21 маусым күні жаңалықтардан (https://informburo.kz) мақаланы оқып қалдым.

Сіз де солай ойлайсыз ба? Мектепке дайындық ата-ананың міндеті ме?

Жалпы мектепке дейінгі жастағы баланың білуі керек нәрсесі өте көп, соның ішінде төмендегі сұрақтарға жауап бере алуы керек: «Сенің атың кім? (фамилияң, ата-анаңның аты-жөні). Сенің жасың нешеде? Қай қалада, қай көшеде тұрасың? Ата-анаң кім болып істейді? Олар жұмыста не істейді? Достарыңмен қандай ойындар ойнайсың? Апта күндерін, ай атауларын, жыл мезгілдерін, үй жануарларының төлдерін атау. Қандай мамандықтарды білесің? Жемістер мен көкөністерді, үй жануарлары мен жабайы жануарларды, ағаштар мен бұталарды, өсімдіктерді ажырату, 1-10 дейінгі сандарды білу, оған қоса өзі білетін тақпақ, ертегі, 6-8 сөйлемнен тұратын әңгіме айту. Ең бастысы бала «Сен оқығың келе ме? Оқу не үшін керек? Балалар мектепте не істейді?» деген сұрақтарға да жауап бере алуы керек.

Осы соңғы үш сұрақ баланың мектепке дайындығының көрінісі. Орысша оны «школьная зрелость» деп атайды. Осы түсінік үш аспекті қамтиды: интеллектуалды, эмоционалды және әлеуметтік. 

Интеллектуалды дайындық – ойлауы, сөйлеуі, зейіні, еске сақтауы, қабылдауы және қимылы қаншалықты дамығанының көрінісі. Бала бір іс-әрекетке 10-15 минуттан аса уақыт бойы назарын қоя ала ма? Тапсырманы бір айтқаннан тыңдап, түсініп, еске сақтай ала ма? Дыбыстарды анық айтып, өз жасына сәйкес сөздік қоры бар ма, өзі және қоршаған орта туралы білімі жеткілікті ме? 

Эмоционалды дайындық – баланың импульсивті әрекеті азырақ болып, өзінің жағымсыз эмоцияларын басқара алады (мысалы, бір нәрседен жеңіліп қалса, жеңілгенін қабылдай алады, ойынды ары қарай жалғастырады), ұзақ уақыт бойы тапсырманы, тіпті қызық емесін де орындайды.

Әлеуметтік дайындық – үлкендермен, өзімен жасты балалармен қарым-қатынас орнатады. Сонда ата-ана үйде баласына осының бәрін жасай ала ма? Мектепке бейімделу, икемделу (адаптация) – тіпті дайындығы жақсы және денсаулығы мықты балаға да оңай емес. Сондықтан ата-аналар үйде де баласын мектепке дайындай алады деп, міндетті ата-анаға ысырып қою дұрыс емес. Ата-ананың өзі де қалай дайындау керек екені туралы білмеуі мүмкін, оларға да көмек керек.

құрметпен,

Бақытгүл Салыхова

24.06.2019

473
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *