Кайзен – жұмыста табысқа жетудің жапондық жүйесі

Жапон кайзен философиясы ісіңізде тәртіпті сақтау үшін үнемі дамып отыру қажет деп үйретеді. Күнделікті бітірмеген жұмысты жинап, кейін жиналып қалған үлкен мәселелерді шешудің қажеті не? Жіберген қателер мен туындаған мәселелерді пайда болған сәтінде бірден түзеткен жақсы. Біз осы мақалада оқу үрдісін ұйымдастыруға көмектесетін және болашақта жұмыста пайдалы болатын шығыс даналығының принциптеріне шолу жасаймыз.

Қазақ тілінде мәселені қиын жағдайға дейін жеткізіп, содан кейін ғана оның салдарын шешу қабілетімізді сипаттайтын мақалдар бар. Мысалы, «Балық басы тасқа тимей қайтпайды». Адамдар бұл жағдайға күнделікті өмірде ғана емес, жұмыста, басқаруда да кеңінен тап болады.

Ал жапондықтардың көзқарасы өзгеше. Олардың пікірінше күн сайын кішкене, бірақ тұрақты жақсартуларды енгізген дұрыс. Осылайша, кемшіліктер уақытында түзетіледі де, мәселелер саны көбеймейді.

Жапондық кайзен сөзі «үнемі жетілдіру» дегенді білдіреді. Бұл басқару жүйесі жапон кәсіпорындарының әлемде көшбасшы орынға шығуына көмектесті. Кайзеннің тамаша үлгісін әлемдегі ең ірі автокөлік шығаратын кәсіпорындырдың бірі – Toyota көрсетеді.

Бұл әдісті бизнесте ғана емес, оқу мен жұмыста да пайдаланған тиімді. Кайзен бес элементтен тұрады: ұқыптылық, реттеу, тазалық, стандарттау, тәртіп.

Жапонша реттеу

Күнделікті өмірде үздіксіз жетілдіру принциптерін қолдану бойынша бірнеше практикалық кеңестерге көңіл аударыңыз.

Жұмыс үстелін ретке келтіріңіз. Бұл жиһазға ғана емес, сонымен қатар дербес компьютерге де қатысты. Заттарыңыз бен файлдарыңыз қай жерде жатқанын, қайда сақталатынын білсеңіз, жұмыс істеу оңайырақ болады.

Қайталанатын әрекеттерге нақты уақыт бөлуді ережеге айналдырыңыз. Егер сіз шұғыл хабарламаны күтпесеңіз, поштаңызды және әлеуметтік желілердегі арналарды белгіленген уақытта, таңертең немесе кешке тексеріңіз. Бұл ойыңызды жұмысқа шоғырландырып, үнемі басқа нәрсеге назар аудармауға көмектеседі. Күннің басты жаңалықтары ешқайда кетпейді, оларды кешкісін де оқуға болады ғой.

Маңызды істердің жасалу ретін дұрыс белгілеңіз: алдымен не істеу керек, кейінге не қалдыру керек екенін жете түсініңіз.

Күннің қай уақытында сіздің жұмыс қабілеттілігіңіз ең жақсы екені туралы ойланыңыз. Кейбіреулер таңертең жігерлі, ал басқалары түстен кейін «оянады». Егер сіз бірінші түрге жатсаңыз, маңызды істерді сағат 12-13:00 дейін жоспарлаңыз, бұл уақытта сіз күшке толы боласыз. Егер таңертең сіркеңіз су көтермесе, күрделі тапсырмаларды 8:00-ден бастап орындауға мәжбүрлеудің пайдасы жоқ. Күннің бірінші жартысына көңіл бөліп, ой жүгіртіп жұмыс істеуді қажет етпейтін қарапайым сұрақтарды қалдырыңыз.

Кез келген мақсатқа ауқымды түрде жету керек деп ойламаңыз. Барлығын бірден жасаудың қажеті жоқ; жұмысты біртіндеп жақсарту керек.

Бюджеттік шешімдерді табуға тырысыңыз. Шешімін табудан гөрі оны сатып алу оңай сияқты болып көрінген кезде, өзіңізге әрдайым «ақшаны жұмсау керек пе, мүмкін қолда бар нәрсе жеткілікті болар?» деген сұрақтартарды қойған пайдалы.

Ұжым болып жұмыс жасаңыз. Топтық күш-жігер жалғыз адам тырысқанға қарағанда жақсырақ нәтиже бере алады.

Жұмыс аяқталғаннан кейін жұмыс орнын тазалаңыз. Келесі күні іздегеніңізді таппай, уақыт жоғалтпайсыз.

Болашақта жұмыс процестерін дұрыс ұйымдастыру үшін оқу кезінде кайзен принциптерін қолдануға тырысыңыз.

Кайзен философиясы ұнап, ол туралы көбірек білгіңіз келсе, мына кітапты оқуға кеңес береміз: Масаки Имай «Кайзен. Жапон компанияларының табыс кілті» (Масаки Имай «Кайдзен. Ключ к успеху японских компаний»).

410
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *