристи Хеджес адамдардың атын  ұмытып қалудан біржола арылудың бірнеше тексерілген жолын ұсынады.

Кездестің бе,  қайтала

Біреудің атын естігенде, бас изеп, әңгімені жалғастырып қана қоймай, ол есімді әңгімеңізге қосу немесе жаңа танысыңыздан бірдеңе туралы сұрау арқылы сол есімді қайталаңыз. Мысалы, сіздің жаңа досыңыздың аты Асқар болса, сіз: «Сәлеметсіз бе, Асқар, танысқаныма қуаныштымын» деп айта аласыз немесе оған «Асқар, IT саласында қанша уақыт істейсіз?» деген сұрақты қоюға болады.

Сөйлесу барысында адамның атын  қолдануға тырысыңыз, бірақ оны асыра пайдаланбаңыз немесе оны жиі қайталамаңыз. Сондай-ақ қоштасу кезінде сөздеріңізге адамның есімін қосыңыз және ол адамның бейнесі мен есімін есте сақтау үшін әңгімелесушінің бетіне қараңыз.

Адам есімін жазып алыңыз

Доктор Гари Смолл, психиатр және есте сақтау саласын зерттеу бойынша сарапшы, адамнан өз атын жазуды сұрауды ұсынады, әсіресе оның аты өте ерекше немесе сирек болған жағдайда. Бұл әдіс сізде көру арқылы есте сақтау қабілеті жақсы дамыған болса тиімді. Сонымен қатар сіз адамның визиткасын сұрап, онымен әңгімелескен кезде оның атын оқи аласыз. Бұл сіздің жадыңызда адам мен оның есімінің көрінісі арасындағы байланысты құрастырады.

Кездесуден кейін бірден өз контактілеріңізге адамның атын және ол туралы негізгі ақпаратты жазыңыз. Осылайша сіз барлық маңызды мәліметтерді сақтап, керек кезде оңай еске түсіресіз. Сіз адам туралы жеке ақпаратты да, оның сыртқы түрінің ерекшеліктерін немесе соңғы әңгіменің тақырыбын да жазып қоя аласыз.

Ассоциацияларды қолданыңыз

Көптеген сарапшылар жаңа есімді естіген сәтте өз қиялыңызда ассоциация жасау үшін сөз байланысын немесе белгілі бір көрініс құруға кеңес береді. Бұл адам туралы білетін кез келген дерек болуы мүмкін – оның хоббиі, қызмет саласы, тұрғылықты жері және т.б.

Вивиан Чжан Дейл Карнеги курсынан алған осы кеңестің мысалын келтіреді:

Адамның есіміне ұқсайтын суреттерді елестетіп, олар туралы білетін басқа деректермен салыстырыңыз. Егер сіз Бразилиядан Лаура есімді біреуді кездестірсеңіз, оның Амазонка өзенінде басына лавр гүлтәжін киіп жүзіп жүргенін  елестетіңіз.

Байланыс жасаңыз

Есімдерді жаттаудың тағы бір жолы –  адамды өзіңіз жақсы білетін аттас басқа адаммен байланыстыру. Мысалы, досыңызбен немесе туысыңызбен.

Кристи Хедж бұл әдісті 15 адам қатысқан тренингтердің бірінде үйренген екен. Жаттықтырушы қатысушылардың әрқайсысымен сәлемдескеннен кейін топты қайта аралап өтіп, олардың әрқайсысының аты-жөнін бірде-бір қатесіз атаған екен. Ол мұндай нәтижеге жету үшін қарапайым техниканы қолданған – ол әрбір адамды атақты адаммен (немесе оған белгілі адаммен) байланыстырған. Мысалы, Райан есімді адамды атақты актер Райан Гослингпен байланыстырды. Алғашында бұл ауыр болып көрінуі мүмкін, бірақ тәжірибе арқылы сіз адамдар арасында осындай байланыстарды лезде құруды және олардың есімдерін есте сақтауды үйренесіз.

Көңіл бөліңіз

Көптеген психологтар мен есте сақтау саласындағы мамандар адам есімдерін ұмытып кетудің негізгі себептерінің бірі — біз оған көңіл бөлмей, зейінімізді  айналамызды қоршап тұрған басқа заттарға аударатынымызда деп санайды. Әлемдегі ең көпшіл адамдардың бірі Кит Ферразци:  “Егер сіз кездестірген адамдарға мұқият болып, олардың есімін есте сақтау туралы саналы шешім қабылдасаңыз, сіз мұны бірден әлдеқайда жақсы жасай бастайсыз.” – дейді.

Дайындаған Бақытжан Салихов

142
Share

от bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *