Майкл Грегер «Өлмеудің жолы (How not to die)»

«Ас – адамның арқауы» екені сөзсіз. Астың пайдасы мен зияны, беретін күші мен энергиясы, адамды бақытты қыла алу мүмкіндігі туралы көп еститін боларсыз.  Қазақ тілінде мұндай кітаптар көп емес. Әсіресе, ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, зерттеу мен тәжірибе нәтижелеріне сүйеніп жазылған кітаптар. Дегенмен қай тілде оқысақ та, кітап туралы ойымды жаза отырайын.

Сонымен дәрігер Майкл Грегердің «Өлмеудің жолы (How not to die)» деген кітабын оқысаңыз тағамға, жал­пы өмір сүру салтыңызға деген көзқарасыңыз тү­бегейлі болмаса да, біраз өзгерері сөзсіз.

Майкл Грегердің осы кітабын оқып отырып, мемлекеттің тамақтану саласында да өз саясаты, белгілі бір ұстанымдары болуы керек­тігіне көзім жетті. Халыққа саламатты өмір салтын ұстануды, дұрыс тамақтануды насихат­тау­ды жан-жақты жүргізу өте маңызды. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам кем дегенде күніне сегіз мың қадам жасауы керек, оған қоса күніне кем дегенде 400 гр жеміс пен көкөніс жеу керек, ал қабылданатын тұз бес грамнан аспауы керек деген кеңес береді. Бұл ақпаратты білгенімізбен түрлі себептермен кеңеске құлақ асуға мүмкіндік болмайды немесе аса мән бермейміз.

Майкл Грегер – танымал дәрігер. Ол кітабында адамдардың жиі ауыратын он бес ауруын сипаттайды және осы аурулардың алдын алу үшін адам қалай тамақтануы керек екеніне тоқталады. Дәрігердің атап өткен ауруларының ішінде жүрек, өкпе, бау­ыр, бүйрек аурулары, диабет, гипертония, қатерлі ісік, депрессия мен Паркинсон ауру­ы да бар. Ауруды тамақ мөлшері мен тү­рін өзгерту, оған қоса дене шынықтыру жат­тығуларын қосу арқылы жеңуге болады де­генге сенесіз бе? Кітапты оқып болған соң, се­не бастайсыз.

Тамақ ішу әдебін өзгерту аурудың алдын алып қана қоймайды, оған қоса кейбір ауру­дың әрі қарай дамымай тоқтауы үшін де сеп­тігін тигізеді екен. Бұл осы уақытқа дейін жүргізілген мыңдаған зерттеулер мен тәжі­ри­белердің нәтижесінде жасалған қорытынды. Мысалы, жеміс-жидекті аз жеудің салдарынан жылына бес миллион адам, ал тұзды өте көп пайдаланудан төрт миллион адам көз жұмады екен. Олар тұзды аз жейтін халық бар ма деп іздеу салып, Амазон джунглиінде мекендейтін яномамо тайпасын табады. Сөйтсе олар әлемдегі тұзды ең аз қолданатын халық екен. Әрине олардың «майға қуырылған картоп, ащы соустағы тауық қанаттары» деген сияқ­ты тамақтарды жемейтіні, арақ-шарапты іш­пей­тіні де айтылған. Бұл тайпаның адамдары ешқашан гипертониямен ауырмаған.

Ғалымдар неге бар мәселе тұзда деп шешкен? Оған көптеген мысалдар келтіреді. Соның бірі, 1940 жылдары Кемпер деген дәрі­гер күріш және жеміс-жидек диетасын ұста­тып, пациенттерінің жоғарғы қан қысы­мын төмендеткен, яғни тұзсыз диета және май мен ақуызы аз өсімдік диетасын ұстатқан. Сөйт­іп көп адамның өмірін сақтап қалған. Ол кезде әлі қан қысымын төмендететін дәрілер ойлап табылмағанын айта кетейік. Осы кітапты оқығанға дейін тұзды шамадан тыс көп қолдану қан қысымын көтеретінін білмеген екенмін. Ал сіз ше? Автордың деректері бойынша, адам тұзды көбінесе ірімшік (сыр) арқылы алады, балалар мен жасөспірімдер үшін ең көп тұз пицца арқылы келсе, елуден асқандарға – нан, ал 20 мен 50 жас аралығындағы адамдар үшін тауық екен.

«Тұзды, майлы, тәтті тағамнан қалай бас тартуға болады?» деген сұраққа дәрігер бір-екі аптаға осы тағамнан бас тартыңыз, сонда сіздің дәм сезгіш рецепторларыңыз өзгере бастайды дейді. Ащы нәрсені жеуден бас тарту үшін негізгі үш нәрсе жасауды ұсынады. Тағамды дайындап жатқан кезде де, кейін де тұз қоспаңыз, үшіншіден, дайын немесе жартылай дайын тағамды қолданбаңыз. Тұзсыз тамақты көп адам жей алмайды. Сондықтан тұздың орнына сарымсақ, пияз, бұрыш сияқты дәмдеуіштерді қолдануға болады.

Кітап авторы спортпен шұғылдануға және көкөністер мен жеміс-жидектерді, бұр­шақ дақылдарын, жаңғақ-дән, жарма түрін, дә­рілік шөптер мен дәмдеуіштерді (жалбыз, қалампыр, ақжелкен, куркума, зығыр, сарым­сақ, зімбір т.с.с) күнделікті ас мәзіріне қосып отыруға кеңес береді.

Дұрыс тамақтану бағытында шығып жатқан басқа кітаптардан ерекшелігі – қай ауру неден туындайтынын және қандай азық-түлік қай аурудың алдын алуға көмектесетінін жете зерттеген. Оған қоса дәрігерлер мен ғалымдардың қорытындыларына қарамастан, тағам индус­трия­сының адам денсаулығына зиянды нәр­се­лерді әлі де шығарып, жарнамалап, сатып жа­туының себептеріне тоқталып өтеді. Әрине бұл зерттеулердің бәрі АҚШ-та және басқа елдерде өткізілген ғой дерсіздер. Бірақ одан мәселе өзгермейтінін айтқым келеді. Өйткені біз – әлемнің бір бөлігіміз. Балаларымыз бен жасөспірімдеріміз қалада күнде самса, пицца немесе дөнер, қуырылған картоп, көп мөлшерде нан немесе кока-кола сияқты өнімдерді де көп ішіп-жейді. Сондықтан ақылмен таразылайық. Не тұтынып, балаларға не беріп жатқанымызды сараптайық. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген кеңесті ұмытпайық. Денсаулық – зор байлық, оны сақтау өз қолымызда.

Бақытгүл САЛЫХОВА

183
Share

от bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *