Жүгірумен айналысудың 6 себебі
Осы демалыста, яғни 26 қыркүйекте, Алматыда тағы да бір марафон өтті, жай ғана марафон емес 10-марафон. Соңғы он жылда жыл сайын жүгіруді жақсы көретіндерді бір жерге жинайтын керемет шара.
Осындай жүгіру шаралар жиі өткізіліп тұратынына қарамастан көптеген адам жүгірудің неге керек екенін білмейтіндіктен, осы спорт түрімен айналысқысы келмейді. Шынында да, таң атпай жылы төсектен тұрып, ыстық күнге немесе суыққа, әлде жаңбырға қарамай жүгіруге шығудың мәні неде екенін түсінбейтіндер көп. Ал біз сіздерге жүгірумен айналысудың неге маңызды екенін айтып беруге тырысайық.
Жүгіру – медитациямен бірдей
Үлкен қаланың өмір ырғағы өте тез, күнделікті жұмыстармен айналысып жүріп өзіңіз туралы ойланып, ой жинауға уақыт та табылмайды. Таңертеңгі жүгіру — өміріңізді сараптап ойлану үшін таптырмас уақыт. Бұл кезде өткенге ой жүгіртіп, болашаққа жоспар құруға болады.
Жүгіру – денсаулық
Бұл тұжырым дәлелді қажет етпейді.
Жаттығулар мен жүгірудің пайдалы әсері туралы кітаптар мен ғылыми еңбектер көптеп жазылған, сондықтан біз жаңалық ашып отырған жоқпыз. Жүгіру біздің дененің әрбір жасушасына пайдалы әсер етеді: жүрек-қан тамырлары жүйесін, тірек-қимыл аппаратын, тыныс алу жүйесін нығайту, метаболизмді қалыпқа келтіру сияқты пайдалы әсері бар. Бұған компьютермен немесе басқа да бір орында көп отырып жұмыс істейтін адамдар ерекше назар аударуы керек. Сіз үшін жүгіру күнделікті дағдыға айналуы керек. Егер сіз өмір сүргіңіз келсе – жүгіріңіз.
Жүгіру – сіздің ерік күшігіздің көрсеткіші
Біз үнемі жүгірудің денсаулыққа пайдасы туралы естиміз, бірақ бұл іс-әрекеттің психологиялық аспектілері туралы сирек айтамыз. Бұлшық еттердің өсуі немесе салмақтың азаюна қарағанда, жүгірудің ең құнды нәтижесі бар: ол – еркіңіз бен күш-жігеріңізді нығайту. Сіз өзіңізді таңертең ерте тұруға мәжбүрлейсіз, жаңбыр мен суыққа шыдайсыз, әбден шаршасаңыз да соңғы километрлерді жүгіріп өтесіз – бұл мінезді қалыптастырып және рухыңызды күшейтеді. Ал мұндай қасиет сізге кез келген уақытта, кез келген жерде пайдалы болатыны сөзсіз. СІЗ, басқаларға қарағанда, ӨЗ қалағаныңызды жасай аласыз!
Жүгіру – сұлулық
Дені сау, денесі жинақы адамның семіз адамға қарағанда әдемі екеніне ешкім күмәнданбайды. Жүгіру – салмақ азайтудың тамаша құралы. Сіздің салмағыңыз қалыпты, ал жаттығу залына күнде барып жүрсеңіз де, өз күн тәртібіңізге жүгіруді қорықпай қосуға болады, өйткені өкпе көлемінің ұлғаюының әсерінен кеудеңіз бірнеше сантиметрге өседі. Бұл қыздарға да пайдалы болатыны сөзсіз 🙂 .
Бикештердің есіне: жүгіру – сұлулық салонынан артық, ол табиғи тазарудың керемет рәсімі десек те болады. Тер бөлінген кезде, тері тесіктері сырттан емес, іштен тазарады, олар зат алмасуының жақсаруымен бірге қартаюға қарсы керемет нәтиже береді.
Жүгіру бір ғанибет!
Жүгіру әрқашан бір ғанибет деп айтатындарға сенбеңіз. Негізінде бұл өте ауыр жұмыс, сіздің денеңіз қарсылық көрсетіп, қабылдамай, кейде тіпті “ереуілге” шығады.
Алайда, күндердің бір күнінде құлағыңыздағы әуен жүгіру ырғағыңызбен ерекше сәйкес келгенде, атқан таңның сәулесі ағаш арасынан күлімдегенде, жаныңыз жайланып, бір рахатқа батып қаласыз. Әрине бұл өте көпке созылмайды, сонда да тағы да бір жүгіруге себеп бола алады.
Жүгіру – арзан және қол жетімді
Жүгіру әркімнің қолы жететін, ең демократиялық спорт түрі десек те болады. Сіз кез келген жаста және кез келген денсаулық деңгейіңізбен жүгіру жаттығуларын бастай аласыз. Жүруге күшіңіз бар болса, жүгіруге де күшіңіз жетеді! Әрине, әр адамға жеке жаттығу тәртібі қажет және мұнда бастысы асығыстық танытпай, ұқыпты болу керек.
Жүгіру үшін сізге абонемент, күрделі жабдық немесе арнайы қымбат киім қажет емес. Сіз кез келген киімде, кез келген ауданда, кез келген ауа райында жүгіре аласыз. Сізге қажет жалғыз нәрсе – табаны жайлы аяқ киім мен жүгіруге деген ықыласыңыз.
Алға!
Жүгіріңіз, марафондарға қатысыңыз, өз денсаулығыңызды нығайтыңыз!